Өлеңдер ✍️

  23.03.2022
  136


Автор: Тортай Сәдуақас

Жыр сабасы

Кеудеңде шалқар шабыт салып ойнақ,
Жайлауда жыр үйірін желіп айдап;
Қамымен қалың елдің, қайран ақын,
Жүруші ең жеті түнде желі байлап!
Алдыңда асқар асу, тұрса да сын,
Батырдай бес қаруың құрсанасың.
«Көп жылқың көкалалы көлде жусап»,
Қотардың қорын үзбей жыр сабасын.
Сабаңда – өлең сөздің өмірлісі,
Сіңгендей сүрдің исі, тобылғы ысы.
Сімірсең бойың балқып, ойың шалқып,
Қияға құйқылжиды көңіл құсы.
Кезің жоқ дала кезіп, дамыл тапқан,
Құтпансың бал қымыздың бабын тапқан.
Ағылып ақ ордаңа алыс-жақын,
Аңыз ғып айтады ел дәмін татқан.
Көп еді көңіліңнің түскені де,
Бәрі мәз май шайқаған піспегіңе...
Өкініп, кейін бармақ тістедің не,
Қылды өсек май жақпаған іштеріне...
Ағайын аузым бармас азды деуге,
Қызғаныш қыздырып ор қазды ма әлде?
Жырыңды жат та жаттап жатқан кезде,
Жақпады бәйге алғаның бәзбіреуге.
Топ жардың Толағайдай толғанып ап,
Көрмеген көресің жоқ жолда бірақ.
Тартпадың тізгініңді тартсаң да азап,
Демедің опқа түсем, орға құлап!
Таптырмай тарпаң уақыт төзім, тағат,
Ағындап ойың – дүлдүл, сөзің – қанат;
Еріндей ертегінің екпіндедің,
Торға да тоқтай алмай тоғыз қабат!
Жүр едің қаперіңе қулық алмай,
Басыңа қасірет күн туды қандай?
Жұртыңа жеті ағайын жұт келгенде,
Жұлқынып жұта бердің уды балдай!
Қатал күн қарақшыға тонатты да,
Жал біткен жонына қол жолатты ма?
Жабығып жапан түзде қала бердің,
Көз сүзіп көлденең кіл көк аттыға.
Жай түсіп жапандағы жалқы ағашқа,
Көз жазып қалды халқың жанталаста.
Атыңды бір естуге зар болды ұрпақ,
Атағың аян еді алты алашқа!
Жайлаудай жаны таза періште едің,
Кесірмен кессе де бас келіспедің.
Әлдилеп әкетті өлім әлдеқайда,
Жүрекке біткен мәңгі беріш пе едің?!
Түзде ме, қайда молаң, үйдемісің,
Жұлдыздар сөнбейді деп түйген ішім;
Бір уыс топырақ та қимай ма жер,
Өз елін өліп-өшіп сүйген үшін?!
Көз сүзіп сұм заманның түнегіне,
Жүрегім, жүдей берме тым егіле:
Бейітің қайда екен деп қамықпайын,
Жұртың бар жерлеп қойған жүрегіне!
Ол рас, сендей ерді таба алмасым,
Рухымның толтыра бер тағы арнасын.
Ақынның айтып өлген арманы жоқ,5
Жарқылдап жауға тиген ақ алмасым!
...Даланың жаңғырығып үні келген,
Күмпілдер күні-түні күбі кеудең;
Артып ап ауық-ауық ауған жүгін,
Келеді көшін түзеп ұлы керуен.
Асқақ жыр Асан сазды, Қорқыт үнді,
Біледі елдің бағын шалқытуды:
Сабасы сарқылмаған сары қымыз,
Сімірем садағаң боп сарқытыңды!..
5
Ақын М. Мақатаевтың сөзімен үндесу.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу