Өлеңдер ✍️

  25.03.2022
  130


Автор: Тортай Сәдуақас

ҚЫСТАУДА

Қар басқан дүлей қара түн.
Ну орман пана бір ғана:
Жым-жырт боп қыста қалатын,
Орманшы үйі тұр дара.
Бөрінің аумас көзінен,
Әйнектің әлсіз бар оты.
Балалар енді көз ілген,
Ұршығын алып ана отыр.
Түн қатып жібін иірсе,
Ерінбей шаруа баққаны.
Тым-тырыс, тоғай, қиыр шет,
Боран жүр сабап қақпаны.
Сықырлап шатыр ағашы,
Қасқыр боп боран ұлыған;
Тек қана үйден табасың,
Тыныштық болса ұйыған.
Көндігіп алған ал ана,
Әдеті осы талайғы.
Әйнектен түнгі далаға,
Телміріп үнсіз қарайды.
Уілдеп мұржа тағы да,
Басталды тыным таппас үн.
Қатты жел үдеп қағына,
Құлатты пештің жаппасын.
«Мама, мен жалғыз қорқамын:
Баласын қара перінің;
Қыбырлап келед ол тағы,
Астынан бөстек-терінің». –
 Шақырған үні ол келсін деп,
Василек – кенже ұлының.
«Түсіңде аян берсін кеп,
Жаратқан жар боп, құлыным!
Кәдімгі тері ол расында,
Түкте жоқ онда сиқырлы.
Түнімен болам қасыңда,
Алаңсыз қандыр ұйқыңды».
«Жылаған кім ол, о қайда?
Отыршы, мама, жаныма». –
«Ол боран, балам, тоғайда,
Асыр сап жүрген тағы да».
«Сабалап жүрген шатырда...
Мама, ол мыстан кемпір ме?»
«Қар жауып, қарғам, жатыр да,
Адасып жүрген жел түнде».
«Дем алмай неге ол еріккен?
Сонда не іздеп таппағы?
Не үшін, неге, неліктен?
Қағып тұр біздің қақпаны».
«Бола ма батыр осындай,
Өжеттік қайда, жарқыным.
Жата ғой, жаным, шошынбай,
Алаңсыз енді ал тыным!
Жел деген дұшпан емес тек» –
«Тірі ме сонда ол, қалай?»
«Дем алу – өтер елес боп,
Ұйықтай ғой енді, қарғабай!»
«Не істейді сонда қиянда?» –
«Дем алу деген жаңағы». –
«Берілмей түрлі қиялға,
Деміңді ал деймін, қарағым!..»
 Василек тынды сонымен,
Үдеді жел де қайтадан.
Қаусырып мұздай қолымен,
Қарағайларды шайқаған.
Айналған желің тағы аңға,
Қара түн. Тумас ай да әзір.
«Білдірмей хат та, хабар да,
Көрінбей көкем қайда жүр?
Ол – жалғыз, ызғар түн мынау,
Ырылдар жыртқыш жолында...» –
«Ержүрек әкең, ұлым-ау,
Мылтығы және – қолында.
Мылтығы дайын аспалы,
Белінде – өткір қанжары.
Мүмкін бе, қорқып-саспағы,
Болса да қауіп жан-жағы.
Көрмеген жаны шайлығып,
Орманды ол қалың шарлайды.
Қасқырлар одан қаймығып,
Тиюге бата алмайды».
«Селода былай дейді екен,
Сөзі осы, мама, баршаның:
Соқырлар бала жейді екен,
Орнына нан мен самсаның.»
«Иланба оған! Масқара-ай!
Өсегі ол елдің емес пе.
Тілалғыш болсын басқалар,
Деген бір қылған кеңес те».
Ызғырық соққан далада,
«Айтайын өлең, көзің жұм...»
Балапан қиял бала да,
Ойлайды ойын өзінің.
 Күңгірттеу жанған шам үйде,
Тыныштық, мүлгіп түн басқан.
Қара орман сыртта әлі де,
Шулайды сыңсып тынбастан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу