Өлеңдер ✍️
Мұңымды кім...
Мұңымды кім оқысын ішімдегі,
қалт басып қателесер тұсым ба еді?!
Жанымды жабырқаған басқа түгіл,
ең жақын досым-дағы түсінбеді.
Сезгенде соны қатты зарықты ішім.
алыстап кеткендейін жарық, күшім.
Апыр-ай!
Түсініспеу қандай ауыр,
қас-қағымда болдым мен «ғаріп» кісің...
Елеусіз ел алдында кішірейдім,
ұғындым қажетсізін қысыр ойдың;
(кейпіне қарап тұрып безінген ем,
кезінде бір «дөйіңнің» кісі «ірейтін»...)
Сескенткен жүрісімен жамағатты,
сен соған ұқсап кеттің жаңа қатты;
сөзің де, тұрысың да аумай қалды,
айнытпай салдың тіпті «балағатты».
Кінәмшіл болмысың ба еліктеген?
Мен саған өлердейін сеніп кеп ем.
Ашылды, міне, ақыры, шын кескінің,
өкініш – өзегімде, өлік – денем...
Қалайша аңғармағам? Ұғынбағам?
Бола ма тез құбылғыш бүгінгі адам?
Келемін сүлесоқ боп – шалажансар,
кетердей көзден ұшып шыбын-ғалам.
Біреулер мүсіркейді. Көріп келем.
Сырт көзге жүріс мығым, берік денем.
Күндерге өңі жылтыр алданыппын,
өзімнен өзім қатты жеріп келем.
Намыс бойды буады. Өлік – денем...
шілде, 1991 жыл.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter