Өлеңдер ✍️

  27.03.2022
  149


Автор: Нұрлан Оразалин

АРЫЛУ

Күй-түйiн
(немесе Ананың cоңғы сыры)
1. Аруақпен тiлдесу
Өмiр өттi… Өзегiмде – тұма-мұң.
Әлi күнге басылмайды күмәнiм.
Үмiт…
Күдiк…
Кеудемде әлi – тайталас,
тарқамайды санадағы тұманым.
Тiрлiк – арба… Айлар, жылдар зырлады.
Замана – жел… Өзгердi өмiр қырдағы.
Тал бесiк те, жер бесiк те – Тәңiрден,
Тәңiр өзi сыйлағанын – «ұрлады».
Тiрлiк бердi… Жарық сәуле аздаған,
от-жылуы жүрегiмде маздаған.
Сезiм бердi қара түнде шырағы
жел соққанда талай сөне жаздаған.
Ғұмыр бердi… Үмiт бердi аздаған,
артық сөйлеп, несiне мен назданам?!
 
Махаббаттың жалынына оранған
жер бетiнде мен секiлдi аз ба адам?!
Жайрады бақ…
Жаңғырды аспан, күз әнi…
Жылдар…
Жылдар…
Талып көкпен ұзады.
Пешенеден көрдiк, жаным, жазғанды
бәрiн Алла өзi пiшiп, сызады.
Ағараңдап Айлы аспанның етегi,
аз күн адам арман қуып өтедi;
қай кезде де «құрығы ұзын құдайдың»,
бiреуге ерте, бiреуге кеш жетедi.
Еншiсiн де Құдай өзi бөледi,
құл пендесi дегенiне көнедi.
Көну – парыз…
Көнбеу – күнә…
Жұмыр бас
Бұйрықты сәт бiткен күнi өледi.
Солай бүгiн… Болған солай кеше де,
талай думан, тойлар өткен көшеде.
Бiрақ оған адам шiркiн тойған ба,
«пешенеге жазды» қанша десе де?!
Қатар жүрiп өрлiгi мен өсегi,
өлмейтiндей жер қызығын кешедi;
бағы асқанды етегiнен тартады,
жолы болса, «құдайсынып» бөседi.
 
Мансап тисе, пенде шiркiн аспандап,
сүрiнсе егер, жер тәртiбi – жасқанбақ;
аспан асты сабағынан түйгенiм —
оралмайды өлгендер мен қашқан бақ.
Бiлетiнiм тұлабойды жандырып,
жер үстiнде ғұмыр кешер сән құрып,
мың жылдардан келе жатқан бiр дәстүр –
күю, сүю, ұрпақ көру – мәңгiлiк!
Ой бұзылса, тамтық қалмас шын Ардан,
ақыл ғана алып шығар мұнардан.
Аңғарғаным: Қай кезде де қашанда,
адам үшiн адам болу – ұлы арман.
Көргеннен соң Айдың жүзiн, Күн бетiн,
ата болу, ана болу – мiндетiң;
ғашық болу, өле сүю – шын бақыт,
ғашық болып көрмегендер шын жетiм!
Өле сүйдiм… Өмiр сүрдiм тасымай,
өзгелерден жасқанбай да жасымай;
азабын да шын бақыттың көрдiм мен
бiр адамдай жесiр болып, Қасым-ай!
Телiп сенi теңдесi жоқ тектiге,
сүйген үшiн жүрек азап шектi де…
Тәнi – жерде, жаны – көкте, дейдi ғой,
Өлгендердiң…
Саған үнiм жеттi ме?!
Қанат бiтiп фәни, жалған – ұлы ағыс,
жеттi ме үнiм ғарыш-көкке тым алыс?
 
Жан мен рух қартаймайды, дейдi ғой.
бұлқынды ма бойыңдағы бұла күш?!
Құлын дауыс… Жүрегiңдi жаралап,
жеттi ме үнiм жұлдыз iшiн аралап?
Естiдiң бе күй сапырған кезiмде
қосылғанын Қарадала, қара бақ?!
Қарап қатты қиналдың ба көргенде
азап пенен мазағымды, шерменде…
Шошындың ба сатқындардың iсiнен
тiлiң тиiп кеткендейiн ерменге.
Өксiгенде мендей әлсiз ғарiбiң,
естiдiң бе, сезiндiң бе, жарығым?..
Туған жерден бұйырмады-ау топырақ,
қай бөктерде өштi сенiң жарығың?!
Арманымның ең үлкенi сол болды,
қасiреттен сағынышым көл болды.
бетпе-бет кеп тағдырменен тақасып,
ашынғанда ашу, ызам сел болды.
Ашынамын әлi күнге күйемiн:
қай орманда қалды сенiң сүйегiң?
Налығанда әдiлетсiз жалғанға,
Өзiмдi-өзiм рухыңмен сүйедiм.
Сүйеп келем…
Сүйеп жүрiп өтермiн.
Өтер қайғым, өзiмменен кетер мұң.
Естимiсiң, ғарыштағы бас ием,
iздеп сенi мен де бiр күн жетермiн.
Жетермiн!..
 
2. «Қорғай жүршi! Қорғай жүр!..»
(Адамдарға аманат)
Қасым!..
Қасым!..
Кеудемдесiң, жат мәңгi.
Қарсы ал, жаным, жүректегi ақ таңды.
Ел өзгердi…
Қара орманың көбейдi.
Шүкiр!
Шүкiр!
Атың сенiң ақталды.
Арысым-ай! Ағайының шаттанды,
Қасым атың аруақтанып, жатталды.
Қуаныштан жарылар ма деп едiм,
кеудем аман, жарылмады… Шақ қалды!
Атың сенiң… Аманатың… Ақталды!
Туыс-туған, елi-жұртың мақтанды.
Мен жыладым. Шаттанды ұлың қуанып,
Айлы аспан мен куә қылып ақпанды.
«Бүйтiп тiрi жүргенiмше… өлсем», – деп,
қырға қарап қарс айрылып, кемсеңдеп,
мазалап ем талай-талай, кеш, күнiм!
(Ендi, мiне, ақтығыңа ел сенбек…)
Ұйықта, Қасым! Жүрегiмде ал тыным,
бөлiс келiп шаттығымның бал түнiн.
Жапырақтай сарғайып бiр күтiп ем,
кешiр бүгiн қуаныштан балқыдым!..
 
Арман ұшып аңсағанда – мұң көлден,
жалған ұшып шаршағанда – үн белден,
алданып ем «үмiт» деген құсқа мың
шыр-шыр етiп күнде туып, күнде өлген.
Кезiп талай тар қолтығын Талдының…
Есiңде ме?
Жүрегiмде талды үнiң…
Ойлы қалпың Ойырманы мұңайтып,
тербегенi Көкбастаудың шалғынын?!
Жадыңда ма?..
Қозғап түннiң саз, бағын,
күндiз тынып, түнде өртенiп-маздадым.
Қара шанақ болмаса егер… Қайтер ем?
Қамыққанда жындана да жаздадым.
Ұмыттырып кейде өмiрлiк өлшемдi,
кең дүние домбырада теңселдi.
Сағыныштан күйшi келiн атандым,
ұйып, тыңдап, күйлерiме ел сендi.
Есiңде ме?..
Әлдекiмдер дес бермей,
аруағыңды қағытқанда, ескермей,
қара шанақ әулиедей жебейтiн,
серiгiм боп құтқаратын кештерде ой.
Өмiр жайлы, өзiң жайлы бал шырын,
күй боп толқып, құйылатын жан сырым;
тек домбыра арашалап азаптан,
қуалайтын қайғы-мұңның қаншырын.
 
Жел азынап кейде көңiл-қорадан,
жерiгенде төрiң жолдас-жорадан
қасиеттi қара шанақ қалды алып,
өсектерден өрттей қаулап бораған…
Жел азынап, қара нөсер төккенде,
«жер қылмақ» боп ұмтылғанда көп пенде…
Жадыңда ма?..
Күйiм менi құтқарды
ысқырынған жыланбасты көктемде…
Ұйқым қашты…
Ұйық кештiм…
Сенделдiм…
Арман оты қабағында сөндi елдiң.
Тағыдайын өз жарасын өзi емдер,
өз Рухыңмен – өз күйiммен емделдiм.
Суға кеттiм, талай жерде қармандым,
Өзiң үшiн! Өзiм үшiн – арландым!
Қадiрiнен айналайын домбыра,
алып шықты айдынына арманның.
Өмiр өттi… Еңiреттi сезiмдi…
Талқан етті тағдыр неше төзiмдi.
Аллаға аян, адалдығым – ақ қағаз,
аңсап сенi ақ перiштем көз iлдi.
Өттi уақыт… Қоғам түлеп, өзгердi.
Жақсыны да, бақсыны да көз көрдi.
Жаратушы – Тәңiр ием!
Құдiрет!
Електедi ерлер менен ездердi.
 
Есуасын елестетiп көзiне,
сатқындарды салды мезгiл тезiне;
мойылдай шаш боз қырауға боялды,
бiр кездерi сипататын өзiңе…
Өттi заман…
Күндер зулап қарша ақты.
Есiңде ме?
Ессiз сәуiр аңсатты.
Сен ұстаған нәзiк саусақ көң болды,
сенсiз өткен қу тiршiлiк шаршатты!
Құлақ түрiп жүректегi дүрсiлге,
ғарыш-көкте, аспанда алыс жүрсiң бе?
Қарақазан ғасыр менi боздатты…
Құрсын бәрi…
Күрсiнбешi!
Күрсiнбе!
Келгендей ем құрсауында құлыптың,
кең дүние, қадiрiңдi шын ұқтым.
Кек пен зарды кеудедегi кешiрдiм,
өртең үшiн, ертең үшiн ұмыттым!
Өттi ғасыр…
Өзегiмдi өртедi үн,
өксiк буған тағдырымды шертемiн.
Кешiр жаным, аруағыңмен қорғай жүр!
Ақталды атың – бәрiн бүгiн өртедiм.
Түсiме де жүресiң сен жиi енiп,
алаңдама, төрiң аман – киелi, ұқ!
 
Ұрпағың мен Ұлысыңды жебей жүр,
Өмiр сүрген рухыңа сүйенiп!
Қасым!
Қасы-ым!..
Төрiң сенiң – киелi.
Ақ шашты жар суретiңдi сүйедi.
Аманатын жолдап Адам затына,
Аруағыңа басын үнсiз иедi…
Алматы қаласы
қаңтар-қараша, 1989 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу