Өлеңдер ✍️
ҚҰЛАЗУ
Қайғыдан да, мұңнан да шошымаймын.
Неге өзгердім?
Неге мен осылаймын?
Қайырымсыз, қатыгез болып барам,
мейірімнің көшті екен қосы қай күн?!
Көзімде – жаз. Көңілде – қараша-мұң.
Қай бастауда қалды арман-бала шағым?
Қаз, тырнамен қоштасқан мәңгілікке
қай төбеде қалды ұйықтап қара шалым?
Көкіректі бір күдік жайлап алды,
тауда қалды ойларым, сайда қалды...
Адал заман тәрізді көзден ұшқан,
ақ күндікті әз әжем қайда қалды?
Мың сан жұлдыз – шашылған тарыдайын,
естимісің даусымды, жарық Айым?!
Қайда қалды куәсі жастығымның –
махаббатқа мас болған сары қайың?!
Жұртым қалды қай белде, қай арада?
(Жыл араға түсті ме, ай араға?)
Ала арқанды аттаған қайран дос пен
қалып қойды қай тұста аяр аға?
Айыпты кім?
Апыр-ай, жазықты кім?
Қозғалмайды. Неліктен жазықты үнім?
Азған дала, тозған тау, сені ойласам,
құлазиды көкірек сазып бүгін.
Қажып күнім... Өтуде қажып түнім,
Ой мен мұңнан жүрегім саз ұқты мың.
Қай қиырда қалды үміт қолын бұлғап,
қайда қалды аяулы нәзіктігім?
Неге өзгердім?
(Таға алман досыма мін).
Көп көрініп жүр ме әлде осы бағым?!
Берсін түбі қайырын...
Қаталдықтан
жүректерді жайлаған шошынамын.
шілде, 1991 жыл.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter