Өлеңдер ✍️

  23.03.2022
  129


Автор: Нұрлан Оразалин

МЕН ТУҒАН КҮН

(«Iздену. Iз кесу» дәптерiнен)
«Өз ғасырым өзiмнiң иiнiмде…»
Төлеген
1. «Қыдырып жүр аспанды үн-дуана…»
***
Мен туған күн… Бүгiн отыз үштемiн…
Ашылған жоқ көп қазынам, күш-кенiм.
Ұнамайды кейде өлеңiм өзiме,
ұнамайды кейде «кеуiп-iскенiм»…
Ұнайтындай не бiтiрдiм мен осы?!
Ойларымның қайраңдап тұр кемесi.
Ырду-дырду… Өтiп жатыр көп күнiм,
жан төрiнде – жастық шақтың елесi.
Қалғандаймын бiр аралдың шетiнде,
өкпе буар өсектердiң өтiнде.
Өкiнiшiм – бiтпей жатқан жырларым,
бекiнiсiм – дәптерiмнiң бетiнде.
Шаттығым да, аз дей алман баста мұң,
Есениннен үш жас үлкен жастамын.
 
Шоқаннан да үш жас үлкен ағамын,
ұнайтындай не бiтiрiп тастадым?!.
Рас!..
Рас!..
Ой сүзбеген кем кешiм.
Ой жебесе, жебер едi пендесiн.
«Абай қайтып жаратты, деп, өлмес жыр»,
күнi-түнi толғанамын сен, досым.
Жастық шақтың ұзап алыс желегi,
толғанумен өмiр өтiп келедi.
Сезiм шiркiн кетпесiн деп қартайып,
жүрек, сана ой азабын шегедi.
Мен туған күн… Бүгiн отыз үштемiн…
Ашылған жоқ көп қазынам, күш-кенiм.
Өз тiрлiгiм кейде ұнамай өзiме,
келем, досым, Сыртым – бүтiн, iште – мұң…
Мен туған күн… Бүгiн отыз үштемiн…
маусым, 1980 жыл.
 
***
Сезiм… Ойда… Санада «бiлек түрiп»,
жалғасуда бiр «майдан» жүректi ұрып.
Жырым менiң, абай бол, қалғи көрме,
кiрпiгiңмен таңдарды тiреп тұрып…
Ұғын: Ұрпақ, замана түлейдi ұлмен,
өз дәуiрiн тiзгiндер мың ой бiлген.
Ойсыздардан аулақ жүр, опасыздан,
Көрiн дәуiр өрiнен…(Тiлеймiн мен!)
Бүгiн тағы, сеземiн, арып келдiң,
мағынасыз «майданға» барып келдiң;
көрiп келiп жүдедiң армансыздан
алданғанын аңғарып ғарiптердiң.
Үнсiз тынып, түгендеп мұң сабағын,
атқақтайды деп пе едiм мұнша қаным?!
Көрiп келiп тарындың әумесердiң
әулиенi шiренiп жұмсағанын.
Сезіп достың «ала жiп» аттағанын,
жағымпаздың «жалданып» мақтағанын;
көрiп тұрып ашындың зымиянның
әдiлеттi аяусыз таптағанын.
Артың – жартас-замана, алдың – ағын,
абай болшы, абай бол, қалғымағын!
Арши алсаң жарады адамдардың
Жүрек атты бiтелген балбұлағын…
қазан, 1980 жыл.
 
***
Күнделiкте тоқып өскен сөзiң тұр,
жұлдыз кезiп, Айға асылған сезiм тұр;
сенен гөрi сәл ессiздеу, тентектеу,
сәл тектiлеу, «тебiнгiлi» кезiң тұр…
Өлең ғана өртейтұғын өзегiн,
өгейлiкке жiбермейтiн кезегiн;
сенен гөрi сәл батылдау, сәл батыр
жиырма жасар бозбала тұр, сеземiн.
Сенен гөрi өктемiрек – отты үнi,
махаббатсыз күнi де жоқ, жоқ түнi;
өле сүю, өле күю – арманы,
одан өзге тал бойында жоқ мiнi.
Өмiр жайлы кесiм оған – түк емес,
саған ауыр – оған мысқыл жүк емес;
ол иiрсе – алшы түсер сақасы,
тәйке де емес, шiге де емес, бүк емес.
Онда – жiгер, сен жiгердi қажыттың.
Ол – түнқұмар, сенен қашты сазып түн.
Ол – тәуелсiз… Сен – бодансың байлаулы
белдеуiне қоғам атты қазықтың…
Асуың да?.. Алған оған белестей,
оған анық – саған жұмбақ, елестей.
Күнделiктен қарайды бiр бозбала
саған ұқсас… Бiрақ өзiң еместей…
қазан, 1980 жыл.
 
***
Сөзiң әрбiр ойымды түршiктiрiп,
қарсы келсең – тұрғандай «қырсық» күлiп…
Сенi көрсем…
Боламын жын көргендей,
перiп өткiм келедi ыршып тұрып.
«Бар» мен «жоқты» көзiңмен көре тұрып,
көпе көрнеу айтасың неге өтiрiк?!
Мақтар тұста даттайсың сыздап тұрып,
даттар кезде мақтайсың өре тұрып.
Азынаулақ сөзiңмен малдандырып,
«назын» аулап тұрасың, алдандырып;
шарай топта тұрасың шаң жұқтырмай,
жалған сөйлеп жұртыңа, жалған күлiп.
Жалғандықтан жаның бiр арымай ма?
Бөтен ойлар шоқ болып қарымай ма?
Ұстарасың – қылпылдап, ұстатпайсың,
қасықтайсың аунаған сары майға.
Ойың бөтен… Әр сөзiң түршiктiрiп,
қарсы келсең – тұрғандай «қырсық» күлiп…
Сенi көрсем…
Боламын жын көргендей,
перiм өткiм келедi ыршып тұрып.
қазан, 1980 жыл.
 
***
Көк өзеннiң кешкендеймiн тасқынын,
күрсiнбешi, солығыңды бас, күнiм.
Бәрiне де тентек ақын кiнәлi –
қас-қағым сәт қайта оралған жастығым.
Алай-дүлей… Қараспаным түйiлiп,
астаң-кестең… Жүрек шiркiн жиi ұрып,
аспанымды бiр әзәзiл кездi де,
болды менi жiбергендей «бүйi» қып.
Өзiм…
Өзiм…
Өзiм емес, басқадай,
қапелiмде қара албасты басқаны-ай.
Бiр жынды мұң жұлынымды жұлмалап,
аңдаусызда ақыл-достың қашқаны-ай.
Өзге бiреу ар-ұяттан жасқанбай,
қазынамды оңды-солды шашқандай;
«сыртым – бүтiн, iшiм – түтiн» күйдемiн,
әрi-сәрi… Көңiл күзгi аспандай…
Көк өзеннiң кешкендеймiн тасқынын.
Күрсiнбешi! Солығыңды бас, күнiм.
Менi кеше адастырды ақ сайтан,
қас-қағым сәт жаңылдырды жастығым.
Солығыңды…
Солығыңды бас, күнiм…
қараша, 1980 жыл.
 
***
Түнгi он екi… Ұйқыда түнгi қала…
Қыдырып жүр аспанды үн-дуана.
Қара суық… Қараша… Қара жаңбыр…
Қала кезiп келедi мұңды бала.
Қам көңiлдi… Иленген терiдейiн…
Қара суық – құтырған перiдейiн.
Қайда кетiп барады мына шiркiн,
тағдырымен алысқан бөрiдейiн?!.
Қара жаңбыр суы да арықтағы,
қызыл-жасыл жарнама жарықтары,
қара аспан да… Дүние мынау ұлы
мұңды жанға көрiнер ғарiп бәрi.
Қарашаның көгi де күркiреген,
қара суық жауын да сiркiреген,
қара тал да, қайың да – ғарiп оған,
ғарiп оған – қартайған бiр түп емен.
Таудан түскен көрсоқыр тұманың да,
ғарiп болып елестер думаның да…
Сап-сау мына ғаламды ауру санап,
дерттi пенде барады түн-ағында…
Түнгi он екi… Ұйқыда түнгi қала…
Жаңғыртады аспанды үн-дуана.
Сыймай жердiң үстiне жаңбыр кешiп,
қайда кетiп барады мұңды бала?!.
қараша, 1980 жыл.
 
***
Бiр сақтаса, адамды сақтар үмiт,
сәттер сақтар сiлкiнген ақтарылып.
Саған, досым, сырымды айттым бүгiн,
қарашада жатқанда бақтар ұлып.
Сезiм – желкен…
Жыр – теңiз…
Қайық – дала…
Артық айтты демегiн. Айыптама.
Желкенiмдi көтерсем, жеткiзбей ме
Iлеге де, Ертiске, Жайыққа да?!.
Оңды-солды шабытты ырғап алып,
бiр желпiнсем, шiркiн-ай, Сырға барып;
Қаратауды кезсем бiр кие қонған,
Атыраудың айдынын нұрға малып.
Сәл ұмытып уайым, қайғы-мұңды,
Сарыарқаны шарласам – айдынымды.
Алтай барып, аунасам ауа жұтып,
Шыңғыстауда тербетiп Айды, Күндi.
Сәлем жолдап елiмнiң Арқасына,
Жетiсудың көз тастап әр тасына;
Алатауды армансыз бiр аралап,
бiр сүңгiсем Аралға, Балқашыма.
 
Құс ұшырып Сексенкөл, Есiлiме,
түнеп қайтсам Түркiстан есiгiне.
Қарадала…
Қарқара…
Қайта оралып,
бiр сиынсам Аспантау-бесiгiме.
Бiр сiлкiнсем осылай ақтарылып,
қарашада жатқанда бақтар ұлып;
Қазақ жерi – киелiм! Жебер менi…
Жебер менiң Жырымды! Сақтар Үмiт!..
қараша, 1980 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу