Өлеңдер ✍️
Келін хикаясы
Оң ба, әлде теріс пе,
«Тақиялы періште»
Деген фильм кергенбіз,
Күлкіден бір өлгенбіз.
Бір жігіттің анасы,
(Байқауымша, шамасы,
Ақылынан жаңылған),
Келін іздеп сабылған.
«Асай салар заматта
Махаббат жай салат па?» –
Деп баласы көнбеген,
Сөйтіп, түк те өнбеген.
Ойда жоқта оны айтып,
Отырғам жоқ жөн айтып.
Бір әкені білуші ем,
Қылығына күлуші ем.
Қыз біткенге жабысып,
Жүретұғын танысып:
«Айналайын құндызым,
Аспандағы жұлдызым.
Қолыма кеп қонсайшы,
Құтты келін болсайшы».
Қыздар қатты сасатын,
Бірден үрке қашатын.
Келсе де әке үйіне,
Басатын сол күйіне:
– Айналайын шырағым,
Қуанышым, құрағым.
Жиырмаға толдың ғой,
Ер-азамат болдың ғой.
Сөзге құлақ салсайшы,
Тездеп қатын алсаншы.
Көріп келдім бір қызды
Ақ маңдайлы, нұр жүзді.
Ата-анасы текті екен,
Үлкен қызметте екен.
Мақал бар ғой осы күн:
«Қатын алма – қайын ал.
Жақсы көрген досыңның
Атын алма – тайын ал».
Мықты құда керек қой,
Байлық жөні бөлек қой.
Бала бұған не десін,
Селкілдетіп денесін,
Шиқылдап кеп күлетін,
Әке сырын білетін.
Желпілдетіп етегін,
Әке тағы кететін.
Әдетінше күндегі
Келін іздеп жүргені.
Сексен қызды сараптап,
Айналаны адақтап,
Аласұрып, алқынып,
Жүрген кезде шарқ ұрып,
Бір арумен жарасып,
Ертіп келді баласы:
– Махаббатым осы қыз,
Енді бізді қосыңыз.
– Ата-анасы қайда екен?
Бастық па екен?
Бай ма екен?
– Ауылдары Арыста
– Есебі жоқ алыста.
Шешесі – озат тігінші,
Ал, әкесі – сиыршы.
– Қалай екен болмысы?
– Еңбек Ері – ол кісі!
– Айналайын қарағым,
Шынында да жарадың.
Басқа бізге не керек?
Құда деген керемет!
Бірдей шықты ойымыз,
Бүгін кешке тойымыз...
Бітті осымен жанталас,
Бұл қызықты қойыңыз.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter