Өлеңдер ✍️

  26.03.2022
  201


Автор: Нұрлан Оразалин

МӘҢГIЛIК ТОЛҒАУЫ

Наз айтып мына болмысқа,
жоқ пенен барға алданбай –
асығу керек!
Жол – қысқа,
көз жұму – күнә жалғанбай…
Жiбегi сусып жүректiң,
құрдымға тартып мың аршын,
демiгiп бойда жыр-екпiн,
байқаусыз бiр күн құларсың.
альпинистейiн мұзарттан,
алысып жүрiп аңдаусыз,
тұншығар ойлар сыз артқан,
үзiлiп үмiт жалғаусыз;
қиылар Айдың сынығы,
үзiлер күннiң сәулесi,
құлазып көлдiң тұнығы,
басылар түннiң әуресi;
басылар жолдың шаңы да,
тыйылар қырдың күлкiсi,
алдыңнан тосар қамыға
беймәлiм күндер түр-түсi.
Шайылар аспан нiл көгi,
суалар сезiм, ән қашар,
 
адамзат есiн бiлгелi
салтымен өмiр жалғасар…
Жаңғырар тау да, тоғай да,
елiтiп жұпар көктемi,
көмiлген қыста көп ойға,
лақтырар қыр да шекпенiн;
өзендер жуып арнасын,
қойтастар суда тұншығар,
көк нөсер төпеп жар басын,
көктем кеп, белге гүл шығар;
сарылған көңiл тыншығар,
сағынған көзден жас тамар,
жан кеткен жақтан үн шығар,
жаңа бiр дәуiр басталар…
Сезiмнiң шоғы таматын
сұлу түндерде таңырқап,
шаттанар бiзсiз дала, түн,
ән салар толқып жаңа ұрпақ!
Жеткiншек келiп басқа бiр,
жер менен көктi бағалар,
қабаржып үнсiз тас қабір,
қамығып қырдан қадалар…
Мәңгiлiк осы – қас қағым,
өртенiп, жанып, күйгенiң,
тiлеуiн тiлеп басқаның,
ғашық боп, ессiз сүйгенiң.
 
Мәңгiлiк осы – қас қағым,
тырбанып тердi төккенiң,
бастығып, кейде тасқаның,
күлгенiң, азап шеккенiң.
Мәңгiлiк осы – қас қағым,
арбалып қысқа уақытқа,
ажал мен ойдан қашқаның,
алданып аз-мұз бақытқа.
Мәңгiлiк осы – қас қағым,
есiк пен төрдiң арасы,
шақырар ғарыш-аспаның,
жазылмас жанның жарасы…
Мәңгiлiк осы – қас қағым!
Арманы биiк – сынбайды!
Көшсе егер бағың, бастағың,
жетпеген мұрат – шын қайғы.
Сол үшiн, досым, алданып,
наздана бермей болмысқа,
жылдарға жыр боп жалғанып,
Асығу керек!
Жол – қысқа…
мамыр, 1988 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу