Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
25.03.2022
156
ТҰСАУЛЫ АТТАР
Терезеге телміремін сарыла,
Тұман басқан төңіректі тағы да.
От іздейді тұсаулы аттар ерқашты,
Ой жүгіртем мен де бала шағыма.
Мезі еткендей өткен сол бір дүрбелең...
Жетейін деп келем жеті түнде мен.
Үрікпейді, тұсаулы аттар пысқырып,
Қолымды иіскеп, ыстық демін үрлеген.
Саусағымды жылтып демі тараған,
Ұйысқанда жал-құйрығын тарағам...
Тұсаулы аттай өтіп кеткен жылдарым,
Кінә артқандай, маған үнсіз қараған.
Осы ма екен қысқысалым болғаны,
Қар ұшқындап жапты ізімді жолдағы...
Тұсаулы аттай махаббат бір үргедек,
Бір сұмдықты сезінгендей ол-дағы.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter