Өлеңдер ✍️
Бір қақпайлар
Жаңа міндет
– Жаңа міндет ұнай ма?
– Шүкіршілік Құдайға.
Бастығымның қолында
Домаланған добымын.
Өлем соның жолында,
Қалдырмаймын көңілін:
«Барып кел», – дейді
Барып келем.
«Алып кел», – дейді,
Алып келем.
«Шауып кел», – дейді,
Шауып келем.
«Тауып кел», – дейді,
Тауып келем.
«Айтып кел», – дейді,
Айтып келем.
«Қайтып кел», – дейді,
Қайтып келем...
Бір сөз шықса артық менен,
Бұл күнімді қайтіп көрем?
Пәтер сыры
Көп балалы Көлбай жүр,
Көптен пәтер болмай жүр.
Ал, Қубастың кебегін
Осал адам демегін.
Әйелі мен екеуі
Төрт бөлмені не етеді?
Бір бөлмеде – мысығы,
Бір бөлмеде – күшігі.
Пәтерақы алынар
Пәтершілер тағы бар.
Келген-кеткен қонағы
Өздерімен қонады.
Маскүнемнің үш кезеңі
1
– Қал қалай?
– Жұта берем талғамай.
2
– Қал калай?
Дертті болдым аңдамай.
3
– Хал қалай?
– Өліп барам,
– Жалған-ай!
Дәрігердің есебі
Ғалым ба, жазушы ма, кандидат па,
Дәрігер оған сірә жан қинап па?
Істейтін болса болды сырқат кісі
Кәдімгі мал соятын комбинатта.
Емдеуге оны тездеп бет алады,
Өйткені, одан жейтін ет алады.
Сылқым жеңгей
Күйеуінің тапқанын қағып алады,
Мойнына алтын алқа тағып алады.
Бетіне опа жағып алады,
Үйінде шаңы қалады.
Мәжілісқор
Күн сайын жиын,
Көп мыжып:
«Жасайық», – дейді жұмысты.
Мезгілді текке өткізіп,
Тындырмас әсте бір істі.
«Құмалақ пен домалақ»
Жаңалық үлкен ашпақ боп,
Халыққа нұрын шашпақ боп,
Ғылымға барып Ептібек,
Көрінер кезім жетті деп.
Жатпай-ақ ешбір жан қинап,
Болды да шықты кандидат.
Дейсің ғой қандай тақырып?
Жіберді оны қатырып:
«Құмалақ неге домалақ?»
Ойласаң, тіпті обал-ақ!
Қарсы алу
Ғалым ба, әлде ақын ба?
Атақты әлде батыр ма?
Өзінше қыдырып барғанда,
Қарамас ешкім жалғанда.
Керек деп күту қонақты,
Жоғары жақтан қомақты
Арнайы хабар алғанда-ақ.
Жандары қалмас жалбақдап.
Қамқорлық
Бастық баласын дәлдүр бір
Бас дәрігер етіп қалдырды.
Баласы ауру әкесін
Ауруханаға алдырды.
Ауруын таппай алайда,
Басы қатып мәңгірді.
Топастың түйсігі
Өңі түгіл түсінде
Тәттімбетті білмеген
Мәдениет бастығы
Сөйлеп тұрды мінбеден:
«Күйлері бір керемет,
Күйші екен-ау бұл деген.
Қалаға тез алдырып,
Бөлейік те бүлдемен...».
Тап осындай жандарды
Топас демей, кім дер ең?
Кассада
– Билет бар ма?
– Жоқ!
– Себеп бар ма?
– Көп:
Біреу тойға барады,
Біреу қойға барады.
Қаптап жүрген халық бұл,
Мазамды алмай, барып тұр!
Вагонда
– Орын бар ма?
– Көп,
Жүгіңді ал да,
Өт!
Қайда барсаң, онда бар,
Тек ақшаңды қолға сал.
Көршілер
Кербез жеңгей көршіге:
– Баланы жөндеп бақпайсың, – деді.
Көршісі сонда ершіге:
– Онда өзің неге таппайсың? – деді.
Пайдакүнем
Өз үйінде тартына ішеді,
Кісі үйінде сарқыла ішеді.
Тойшылар
Столдан арақ кетпей,
Отыра берер тарап кетпей.
Бөспебай
Үйіне барғанша,
Ер болып барады.
Үйіне барғанда,
Жер болып қалады.
Дүниеқоңыз
Ақшасы көп кассаға салып қойған,
Кілемі де баршылық алып қойған.
Жеркепе үйі жер менен жексен болып,
Мәдениеттен мың жылға қалып қойған.
Арамзаның амалы
Өзін мақтап әр жерде тантып бағады,
Келгенінше шамасы қарпып қалады.
Бара жатса дәрежең артып шамалы,
Ебін тауып, етектен тартып қалады.
Мысықтіллеу
Сыртынан сызылып тұрады,
Ішінен кіжініп тұрады.
Мінсіз мінез
Жатады да –
Ұйықтайды.
Тұрады да –
Ұрттайды.
Сылтау
Күш-еркінде құрсау жоқ,
Маскүнемге сылтау көп.
Талапшыл бастық
Шопанға
Қозыны көп бер дейді,
Отарға
Бірақ та шөп бермейді.
Прораб
Болды-дағы прораб,
Кірпіш сатты жыралап.
Ішті оған кіл арақ,
Құрылыс қалды тұралап.
Тісқаққан таксист
Таксист ісі шапшаң-ды,
Жол білмейтін ақ шалды
Үш айналтып қаланы,
Үш есе етіп ақша алды.
Қауіпті қонақ
Қонаққа әсте батылың батпайды кеп,
Кітапхананды көргенде мақтайды кеп.
Кетерінде бір-екеуін жымқырып кетеді,
«Кітап деген ұрлыққа жатпайды» деп.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter