Өлеңдер ✍️
АУШЫ МЕН ҚҰС
(Еркін аударма)
Ау құру – аңшы ермегi, Ажал тұр кiмге жолығып?
Сазайын тағдыр бергенi, – Түскен соң торға торығып.
Үзе алмай тор мен қазықты, Сол ауға түскен аң ғарiп;
Жазықсыз, әлде ол жазықты, – Кiм жатыр оны аңғарып?!
Бiреудiң сондай торына, Түсiп қап бiр құс жасыпты:
Дәл келiп аңшы сорына, Бұрауға мойнын асықты.
Құс байғұс қатты қамықты: “Абайлап, аңшым, анық бас;
Аяй гөр құйттай ғарiптi, Жұмырға жұқ боп жарытпас!
Жiберсең еттi еркiме, Байыптап артын байқағын, –
Сенiңiз берген сертiме, Үш ауыз ақыл айтамын!”
Таң қалды аңшы табанда: “Мәссаған! Түрiн құсының!
Үйретпек ақыл маған да, Қарай гөр мұның пысығын!”
Тiл қатты тұрып сәл аңшы: “Ақылыңды үйрет, ал құсым!
Еркiндiк, бәлкiм аларсың, Көрермiз одан арғысын!”
Құс айтты ойын тағы бiр: “Жақсы мен жаман көп, пенде;
Келмейiтін қайтып бәрiбiр, – Өкiнбе әсте өткенге!”
Аңшы айтты: “Рас, табам не, Опынып босқа қайғы алып?
Өткен iс – өтер, амал не, Келмейдi ол қайта айналып!”
Құс айтты: «Жүрмес жарлығың, – Өткендi қайтып алуға;
Басқаша жасап барлығын, Бастапқы жөнге салуға!”
Аңшы айтты: “Рас дәл мұның, Не қайыр қолдан кеткенге;
Басқаша жасап барлығын, Оралу болмас өткенге!”
Дедi құс тағы аңшыға: “Иланба, ғажап десек те,
Өтiрiк, жалған жаршыға, – Қисынсыз сенбе өсекке!”
Аңшы айтты: “Рас дегенiң, Көк езу көп қой тантыған;
Көбiк сөз болар көбi оның, Ақылға салсаң артынан.
Көкейге мұның қонады, Көреген бәрiн құс па едiң?
Ұша бер! Ендi болады, Қолыма қайтiп түспегiн!”
…Пыр етiп ұшқан бағына, Бұтаққа барып қонды құс;
Аңшыға iле тағы да, Үн қатып бердi ол дыбыс:
“Ақымақ болдың ақыры, Қонбаса ақыл сол жаман!
Босатып менi, пақырым, Құр қалдың тегiн олжадан!
Жемсауым – соның дәлелi, Асыл ед, айтсам жасырмай;
Iшiмде iнжу бар едi, – Түйеқұс жұмыртқасындай!”
Аңшы да қалды аһ ұрып: “Ағаттық кеттi-ау, қап, менен,
Кепiлдiк алмай қатырып, Олжасыз қалдым, әттеген!”
Ағашқа аңшы ұмтылды, Бiр түсiп, оған бiр шықты;
Баса алмай обыр құлқынды, Ұстамақ болды шымшықты!..
Таппақ боп ендi орайын: “Құсым-ау, – дедi, – алтыным,
Досыңдай жақын болайын, Жаныңда жүрiп, жарқыным.
Сайлайын саған орын, бақ, Қондырам алтын тұғырға;
Қалауың бәрiн орындап, Құлың боп өтем ғұмырда!”
Құс айтты: “Мисыз немесiң. Саңылау жоқ па санаңда?
Бекер боп берген кеңесiм, Ұмыттың бәрiн табанда.
Жiбердiң менi ұшырып, Жақсылық жасап қолыңнан;
Өкiндiң iле iсiнiп, Саныңды соғып соңымнан.
Себебi сендiң, не керек, Қисынсыз сөзге, қу тiлге, –
Iнжудiң ондай керемет, Болуы менде мүмкiн бе?!”
Сабағы бұл да өмiрдiң, Санаңа түйсең салмақтап.
Көзiмен көрiп көңiлдiң, Анық бас, досым, алға аттап.
Асығыс босқа кiрiспе, Алды-артын бағып анықта;
Тәуекел қылсаң бiр iске, Ақылмен шешiп парықта!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter