Өлеңдер ✍️
ТЫРНАЛАР
Тырналар ұшып барады,
Сыналай жарып әуені;
Думанға бөлеп даланы,
Балалар әнге салады,
Наным мен ескі әуені:
Тырау тырау, тырналар!
Қонатын жер мұнда бар!
Көңілде күдік, алаң бар, –
Шетінер ме екен шетінен?
Топ тырна қайтіп амалдар,
Қала ма қонып, жарандар,
Адасып алған бетінен?
Тырау-тырау, тырналар!
Қонатын жер мұнда бар!
Тырналар ұшты бірақ та,
Қалғысы келмей жолынан;
Балалар қалды қыратта,
Ұзатып салып жыраққа,
Телміре қарап соңынан:
Тырау-тырау, тырналар!
Қонатын жер мұнда бар!
Сендіріп соның бәріне,
Қияли кемпір айтты ма?
Тырналар ұйып әніңе,
Қонақтап, ұшпай әріге,
Бетінен, кәне, қайтты ма?
Тырау-тырау, тырналар!
Қонатын жер мұнда бар!
Балалар, бәрі расында
Айтқандай әжең болмайды, –
Көрген мен білген жасыңда,
Сабақ боп қалып басыңда, –
Санаңда талғам орнайды.
Тырау-тырау, тырналар!
Қонатын жер мұнда бар!
Сабаққа бармай қалған да,
Сондықтан зиян, балалар;
Илансаң ертек, жалғанға,
Басыңды шырмап алғанда,
Ой-санаң торға қамалар.
Тырау-тырау, тырналар!
Қонатын жер мұнда бар!
Жассыңдар, келмес күшің де,
Шындықты іздеп таласқан;
Құнсыз боп ұсақ ісің де,
Жүрерсің бұлттың ішінде, –
Тырналар құсап адасқан...
Тырау-тырау, тырналар!
Қонатын жер мұнда бар!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter