Өлеңдер ✍️
ШИРЫҒУ
(Азаттық толғауы)
Мен Махамбет емеспін,
сен Махамбет емессің...
Болу қолдан келмеді,
көшіп жүрген елеспін,
көшіп жүрген елессің...
Емдей алмай «ентіккен»
кеудедегі «жөтелді»,
жыр жазылмай – ет өлді,
жүректегі от өлді,
тұрар тұста тұра алмай,
ұрар тұста ұра алмай,
жүректерде тұншықты
туа шөккір жыр, Алла-ай,
томағалы қырандай!..
Жанар тұста жана алмай,
санаттыға – саналмай,
кеудені мұз қапқаны-ай,
«жан берісіп, жан алмай»!..
Сен Махамбет емессің,
Мен Махамбет емеспін...
Ой шегіне тірелді,
көкіректе жыр өлді,
қашып жүрген елессің,
қашып жүрген елеспін;
Еңку-еңку жер шалып,
төскейінде белестің
ерттей алмай күреңді,
сарғайып сана, жыр өлді,
көмейге бұршақ тірелді,
жалында қилы заманның;
көзінде милы ғаламның
елім талай ірелді,
бір тіріліп, бір өлді,
тағдыры жарға тірелді,
сана талай күрелді...
Мен Махамбет емеспін,
Сен Махамбет емессің...
Өзегімде – өгей үн,
өтті-кетті елес күн.
Сергелдең қып сезімді,
ширықтырып төзімді,
ой мен сана тұсалып,
көкіректе көз ілді;
көлбең-көлбең көшті күн,
жүректерді тесті мұң,
еңіреген «елім» деп,
«кең сахара – жерім» деп
арыстардың дауысын
кештеу, әттең, естідім...
кеш жетіліп, теңестім
өзгелердің асылын
«өз асылым» деп өстім...
Сен Махамбет емессің,
Мен Махамбет емеспін...
Болу қолдан келмеді,
ел ерлікке шөлдеді,
жүректерде – көмескі үн,
ойым шер боп көлбеді;
тіл байланған кезеңде,
өмір атты өзенде
үнсіздермен тең өстім,
мұңсыздармен тел өстім,
өз-өзіммен алысып,
өз-өзіммен егестім;
өзгелердің өткенін
«өз тарихым» деп өстім.
Ой төрінде мұңды ағын,
Жырдың тербеп құндағын,
өзгелердің батырын
«батырым» деп жырладым,
өзгелердің ақынын
«ақыным» деп тыңдадым.
Мен Махамбет емеспін,
Сен Махамбет емессің...
Жүрегімде – көмескі үн,
жүрегіңде – көмескі үн,
өлмей шықтық қойнынан
қанды дәуір елестің...
Иә, Пірім! – деп... Пірім! – деп,
дауылға сап сүреңді,
мінер қайта күреңді,
келді кезең, міне, енді...
Кел қанатты қомдайық!
Жаңаша бір толғайық!
Түзу салып түтінін,
Туған елді қолдайық!
Адамға сөз жолдайық!
Заманға сөз жолдайық!
Жолдайық!
Иә, сәт!
қазан, 1992 жыл – маусым, 2001 жыл.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter