Өлеңдер ✍️
ҚАЙЫҢДАР ҚУРАҒАН ЖЫЛ
Мен осы өзіммін бе?
Басқамын ба?
Пендемін бе жүрген құр бас қамында?
Жанымды мазалайды қайдағы ойлар,
жиі жасын ойнайды аспанымда.
Қара нөсер төгеді көктен құйып,
қара аспанның көңілі кеткен бе иіп?!
Жүрегім елеңдейді жиі-жиі,
найзағайлы ғарышым неткен биік?!
Сол биіктен келеді ғажайып үн,
тіршіліктің өңгеріп наз, айыбын.
Ұзақ болып көрінер ғұмырымның
күндерінің қарашы азаюын.
Тірлік-арба...
Шыға алмай тертесінен,
көк аспанның тамардай шер төсінен.
Көсіле алмай келемін...
Әттең!
Шіркін!
Тар кезеңнің кеп-келте көрпесінен.
Шырқап жетпей кеудемнің қиырға әні,
досқа естілмей жүректін жиі ұрғаны;
орта жолда болар ма тұралауға,
тағдырымның бар шығар бұйырғаны?!.
Махаббаттың ойнатып жиі ұшқынын,
өмір барда сол үшін сүйіс, күнім.
Ақын болып армансыз өртенуге
таусылғанша талқаным тиістімін.
қыркүйек, 1992 жыл.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter