Өлеңдер ✍️
БУРАБАЙ – ҚҰТТЫ МЕКЕНІМ
Бурабай – елдің сұлу өлкесіндей,
Бурабай – табиғаттың еркесіндей.
Тұлғасы тұнып тұрған сырға толы,
Бурабай – тарихымның өркешіндей.
Бурабай – Абылайдың хан ордасы,
Бурабай – Ақан, Біржан: ән арнасы;
Аңсаған алашымның арманындай,
Бурабай – Тәуелсіздік замандасы!
Бурабай – ерлігімнің байрағындай,
Бурабай – елдігімнің айғағындай.
Төскейі – төрт түлік пен алтын астық,
Жайнаған жер жаннаты қайда мұндай?!
Төрінде бағым жайнап, өсті гүлім,
Бурабай – бақшасындай достығымның!
Сан жұртты бір мақсатқа жұмылдырып,
Тілекпен көптің басын қосты бүгін!
Бурабай – ұя болған ұландарға,
Бурабай – қия болған қырандарға.
Бурабай – мақтанышым, абыройым,
Шығарған сан түлекті шығандарға!
Бурабай – туған елдің тілегіндей,
Бурабай – туған жердің тірегіндей.
Бурабай – сән береді, нәр береді,
Елімнің соғып тұрған жүрегіндей!
Бурабай – Астананың қанатындай,
Құлшынтып ел үмітін жағатындай;
Арманшыл ұрпағымен бірге жасап,
Мирас боп мәңгілікке ол қалатындай!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter