Өлеңдер ✍️
Өлшем
Бәрі өлшеулі,
Деміңе дейін өлшеулі,
Тағдырдың салдар-себіне дейін өлшеулі.
Жаялық, күндақ жеріңе дейін өлшеулі,
Жаялық, күндақ төріңе дейін өлшеулі,
(К. МЫРЗАБЕКОВ. Ауыл мен астана. 10-бет)
Табиғат заңын ақылға салып көрсең сен,
Барлығы бірдей мысқалға дейін өлшенген.
Ауытқып кетсең болғаны одан сәл ғана,
Қарызға батып шығасың лезде белшеңнен.
Табиғат заңын ақылға салып көрсең сен
Өмірің сенің минутқа дейін өлшенген.
Талқаның сенің таусылған күні өлесің,
Қаншама мықты болғаныңменен мөлшерден.
Табиғат заңын ақылға салып көрсең сен,
Қызмет бабы – төріңе дейін өлшенген.
Өрекпін жүрген көңілің сенің түк емес,
Жататын құйттай жеріңе дейін өлшенген.
Табиғат заңын ақылға салып көрсең сен,
Түк емес өлең,
Талантқа дейін өлшенген.
Өлеңім менің өмірлік өлмес жол тауып,
Арманым жоқ-ау,
Атақты болып өлсем мен...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter