Өлеңдер ✍️
ҚАС ҚАҒЫМДА…
Тамыз оқиғасы…
Талай жүректiң тынышын алды…
Ой толқытар деп пе едiм бұлай қанды?
Бастау көзi бұзылды… Лайланды…
Мылтықтылар көшеде сап түзедi,
үрей, мұңның ұршығы шыр айналды.
Даласынан көңiлдiң құлан қашты,
ысқырынды бiр сезiм «жыланбасты»;
Түлен келiп түрттi ме?..
Қас қағымда
айналаны басқандай жын-албасты.
Көмдi келiп сыз, мұнар көк, өрiмдi,
бiр «бұйрықпен» бәрi де шегерiлдi.
Туды ма күн қайтадан тiл байланар?
Пенделердi түрттi ме, не көрiндi?!
Күдiк қонды… Кеудеде майысты үмiт.
(«Құдайларды» қойғаны-ай сайыстырып?)
шықты алаңға кескiнi ауыр күннiң –
БТР-лер көшенi қайыстырып.
Сәл кешiксе төбеден жай ұрардай,
ақ жейдесiн Сенiмнiң айырардай…
Алдаушың кiм?
Бiлмейсiң арбаушың кiм?
Мына апатты күш бар ма қайырардай?!
Қанға апармай… Қорғайтын ар, намысын
қалың елдiң, апыр-ай, бар ма күшiң?
Көсемдерден шаршадық қарға-мүсiн,
тобырды ессiз тоқтатар бар ма кiсiң?!
20 тамыз, 1991 жыл.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter