Өлеңдер ✍️
Жарлы бай
«Бай болу не күйлі аса,
Ішіп-жеуге өзіне-өзі қимаса,
Ақшаны тек жинаса?
Өлгеннен соң бәрі қалар артында,
Өшер бірге абыройың, даңқың да.
Билігімде байлық мол боп тұрса егер,
Бір теңге емес, тіпті мыңдап жұмсар ем.
Бөгіп күміс, алтынға,
Алыстарға кетер еді даңқым да.
Аямас ем байлығымды қолдағы,
Сараң байлар барып тұрған ақымақ», –
Жарлы өзінше тап осылай ойлады,
Жұп-жұпыны лашығында жатып ап.
Кірді біреу тесіктерден бір кезде,
Сиқыршы ма, жын ба әлде, мүлде өзге.
Болар, мүмкін, соңғысы,
Ісін айтар оңдысы.
Сөз бастады: «Баю екен тілегің,
Қызметіңе мен дайынмын, біле-біл.
Міне, әмиян, жалғыз теңге ішінде;
Бірақ, бірін алсаң, тағы шығады,
Құйылып кеп тұрады;
Баю енді өз қолыңда, күшіңде.
Алған сайын шығар теңге сыңғырап,
Көңлің шалқыр көлдене.
Біл, бірақ:
Жаратпауға тиіссің бір теңге де», –
Ғайып болды деді де сол кезеңде.
Қуанғаннан сол Жарлы ақылдан сәл танбады,
Есін жиып артынан, әмиянды қармады.
Қайран қап тұр: түс пе, әлде өң бе бұл?
Бірін алса теңгенің,
Екіншісі шыға келер дайын боп;
«Таңға шейін бұл бақыт сарқылмасын лайым», – деп,
Жарлы Аллаға жалынды. –
Қалауымша жиып алтын теңгені,
Таң атқанша елдегі
Бай боламын кәдімгі».
Таңда, бірақ, қайтты райдан жаны ұша:
«Рас, – деді ол, – болып алдым бай тіпті,
Кім жеккөрсін байлықты!
Қайтер еді тағы екі есе байыса?
Ауыр ма?
Тағы бір күн тұрса әмиян сауынға!
Мынау – үйге, саяжайға, кемеге;
Сатып алар едім және ауыл да;
Тастай салсам, ездік емей немене?
Ұстай тұрып бұл шіркінді сиқырлы,
Түбін әлі қағам ғой,
Жұмсап тағы бір күнді;
Ал, тірлікке уақытты табам ғой».
Содан кейін күн, апталар, ай өтті,
Алған сайын Жарлы ақшаны үдетті.
Тамақты да жөнді ішіп-жемейді,
Қайталайды таң ата жұмысын сол кешегі,
Жетпейді де тұрады бойынша оның есебі,
Алып болдым демейді.
Әмиянды ап жолға шықса жиылып,
Тарсылдайды от жүрегі жиі ұрып.
Кері тартып, өзенге аяқ баспайды,
«Әмиянды, – деді, – қалай тастаймын,
Жатса теңге өз-өзінен құйылып?»
Ақырында Жарлы байқұс қартайды,
Азып кетті, әл тайды,
Алтындай боп өзі-дағы сарғайды.
Сән-салтанат толғантпады енді оны:
Жойып күшін, денсаулығын қанша бір,
Қалтырата созып өңсіз саусағын,
Әмияннан ала берді теңгені.
Ала берді... бір қанағат еткен бе?
Мол байлықтың ортасында көл-көсір,
Дүкенінде санап өлді теңгесін,
Тоғызыншы миллионға жеткенде.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter