Өлеңдер ✍️
Ала қойлар
Патша Арыстан қойларды ала сүймеді,
Оп-оңай-ақ болар еді жоюға,
Заңсыздау ғой, бірақ сөйте қоюға –
Сол үшін бе тәжді киіп жүргені?
Тым ыңғайсыз өзі бастау шатақты;
Бірақ, қойдың ұнамайды бұл түрі,
Сақтап қалу керек әрі атақты.
Кеңес құрып бір күні,
Шақырды оған Аю менен Түлкіні.
Көрген сайын қойларды ала қор болып,
Күні бойы көзі ауырып түйнеді.
Қалар бұдан бір күндері көр болып,
Қойдан қалай құтылуды білмеді.
«Ұлы Арыстан, – деді Аю қара сұр, –
Керегі не артық сөйлеп шатылып,
Алыстан жұрт шақырып.
Қыру керек. Қойға кімнің жаны ашыр?»
Аңдап Түлкі Арыстанның қабағын,
Деді жайлап: «О, патшамыз шүбәсіз,
Дұрыс еттің текке орғызбай тамағын.
Мен бір кеңес берейінші, тақсырым:
Бөліп бергін жайылымды жақсы бір,
Шөбі шүйгін болсын белес-белдері;
Малшы қауым болғанымен кенде бір,
Қой бағуды Қасқырларға тапсырғын.
Байқауымша, болса солай күтімі,
Өзі-ақ құрыр сонда олардың тұқымы.
Ал, Қасқырлар тойлай берсін тойларын,
Не істесе де жұқпас сіздің бойға мін».
Түлкі сөзін кеңес қабыл алғалы,
Арыстанның ойы іске дәл асып,
Сол қойлардың өспек түгіл аласы,
Қарасы да қалмады.
Дейсіңдер ғой бұдан соң аңдар қалай қарады?
Арыстанды ақылды, Қасқырды сұм санады.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter