Өлеңдер ✍️

  25.03.2022
  181


Автор: Абдрахман Асылбек

Тоқылдақ пен тоты

Тоғайда Тоты болды,
Көзінің оты болды.
Құлпырған жүні болды,
Әуезді үні болды.
Сыланды, таранды,
Паңдана қаранды.
Деп ойлады:
«Тоғайдағы
Құстардың әсемімін,
Ерекше әсем үнім.
Тоғайға сән беремін,
Маңайға ән беремін».
Бір күні Тоқылдаққа
Деді ол:
– Тоқылдатпа!
Миымды ашытпа,
Бұл жерден қашықта!
Тоқылдақ:
– Құп! – деді, –
Тек мынаны ұқ, – деді, –
Менсіз тоғай не болмақ?
Маңай не болмақ?
Құрт қаптап кіріп кетпей ме?
Ағаштар шіріп кетпей ме
Тоғайсыз сәнің қайда?
Әнің қайда?
Соны ойлап, мен байғұсқа
Күн-түні дамыл қайда?
* * *
Өзге еңбегін ұқпаған
Шыңға шырқап шықпаған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу