Өлеңдер ✍️

  23.03.2022
  98


Автор: Нұрлан Оразалин

Естимiсiң....

Естимiсiң,
Тыңдашы дала шуын!
Көктеменiң толқытып қара суын,
тасқын атып, телегей төңкерiлiп,
төгiп-шашып келедi бар ашуын.
Дала бусап келедi, дала қайнап,
жанарында көк сағым, жанады аймақ.
Жаңа туған дүние азан-қазан,
тойлап жатыр Алатау, қарағай, бақ.
Тойлап жатыр белдердiң қыры сынып,
кеудесiнде көлдердiң – ырыс-үмiт,
Көктөбенi жасаулап, құлпыруда
жiгiт-көктем қыз-қырға гүл ұсынып.
Дала билеп келедi, дала күлiп,
көкжиектен ән тарап, тарап үмiт.
Сәйгүлiк жел жарысып құба жонмен,
сандал тауды тепкiлеп, барады ұрып.
Табиғаттың тiзгiндеп бар ашуын,
қара, ойлардың, қарашы, таласуын.
Көктемдейiн кеудемде азан-қазан,
тасып жатыр телегей – қара суым…
 
Естимiсiң,
Тыңдашы, дала шуын,
Дала шуын, тыңдашы, жан ашуын,
сеңдей болып бұзылған ақпан менен
көк наурыздың, қарашы, таласуын?!.
8 наурыз, 1980 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу