Өлеңдер ✍️
ЖАЛҒАН
Кеш түсіндім, қайтейін, кеш түледім,
ұғып соны кеудемді кескіледім.
«Өлең деген өсекші!» сырымды айтты,
бірақ оны...
Сен шіркін, естімедің.
Қондырмақ боп жүргенде бұлаққа айды,
қонды абайсыз кеудеме бір ақ қайғы...
Сынға салдың жүрек пен қайратымды.
(Қалай?
Қашан?
Көңілім тұрақтайды?..)
Қарашы бір! Үңілші!.. Көзіңдемін...
Домбырадай күрсінін, безілдедім.
Ішегіндей қобыздың сарнадым кеп.
Естімедің...
Апыр-ай, сезінбедің.
Естір ме деп еңісте армандадым,
дауылда қап, тұншықтым, тал қармадым.
Толқын айдап, алдыңа келдім неше,
ескермедің, қайтейін, аңғармадың.
Түрің сұсты... Үніңді қайталадым,
алып кетті жағадан шайқап ағын.
Жағаласып теңізбен – салдым сүрең,
сүреңімді бірақ сен, байқамадың.
Мінезіңді кеш ұқтым, кеш түледім:
Көкірегімнен боз жылдар көшті менің.
Кереңбісің ?..
Керенау?!
Айхай, Жалған!
Айқай салдым. Үнімді естімедің...
қазан, 1992 жыл.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter