Өлеңдер ✍️
Жедел жәрдем жеткенше
– Ало! Ало!
– Скорыйды қосыңыз!
– Біразырақ тосыңыз...
Осылай бір үн шықты,
Үн шықты да тұншықты.
Жаңағы адам тағы да
Шырылдады жалына:
– Ало! Жөндеп тыңдаңыз,
– Сасып тұрмыз мұнда біз.
Шықты ар жақтан үн қатқыл:
– Жедел жәрдем тыңдап тұр.
– Ало!
Біреу құлап жатыр,
Ұзынынан сұлап жатыр.
– Қайда жатыр?
– Көшеде.
– Жас шамасы нешеде?
– Білмеймін,
Өзі де есі-түсін білмейді.
– Аты-жөні кім?
– Хабарым жоқ дым.
– Жасы қаншада?
– Айта алмаймын оншама.
Шамасы –
Отыз бен қырықтың арасы.
– Қандай бұйымы,
Қандай киімі бар?
Қолында сағаты бар,
Бір банка салаты бар.
– Ұлты кім?
Жұрты кім?
– Оны сайтаным біліп пе?
Армян ба, әлде түрік пе?
Қап-қара мұрты бар,
Дүрдиген ұрты бар.
– Ай, ағайын,
Дұрыс па ақыл сарайың?
Бізге керегі паспорты,
Адресі мен жас ғұрпы.
– Туысым ба, тумам ба?
Мұндай жан жоқ бұл маңда.
Оның бәрі құрысын,
Әрең алып жатыр тынысын.
– Кеселі неден деп ойлайсыз?
– Сұрақты неге қоймайсыз?
Не тамақтан ұшынған,
Не қояншықтан қысылған.
Тезірек жетсеңіздер екен,
Бір көмек етсеңіздер екен.
– Жаны шығып кетсе де шыдаңыз,
Қазір шығамыз.
Бізге соны ұқтыр,
Данныйын тағы бір толықтыр.
– Бейқамдық қой мұныңыз,
Өлтірдік-ау тірі біз.
Бейшара, Бейшараға не шара?
Разы болсын тәңірі,
Соқпай қалды тамыры.
Енді келмесеңіздер де болады,
Бірақ, кімге обалы?
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter