Өлеңдер ✍️
Жүрек сорлы....
Жүрек сорлы тыпыршиды, толғайды,
аманатын ақ қағазға жолдайды.
Біреу үшін атақ-қайғы, шен қайғы,
біреу үшін өмір – қайғы, жол – қайғы.
Сезім – қайғы...
Біреу үшін ән – қайғы,
әнсіз көңіл өртенбейді, жанбайды;
жалғыздықтың топанында тұншығып,
аққу-сезім көл мен көкті жалғайды.
Аққу-сезім... Менің жалқы күйімдей,
кезеді бір күзгі бақ пен үйімді ой;
бір-ақ келер тіршілікте қас-қағым
қиын қалай тірлік кешу күйінбей?!
Санадағы санаулы күн аз қандай?
Өмір сүру мүмкін емес назданбай?!
Күрсінесің күзгі баққа көз салып:
«Мамыр қандай? Әдемі еді жаз қандай?!»
Көркем еді Алатауым көктемде,
өрік, алма гүл шешегін төккенде.
Өкінесің...
Өкінгеннен не пайда?
Өртенесің қарап үнсіз өткенге.
Бұрыласың... Бұрылғанмен, жоқ қанат,
көз ұшында – жебе-сезім, шапқан ат.
Табиғаттың мінезіне налисың,
күзге мынау қойған сені ноқталап.
Әттең!
Әттең!
Ұшар кейін жоқ қанат...
қыркүйек, 1992 жыл.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter