Өлеңдер ✍️
ТАҢЕРТЕҢ ӨМІР ӨЛМЕЙДІ
Таң атып қашан, батпақ күн, Ойлаудың өзі қиямет.
Түс көрмей қалай жатпақпын, Жаныма батып мына дерт.
Көрем бе көзбен ертеңді, Әл бітіп, жаным әбігер.
Отыршы, түріп көрпемді, Қолыңды берші, дәрігер.
Түнде ауру не азап көрмейді, Күйеді жанып тәні өрттен.
Таңертең өмір өлмейді, Өлмейді өмір таңертең.
Жан дауа тапқан, таңғы ауа, Ашылар дарқан дала бақ.
Бал жиып ерте аулаға, Аралар жетер аралап.
Оятып әнмен өңірді, Құстар да бастар думанын.
Ертемен тұрып көңілді, Жатады тойлап туған күн.
Ертеңге дейін шыдап бақ, Өмірге, жаным, бол құштар.
Ертеңгі газет бір аппақ, – Арманға, бәлкім, жол нұсқар.
Халімді сұрап алыстан, Хабар да елден кеп қалар.
Жайымды білер таныстар... Өтсе екен бұл түн тек қана.
Көлеңке шетке көлбейді, Көп теңін шешіп көңілдің.
Таңертең адам өлмейді, – Келеді күліп өмір – Күн.
1954-1955
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter