Өлеңдер ✍️
Саған бiр....
Саған бiр кез әулиедей сенгенмiн,
сенген үшiн сергелдеңге көнгенмiн.
Серi көңiл жетегiнде – сен үшiн!
Сел мен сеңнiң құшағына енгенмiн:
Жеңiлгенмiн…
Жеңiс дәмiн көргенмiн.
Ту қып ұстап есiмiңдi кейде мен,
кей ортада сәл артықтау сөйлегем.
Байқап тұрсам, сол мiнезiм алаңсыз
жастық екен, арман қуған жейдемен.
Адал кезде ардың iсi – ер iстей,
аярларға жалтақтамай, берiспей
жүрген шақта арамдық жоқ бiр мысқал…
Ойладық па кетемiз деп көрiспей?!
Тағдыр шығар?!
Күйттедiк те бас қамын,
қиын жерде жалт бұрылдың – тастадың.
Тас-талқан қып шарайнасын достықтың,
шығар ма естен аяққа сап, басқаның?!
Сеңдей көшiп сенiмiмнiң бар әнi,
тұман басты кеудемдегi даланы.
Сатқындықтың оғы жалап жүректi,
аунап түстiм жолбарыстай жаралы.
Қаншама рет содан берi жел естi,
көктем келдi, қар ерiдi, шөп өстi.
Сұлу мамыр өрiп талай өрнегiн,
гүл көмкердi Алатауды, белестi.
Өмiр – ағыс… Жаны сұлу аз ба адам?
Сенсiз де мен жалын болдым маздаған.
Сол адамдар сақтап қалды мендегi
Сенiмiмдi сен өлтiре жаздаған.
желтоқсан, 1980 жыл.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter