Өлеңдер ✍️

  26.03.2022
  250


Автор: Нұрлан Оразалин

БАС И, ҰЛЫМ!

Жанарымда – жасыл жазық.
Тарайды үн…
Шалкөденiң келбетiнде бар айбын.
Қозы-лақтың жарысады дауысы,
жар басынан Қарасазға қараймын.
Қараймын да ұлымды үнсiз сүйемiн,
Қарасазым…
Қара шалғын…
Киелiм –
Мұқаш аға, еске аламын өзiңдi,
еске алам да басымды үнсiз иемiн.
Басымды ием: «сенi туған жер» деп бұл,
(ақыны жоқ, арманы жоқ жер, көк – тұл).
Осы арада «iңгәлаған» бiл, балам,
алғаш рет бiр ұлы ақын – жөргекте ұл.
Жалғап ойдың бағаны мен бағанын,
тау да, тас та тiл қатардай маған үн.
Басымды ием:
Бала Мұқаш өстi-ау деп,
осы араның шөбi сүйiп табанын.
Өзегiмнен отты жалын құйылып,
қара өлеңнiң құдiретiне сыйынып,
басымды ием:
 
Өртендi-ау деп бiр жiгiт,
осы арада жүрегiмен «күй» ұрып…
Солай, ұлым, Мақатаев – тектi емен,
тамыр жайып, осы арада көктеген.
Сен де бас и момын, қоңыр ауылға,
Халқым үшiн берген өлмес отты өлең!..
шiлде, 1986 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу