Өлеңдер ✍️

  24.03.2022
  195


Автор: Тортай Сәдуақас

СУРКА

Мен, Сурка, сорлы еврей,
Бермеген көрік құдайым:
Қортық боп бойым өспеген,
Қорлықпен кетті шырайым.
Қалайша бірақ болмақпын, –
Сұңғақ та Сурка сымбатты;
Өгейсіп жүрсем аймалар,
Болмады анам қымбатты.
Көз түрткі қылып көрінген,
Соңында ауыр жұмыстың;
Құсамен жиырма жасымда,
Құлпыру қайда – құныстым.
Қонақ үй кезіп малай боп,
Көрмедім дамыл мен тегі:
Әйелі – шайпау, ақсаусақ,
Мүләйім, жемқор – еркегі.
Кірпияз кілең қонақтар...
Бәрінің ойы талайғы, –
Малайға түспек бар салмақ,
Нұқиды, тілдеп малайды.
Қыңқ етпей малай тыңдайды,
Жымию керек тағы да.
 Жиырма жыл солай жүрдім мен,
Жамалып қайғы жаныма.
Қожамыз бірде сыбырлап,
Еріккен оның ермегі:
«Әйелім түнде кетісімен,
Сен маған, Сурка, кел», – деді.
Болсам да науша, ажарсыз,
Болсам да жұрдай сауаттан;
Өссем де жазу-сызусыз,
Түк білмей дұға-аяттан, –
Юдканың ойын ұғындым,
Ойларын – арам пасық та.
Әйеліне, әлде айтсам ба,
Кетсем бе дедім қашып та.
«Жылдарым босқа өтуде,
Деп тағы ойға оралдым:
Қуаныш, қызық көрмеген,
Суындай қаңсып томардың!?
Адамдар татқан ләззаттың
Не екенін білмей өлемін;
Жұмаққа онда барам ба,
Не рахат, құрмет көремін?
Сурка да онда, құдай-ау,
Көрсінші құйттай бөпесін!
Жанымдай көріп аймалап,
Өтер ем қандай, көкешім!..
Бап-балғын аяқ-қолыңды
Жылытып ыстық деміммен;
Етпес ем сені аш құрсақ,
Нан тауып маңдай теріммен.
Қорлай ма мені, мейілі, –
Көңілді мүлде қалдырған...
 Адам боп өссін тек қана,
Менің бұл гүлім балдырған!»
Жүрсем де сырттан су тасып,
Берілдім осы сезімге;
Ас үйде жүріп ыдыс пен, –
Кірді де жуған кезімде.
Үн қатқан жүрек түбінен,
Нәресте даусын естідім.
Хабар қып ол да жиірек,
Жығылдым шаршап кешқұрым.
Сандалып мастай, әл құрып,
Ісім де өнбей істеген;
Көз жұмып, бойым ауырлап,
Берілдім елес, түске мен:
Нәресте қызылшақа бір,
Томпиған үрпек нәресте;
Жабысып ана құшаққа,
Күледі – келіп бәрі еске.
Отырар ма едім осылай,
Келмесе шайпау қожайын;
Шаптығып ұрсып не нұқып,
Тарттырмақ болған сазайын.
Бой ұрмай күйкі қиялға,
Мен оған зілсіз қараймын.
Қақпасын ашып қынжылмай, –
Риясыз көңіл сарайдың.
Ханшадай асқақ қайта мен
Мыстанға ол былай айтар ем:
«Артса да байлық, билігің,
Болсам да малай телмірген,
Көрдің бе – мен де анамын!
Дәл қазір кеммін мен кімнен!»
 ...Қожамыз мұндай жайымды, –
Естіді балам туғасын.
Қонақ үй маңын көрме деп,
Жанжал қып, ал кеп туласын!
Қуырып мені қуды үйден,
Қарамай боран-шашынға.
Юдка да үнсіз жым болды,
Әйелдің мынау қасында.
Әйтеуір бірақ есіркеп,
Әзірлеп көлік-шананы;
Әкелді құшнас кемпірге,
Пұл берген болып шамалы.
«Қайтеміз, Сурка, байғұс-ай,
Тұра тұр мұнда амалдап.
Қарайлап сенің қамыңмен,
Жүрмін ғой мен де алаңдап.
Әйелім құдай үшін тек
Білмесін, дұрыс білмеген;
Менікі десең баланы,
Құрыдым онда мүлде мен!»
Жаратқан жар боп туды ұлым,
Періште сынды аумаған!
Сауықтым, Юдка жоқ бірақ,
Ай да өтті, күндер заулаған.
Кемпір де кем-тар, қолы тар,
Көлденең келмей көк тиын;
Тарықтық талшық, қаржыдан,
Сірә, одан азап жоқ қиын.
Сол кезде деді кемпір де:
«Көрдің бе, Сурка, байғұсым;
Қалуға мұнда болмайды,
Іздейік тұрмыс жайлысын.
 Лашықты қыстай тарс жауып,
Күнкөріс іздеп кетем мен.
Бара ғой, жаным, Юдкаға,
Орап ап құйттай бөпеңмен.
Қарсылық қылса әйелі,
Ел іші кең ғой, панала!»
Қақағаң аяз, ызғырық,
Ұйтқыған боран далада.
Жалаңаш, жалаң аяқ мен, –
Бөпеме қымтап барымды;
Юдкаға қарай бет алдым,
Садақа етіп жанымды.
Қонақ үй келдім. Әйелі, –
Қырғидай тиіп кектенді...
(Ас-суда жүрген басқа адам.)
«Не керек саған?» – деп төнді.
«Бес жылдай, – дедім, – еңбек қып,
Алсам деп келдім ақымды...»
«Айт, кәне, қаншық, айт деймін, –
Бажылдап ол да бақырды, –
Айт, маған, кімнің баласы?»
«Менікі, – деймін, – құдайдан».
«Әкесі кім, айт, баланың,
Қайтпасаң пұл жоқ бұ райдан!»
«Айтпаймын, жо-жоқ, ешқашан!»
«Шық, шоқпыт! – деді ол маған,–
Көрінбей құры көзіме,
Бөлтірігіңмен оңбаған!»
«Қорқыңыз, – деймін, – құдайдан,
Аяз ғой, күй жоқ амалдар;
Жалаңаш, жалаң аяқпын,
Емшекте және балам бар;
 Барамын қайда түнде мен?»
«Бұл үйдің маңын көрме сен,
Қараңды батыр іргеден,
Өрем қап, мейлі, өлмесең!»
Есіктен кері итеріп,
Өршіді залым есірген.
Боранды түнге қалдырды,
Адасып келем есімнен...
Қайда әлгі Юдка, бұл не азап,
Бір ауыз басу айта алмай;
Жаныма неге келмеді,
Бетпақтың бетін қайтармай?
Барамын қайда мен енді,
Қағамын кімнің есігін?
Бес жылдай қонақ үйде боп,
Білмеппін бірдің есімін.
Шаруаның сұрқай үйінде,
Білмеппін жұрттың көбін мен;
Сұстары суық бәрінің,
Мас болып маған көрінген.
Ұрғалы тұрған сияқты ед,
Еврей қызын сормаңдай.
Биледі үрей сол сәтте-ақ,
Айналам қалың ормандай.
Қаптаған маңым қасқыр ма,
Қара түн.
Бойым мұздаған.
Бөпем де жылай бастады, –
Манадан нәр де сызбаған.
Отырдым қарлы шарбаққа,
Бергелі нәрін баланың.
Бөпем де бірден жабысты,
Құшағын сезіп ананың.
 Беттері томпақ қызарып,
Аяз бен қарды сезбейді.
Емеді, қоңыр көздерін
Алмастан маған көздейді.
Барлығын іштей сезініп,
Ұғынып қана жатқандай.
«Қорықпа, мама, қорықпа!»
Деп маған жауап қатқандай.
Ашылды маңым сол сәтте-ақ,
Қуаныш, қызық кешкендей.
Қар еріп жатқан сияқты,
Бір жылы самал ескендей.
Қараймын қанбай құмарым,
Тұрғандай маңым тұнып көк...
Қараймын періштеме мен
Дүние, қайғым ұмыт боп...
Иттер ме кенет қыңсылап,
Айнала түтек болды әлем.
Қар ұйтқып ұрып көзіме,
Есімді жидым сонда әрең.
Сіресіп барад байқаймын,
Қалтырап қолым-аяғым.
Жылайды бөпем жаураған,
Қалғып та шұлғып қоямын.
Құдай-ау, үсіп барам ба!
Сап етті бір ой сол кезде:
«Үсісем үсіп қалайын!
Болғанша сорлы жолкезбе».
Жылаған сәби, нәзік үн,
Пышақтай осып жүректі;
Қара ойды қудым басымнан,
Қамаған мені түнекті.
 «Жо-жо-жоқ, мен-ақ өлемін,
Мерт болмақ не үшін бөбегім!?»
Күшімді жиып ақырғы,
Сытылып шықтым қар-үйден.
Көмуге жақын қалыпты,
Ақ мамық мені сәбимен...
Жүгіріп қайда болса да
Кетуге жоқ-ау әлім де;
Сәбиді өпкім келеді,
Жылу жоқ бірақ тәнімде.
Малтығып қалың күртікте,
Көрінбей жол да атымен;
Ызғырық көзді аштырмай,
Үмітсіз келе жатыр ем:
Көрдім бір үйді, елесті,
Шамдары жанған көмескі.
Бекіндім іштей бір ойға,
Кеудемде тағы жанды үміт.
Баламды әкеп осында,
Кетсем бе дедім қалдырып.
Бар болар ояу жандары,
Жатпаған шығар бәрі үйдің;
Жылытар солар ішке алып,
Жылауын естіп сәбидің...
«Кетейін өзім бір түпке,
Көмілмей қалың күртікке.»
Істедім солай – сүйдім де,
Бірге өбіп аяз, бораның;
Ұйтқыды қалмай қардағы,
Барынша қымтап орадым.
Баламды жарық терезе, –
Түбіне әкеп қалдырдым.
Елес боп түннің ішінде,
Қар кешіп өзім қаңғырдым.
 Оппы қар салды азапқа,
Бір аттап алға, бір батқан.
Қарға адым жүру мұң болып,
Санамда – салмақ мың батпан.
Ызғырық көзді осқылап,
Ысқырып дейді ол маған:
«Тағы да нені бүлдірдің,
Қатыгез, Сурка, оңбаған!
Тоқтаймын аттап... Жүрегім
Шаншиды ине сұққандай;
Айнала құлақ түремін,
Баланың даусы шыққандай:
Өксуі жеткен сияқты,
Шырылдап жатқан сәбидің.
Қамайды қара ой басымды:
«Қалды ма жатып бәрі үйдің?..»
Шырылын ешкім естімей,
Қалды ма үсіп бүлдіршін!
Қабаған иттер кеп талап,
Тастады ма әлде, кім білсін!»
Сілейіп барып сол сәтте,
Шыңғырдым соңғы әл, еспен:
«Құтқарыңдаршы, ол жақта
Нәрестем, қалды, нәрестем!»
Қағып ап боран даусымды,
Жауап жоқ келген үніме.
Жегілген аттай жұлқынып,
Жөнелдім тағы жүгіре.
Бет алдым кейін, селоға,
Мың құлап қарға, мың тұрып;
Айқайлап, жылап келемін,
Зорығып алға ұмтылып.
 Бір сағат уақыт, ол – ол ма,
Бір ғасыр болды өткендей.
Шамдары сөніп үйлердің,
Ғайып боп мүлде кеткендей.
Мая ма – келді сұлбасы,
Үргендей иттер жырақта.
Шарбақтар жатыр қоршаған,
Үйлер жоқ жақын бірақ та.
Үмітім мүлде үзіліп,
Торығып келе жатырмын.
Ызаға әбден булығып,
Айғайлай қатты, аһ ұрдым.
Сықырлап кенет артымнан,
Қараңдап біреу келеді.
Қарасам әлгі – қарауыл!
«Не қылып жүрсің?» – дегені.
Мылтығы ілген жалтырап,
Шамы тұр белде жарқырап.
Күзетшілерден қорқушы ем,
Болсам да қонақүйде мен.
Олардан Юдка өлердей
Қорқатын, жаны сүймеген.
Бірақ та мына адамның,
Сұмдығын, сұсын көрмедім;
Жатсынбай қайта жақ тұттым,
Құтқарушымдай ол менің.
«Юдканың әлгі малайы,
Суркамын, ой, пан, – дедім мен, –
Баламды іздеп жүрмін!» – деп,
Жайымды айттым егілген.
Күзетші бірден түсініп,
Жетектеп алды ол мені,
 Шарладық үлкен селоны,
Шамы бар үйді көргелі.
«Осы үй ме?» – таяп ол сұрар,
«Мүмкін, пан! Бәлкім сол шығар!»
Ұмтылдым кенет – құдай-ау!
Сол шарбақ, сол үй, сол аула.
Есімнен тандым тек лезде,
Бала да ғайып, орау да!
«Жоқ, – деймін, – балам, балам жоқ!»
Ал үйде жарық – жатпаған...
Күзетші қағып есікті,
Ішке ендік біз де қақпадан.
Сәбидің үні. «Жасаған!»
Кіргеннен жетті құлаққа;
Айқайлап қана үлгеріп,
Қалыппын талып бірақ та.
Одан соң – есім білмеймін,
Бір өткен елес сияқты.
Жатырмын шаруа үйінде,
Тап-таза, жарық, шуақты...
Жанымда басын шайқаған
Бір кемпір отыр бақылап:
«Есікті неге қақпадың,
Қызықсың, Сурка, ақымақ!»
«Юдкадай, анау залымдай, –
Ит деп пе ең бізді қаңғырған.
Сұмдықты қайдан естіп ең,
Сәбиді қарда қалдырған!..
Обалы қанша, ояу ем:
Дұға оқып шығам түнімен;
Мияулап мысық жатқандай,
Болғаны әйнек түбінен...»
Тағы да естен жаңылдым...
Шатасып, барлық білгенім:
 Есімді жидым тек қана,
Ауруханасында түрменің.
Үш апта жаттым бұл жақта...
Сот болад дейді және де...
Соттасын, мейлі, қорықпан! –
Барса егер мұндай пәлеге.
Не маған оның жазасы!
Сот көргем қатал одан да.
Кешіргем ауыр азапты,
Сол түні – сұмдық боранда.
Болғаны – болды, төземін,
Жұмысым жоқ деп торықпай;
Жанымда балам барында,
Жүремін түктен қорықпай.
Болса да тағдыр толы сын,
Көтерем бәрін сол үшін!
Баламды алмақ болыпты,
Олардан не азап көрмедім?
Арқасы ма әлде аурудың,
Әйтеуір оған көнбедім!
Жатыппын қатты шыңғырып,
Жұлқынып, болып әбігер;
Іздеппін тынбай бөпемді,
Ақыры депті дәрігер:
«Тек тірі болсын десеңдер,
Баласын қайтып беріңдер!»
Ол енді өсіп келеді,
Ойнайды қалай, көріңдер!..
Емгісі келіп талпынар,
Естіртіп күлкі, тәтті үнін;
Тентегім менің сүйкімді!
ЖаҺанда жалғыз шаттығым!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу