Өлеңдер ✍️
Ұрлық пен Құлдық
Атырау, Алтай арасында,
Жасыл жайлау даласында
Ұрлық пен Құлдық кездесіп қалды,
Өткен-кеткен жайлы сөздесіп қалды:
– Ей, сен кім боласың?
– Ұрлық деген қу боламын.
– Ал, өзің кім боласың?
– Құлдық деген сұм боламын.
Алдыңғы сөзді Ұрлық бастады,
Өз тірлігін жыр ғып тастады:
– Иә, Ұрлық деген бұрын да болған,
– Қазақтың бір қырында болған.
Бірақ, оны барымта дейтін,
Кек қайтаратын қарымта дейтін.
Бір ауылдың қызын алып қашса,
Не рұқсатсыз тұзын алып жатса,
Ол ауылдың жігіттері бірігіп,
Білектерін түрініп,
Белдерін бекем буып алатын,
Келесі ауылдың малын қуып алатын.
Ол үшін екі жақ киліккенмен дауласуға,
Бара бермейтін жауласуға.
Татуласып, табысып кететін,
Қыз беріп, қыз аласып кететін.
Ал, сен қайдан шыққан
Құлдықсың?
Қазақта болмаған сұмдықсың?
– Иә, бұл заманда, ол заман
Қазақта құлдық деген болмаған.
Бірақ, үш жүз жыл бұрын орыс дегенің
Қазаққа салған жоқ па көгенін?
Олар қазақтың момындығын біліп алған,
Құлдық қылып, мойындарына мініп алған.
– Айтар болсақ анығын,
Сыпырып құлдық қамытын,
Осыдан жиырма жыл бұрын
Шуағын төгіп күн нұрын,
Көңілін көкке теңеген,
Қазақтар ел болмап па еді егемен?
Әлі күнге қыр соңынан қалмай,
Әкеңнің құны бардай,
Жабысып қалған көне ме ең?
– Иә, солай, қазақтар егемен ел болғанымен,
Ұлттық намысы жер болған.
Құлдық сана миларын тесіп кеткен,
Әкеден балаға көшіп кеткен.
Бірақ, бір үміт бар:
Шын болса қазақ деген ұлт бар,
Сейіліп сұрғылт бұлттар,
Жат болып
Құлдық деген ұғым дәл,
Кейінгі жас буындар
Құлдықтан құтылар күн туындар.
Ал, Ұрлық, сен айтшы шыныңды,
Сенімен ел іші бұлінді,
Қалай ұғамыз бүгінгі күніңді?
Ұрлық күлімдеді,
Өз қылығына өкініші білінбеді.
– Менің тұғырым мығым, – деді,
Қазір бізді ел
Ұры демей,
Қоғамның пірі дейді.
Топтасқан топ жемқор жейді,
Бір-біріне қамқор дейді.
Алатындары пара дейді,
Тірліктері дара дейді.
Түйені түгімен,
Вагонды жүгімен
Жұтып жатсақ та,
Кеңірдектен ықылық атсақ та,
Жоғарыдағылар көрмейді,
Көрсе де, онша мән бермейді.
Өйткені, бізге сөз де, оқ та өтпейді,
Істеріміз сотқа жетпейді.
Сотқа жете берсе, қашып кетеміз,
Шет елге асып кетеміз,
Көп байлықты басып кетеміз.
Елде қалғандар жемқорлықты жалғастыра береді,
Сұмдықтарын алға астыра береді,
Қызмет орындарын алмастыра береді.
– Сонда, жемқорлықтан құтылар жол бар ма?
– Жол жоқ ондай долбарға.
Өйткені, жемқорлық жаулап алған қоғамды,
Ондағы бар адамды.
Қоғамдық жүйе өзгермей,
Ешкімге дес бермей,
Жемқорлық жасай береді,
Қарындары жарылғанша асай береді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter