Өлеңдер ✍️

  23.03.2022
  420


Автор: Тортай Сәдуақас

ЖАҚСЫНЫҢ ЖОЛЫ ЖАЛҒАСАР

Соғыс және еңбек ардагері Шаяхмет Ғайнановтың 100 жылдық мерейтойына


 


Өткерген көп тарихты електен ел,
Бабалар туралы мол дерек берер:
Ер жеттің Алла жебеп, аруақ қолдап, –
Би бабаң Құдайберді, Медетбек ер!..
Жасыңнан жақсы істерге машықтанып,
Атыңды жақын біліп, қашық танып;
Тартыпсың бауырыңа ағайынды,
Құшағын өзіңе кең ашып халық!
Ойлаумен елдің қамын, малдың бабын,
Атыңды қай жайлауда шалдырмадың?
Біреудің аттамадың ала жібін,
Көңілін ағайынның қалдырмадың!
Тер төгіп атамекен, жерің үшін,
Күш салдың құтайсын деп кең ұлысым:
Төріңдей болып жақын ауыл-аймақ,
Ерінбей еселедің ел ырысын!
Еңбексіз абырой-бақ қайдан келсін,
Жайнатып жасыл бағын жайған белсің!
Қолыңа қару алып ер бабаңдай,
Кезінде ел қорғаған майдангерсің!..
Өмірдің кешіп жүріп көп өзенін,
Көркейсе қуаныпсың «Көкөзегің»!..
 Мал-жанның қамы болып бар мақсатың,
Мұратын мәнді өмірдің межеледің!
Арасын жалғап Қастек – Кішікемін,
Екі елдің табыстырдың кісілерін;
Қадірлес жақын тауып, жекжат тауып,
Тақпаған дос-жаран да ісіңе мін.
Болғандай ақ тілеуің ұл-қызға бақ,
Жанғандай алдарынан жұлдыз ғажап;
Төрінен Алатаудың атқа қонсаң,
Тұрғандай тілек қосып қырғыз-қазақ!..
Ұл-қызың өрге жүзді талаптанып,
Самғады тастүлегің қанат қағып!
Танылды алты алашқа перзенттерің,
Ойдағы үміт-сенім бәрі ақталып!..
Зейнетсіз бұл өмірдің бар ма сәні,
Арманың ұрпақтармен алға асады:
Іздері үзілмейді ізгіліктің,
Ғұмыры жақсылардың жалғасады!..
Заманның еңсең биік шоқтығында,
Өнеге жақсы істерің көп буынға;
Бірісің Тәуелсіздік тілеулесі,
Пейілің бар ғой елдің көк туында!..
Қадірлеп жақсы ісіңді тізбелеген,
Ұрпаққа сабақ болар ізгі өнегең;
Жаңғыртып жатса атыңды жайсаң ұрпақ,
Құрметі ол туған елдің Сізге деген!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу