Өлеңдер ✍️
ЖАСЫЛ ОТ
Ақ жаңбыр жауып қырға өткесiн кеп,
жанады түнде жасыл көк төсiнде от.
Жасыл от – аспандағы мың сан жұлдыз,
бiздерге қарайтындай тектесiм деп.
Тағдырлас…
Тамыры бiр сырласым деп,
үздiгiп шолатындай қыр басын көп.
Ойлары жер үстiнiң көктi кезiп,
арманы адамзаттың жырға сiңбек.
Қол созып көшелерден, алаңдардан,
бiр үмiт тiл қатардай санамды алған.
«Осынау сұлулықты сақташы» деп,
жәудiреп қарайтындай тәмам жалған.
Сүйiнем, сүйсiнемiн, сыйынамын,
кеудеме көктен алыс құйылады үн.
Жасыл от, жан тербеген бiр күдiк ой,
жасырман, қадалады миыма мың…
Сондықтан мен де айтамын сырласым деп,
Ойыммен кезiп жердi, қыр басын көп.
Сақтанам…
Сақтандырам бiр жарымес
сенi алып нысанаға тұрмасын деп…
Болмаса сезiм нәзiк, жыр есер кiм?!
Жер үшiн, аспан үшiн күресер кiм?!
Бiздi алып қарауылға ол жақта да,
кiм кепiл тұрмасына бiр есердiң?!.
Ақ жаңбыр төпеп-төпеп өткесiн кеп,
жанады түнде жасыл көк төсiнде от.
Жасыл от – жасыл ғалам, мың сан жұлдыз,
мұңайып қарайтындай тектесiм деп.
маусым, 1987 жыл.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter