Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
27.03.2022
137
Көз ұшында...
Көз ұшында – қияңқы бел, тал, қия,
тал, қияда қалды әнім.
Жүрегіме жетім күдік салды ұя,
күндерімді жалғадым.
Көкірегімді кермек, ащы тесті мұң
түтініндей аршаның;
жаңғырды түн, дауысыңды естідім,
ести-ести шаршадым.
Өзгермейтін бұл неғылған ғайып үн?
Жаңғырды мұң жолдардан.
Аз ғұмырдың арқалатқан айыбын
өзегімде тоңды арман.
Тоңды жүрек...
Тоңды сезім...
Тоңды үміт...
Создым қолды заңғарға.
Шабыт шіркін, шау тартқандай болдырып,
жылу берер жан бар ма?!
Талмаусырап шерге батты жер үсті,
тұншықты үнсіз Ай мұңды.
Кімге айтамын кеудемдегі керісті,
кімге айтамын қайғымды?
Тіл қатпады түнгі дала, түнгі аспан,
тіл қатпады тал, қия,
Көгілдір тау...
Көктем...
Көк бел гүл басқан,
көз ұшында қалды ұя.
шілде, 1991 жыл.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter