Өлеңдер ✍️

  23.03.2022
  110


Автор: Нұрлан Оразалин

РУХПЕН ТIЛДЕСУ

Атажан-ай! Армысың! (Тiрiсiң бе?!)
Мiн жоқ едi сөзiң мен жүрiсiңде.
Сенi кейде сағынам үйде отырып,
ұсағын да, iсiңнiң iрiсiн де…
Медет болып жаныңа «сая-құдай»,
таңды оятып жүрмiсiң баяғыдай.
Көк аспанға көз тiгiп, мiз бақпастан,
оң қолыңнан бiр түспей таяқ ұдай.
Той келгенде төрiнде бата қылып,
ой келгенде жүрегiң жата ма ұлып?!
Әлi солай шатынап тұрамысың
әлдекiмнен көргенде қата қылық?..
«Тәуба» қылып бұйрыққа – бiр несiбе,
көздi қадап жұмақтың iргесiне.
Ол жақта да жүрмiсiң құран оқып,
шәйiт болған аруақтар мүрдесiне?
Боздақтарды еске алып сүрең кешкен,
үмiт күтiп, боз таңнан, күрең кештен;
ол жақта да жүрмiсiң қапаланып,
жайлауыңды көргендей түрен кескен?!.
Бүр жарғанда сәуiрде бала қайың,
қуандың ба ғарыштан баладайын?
 
Таулардайын қозғалып, ауық-ауық
аунадың ба тершiген даладайын?!
Ойша тергеп он сегiз мың ғаламды iшiң,
ол жақта да арттырып бағаңды шын,
қақ төрiнде жұмақтың отырмысың,
Атажан-ай! Сағындым…(Аманбысың?!.)
қазан, 1980 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу