Өлеңдер ✍️

  26.03.2022
  181


Автор: Нұрлан Оразалин

КҮЗ. АЯЛДАМА

Көк орманын өмiрдiң шайқап, iздеп,
«Көп арманын көңiлдiң айтамыз» деп,
айқай салып жүргенде… Аңғармаппыз:
жаздың өте шыққанын, қайта күз кеп.
Қала аспаны… Қабаржып, қалғып-ояу.
Күз келбетi көңiлге салды қаяу.
Кеше жүрген бiр бастық машиналы
пенсияға шықты да қалды жаяу.
Бағы жанды. Кезiнде көштi iлгерi,
ол туралы бөтен сөз естiлмедi.
Орны – төр мен машина болатұғын
мен әйтеуiр есейiп, ес бiлгелi.
Кiм бiледi?! Тасы өрлеп тұрғасын ба?
Тыным бермей атағы, қырға, шыңға
жүретұғын сол кiсi, ендi, мiне,
ескерусiз, елеусiз тұр қасымда.
Көмекшi де кеңсесi жоқтамастан,
күндер, күндер кетiптi «көп таласқан».
Өзi өсiрген жас жiгiт дәл осы сәт
өте шықты «ағызып» тоқтамастан.
Жүгiретiн алдында байпаң қағып,
өте шықты есiл жан қайқаң қағып.
«Жаңа бастық» «Волгамен» ұзай бердi,
ал «ескiнiң» жүрегi шайқалды анық.
Қала аспаны…
Қабаржып, қалғыды ояу,
күз суретi көңiлге салды қаяу.
Күз келбеттi бiр адам жарым көңiл,
жарты жолда жабырқап қалды жаяу…
қыркүйек, 1988 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу