Өлеңдер ✍️
АҚЫН БОЛУ ХАҚТЫҢ IСI немесе ДОСТАРҒА ЖАЗҒАН ХАТТАРДАН
(«Жас дәурен. Ой кешу» дәптерiнен)
***
Бұл сезiмдi демегiн күйректiгiм,
достар менде келедi сиреп бүгiн.
Бүредi үнсiз жүрегiм соны ойласам,
ұйқым қашып, сыздайды бүйрек, түнiм.
Iштегiнi, шiркiн-ай, көз көрер ме?
Кiнәлi кiм?
Өзiм бе?
Өзгелер ме?
Айыптыны тапқанмен, айтыңдаршы,
мына шикi тiршiлiк өзгерер ме?!
Арман – асау. Бәрi де сұрақ маған.
Қиял – тазы, жеткiзбес бiр ақ табан.
Оңашада ойсырап, ортаям да,
ел көзiнше «шiренiп», құр ат қонам.
Өз қотырым – өзiмде «қасынамын»,
мұңымды да өзгеден жасырамын.
Ел көзiнше тау болып асқақтаймын,
оңашада ойпаң боп басыламын.
Өмiрменен жарысып санам әлек,
(ойыншықпен алысып балам әлек);
Жарымнан да жасырам кейде ойымды,
мұңға батып өртенiп, жана ма деп.
Қайғы, шерге тiрлiкте балама көп,
айтудан да сескенем анама кеп;
перзентiнiң мазасыз күйiн көрсе,
көңiл жарым, қабаржып қала ма деп.
Шыным осы…
Демегiн күйректiгiм,
достар менде келедi сиреп бүгiн.
Ұйқым, күлкiм – мазасыз нәрестедей,
берер емес жүрек пен бүйрек тыным.
Достар менде келедi сиреп бүгiн…
желтоқсан, 1980 жыл.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter