Өлеңдер ✍️
ТЫНЫШТЫҚ ЖЫРЫ
Әр минутқа…
Әр сағатқа мен өткен,
соғатындай бiр сұрапыл кенеттен,
сезiктене қарап тұрам,
Дәуiрiм!
сергек оймен, сезiмменен, елекпен.
Қарамауға қақым да жоқ… Жоқ шама.
Алданатын болмашыға, бопсаға
Уақыт па?
Жер тағдыры – тұр таразы басында,
Жер тағдыры – топсада.
Жер тағдыры – сенiң, менiң қолымда,
әр қадамың,
әрбiр басқан жолыңда.
Алты құрлық басталады ошақтан,
Тек өзiңде!..
Бағың және сорың да.
Әнiң…
Нұрлы аспаның…
Күлкiсi де, тағдыры да басқаның,
қуанышың, шаттығың да – өзiңде,
шалыс басқан бiр қатеңде,
түзетiлмес қас-қағым.
Жер тағдыры – қас пен көздiң iшiнде,
артық айтқан бiр сөзiң мен iсiңде;
қуатында махаббаттың бойдағы,
Адам атты құдiреттi күшiңде.
Алып шығар тұңғиықтан,
түнектен…
Орман,
Дала,
Қиырларды түлеткен…
жалғасындай Адам-Ата, Хауаның
жер тағдыры –
мың-мың миллиард жүректе…
Тiрлiгiң де...
Түтiнiң де...
Шамдар да…
Өзенiң де,
Көлдерiң де,
Заңғар да,
Пальма… Кактус…
Балқарағай…Талдар да,
Сұлу кештер, таңдар да,
Бәрi…
Бәрi…
Ей, Уақыт!
Күтер сенен мейiрiм.
Жер, жүрегi, тынысы –
күйiп,
сүйiп,
өртенетiн жандарда.
Сақта!…
Сақта!..
Сақтағын!
Сұлу Ай мен тiршiлiктiң ақ таңын,
быт-шыт етiп,
«бұзық ойлар» шатпағын,
Жұлынды соқ!
Тамырымда ақ, қаным,
жер «тұмауы»
«дертке» айналып жүрмесiн,
көмек керек!..
«Жедел көмек»!
Қалғып-мүлгiп жатпағын.
Тiрiлер мен өлiлер атынан сұраймын!
Жетiмдер мен жесiрлер атынан сұраймын!
Сұраймын
армандай аппақ кептерден,
оянған өртең шөптерден,
азап пен күрес көп көрген,
қан-қырғындарды өткерген
Жер атынан сұраймын!
Қанатын жайып, көкке өрген
Ел атынан сұраймын!
Жер үстi адамзатынан,
әр минуттан,
әр сағаттан мен өткен,
махаббатын қалқан еткен, жебе еткен –
Сұраймын!
Соқпасын деп бiр сұрапыл кенеттен!..
5 мамыр, 1980 жыл.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter