Өлеңдер ✍️

  26.03.2022
  159


Автор: Нұрлан Оразалин

НӘУБЕТ ҮНI

Намыс пен ой сiлкiлеп жырдың бағын,
аспанымды шарлайды бiр мұңды ағын;
құлағыма жетедi көктегi айқай,
жүрегiмдi бүредi құрдымдағы үн.
Көзге елестеп замана көшi кеткен,
күрсiнедi көкiрек – тесiк өкпе.
Халық үнi азалы жүректе тұр
қасiрет пен қайғыны бесiк еткен.
Естiмейiн деп едiм…
Көнер емес.
Мың сан аруақ, аспаннан төнер елес.
Жыртатындай санамды ащы дауыс,
Ай астында мың сан үн шегер егес.
Жұлқып бойды бiр ашу ала бөтен,
елестейдi жұт жылғы дала, мекен.
Бiтеу жара…
Шер-шемен…
Ұлы қайғы…
Қайтiп сенi өзiммен ала кетем?!.
Құдай мүлдем атпаса өрлiгiмдi…
Қалай? Қайтiп жасырам шер-мұңымды?
Қай түрмеге қамаймын тiрi куә:
Аспанымды, Өзен, Көл, Жер, Құмымды?!
 
Айту керек!
Айтпасам, жанып кетем…
Ұрпағыма болармын анық бөтен.
«Мың тiрiлген» халықтың «бiр өлгенiн»
қайтiп көрге өзiммен алып кетем?
Айырғандар оңбайды көздi ағынан,
от жанады, шоқ болса, қоз қағынан.
Ар-намыстың қақпасын қағады кеп
аштық жылы көз жұмған боздақ ұлан.
Әлдекiм кеп көбемдi айырғандай,
қақ төбемнен болады жай ұрғандай;
айтқанымыз – тiрiге сабақ қана,
қырылғанға құр сөзден қайыр қандай?
Сөзден мәңгi көз жұмған шiрiп өрде
үш миллион қазағым тiрiлер ме?!
«Ащы сабақ» санадан кетпеу үшiн:
Аруақтарға көз жұмған шiрiп өрде
қашау керек ескерткiш!..
Тiрiлерге…
қыркүйек, 1988 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу