Өлеңдер ✍️
ДӘУЛЕТ ҚАРТТЫҢ АЛТЫНШЫ ЕСТЕЛІГІ
Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы теміржолшы Дәулеттің қажырлы еңбегі.
Осы жол сонда да көп сынға түсті,
Серпуге елге түскен зұлмат істі;
Күре жол кек кернеген кетті аттанып,
Жалмауыз жалмағанда күн батысты.
Әскери эшелондар сабылысқан,
Жар демей, жаңбыр демей жарып ұшқан.
Арыстар арпалысқа аттанады, –
Кектенген, жігерленген, сағынысқан.
Оқ-дәрі, қару-жарақ – тасығаны,
Жайсаңы, жалпақ елдің жас ұланы.
Тасырлап, қаһарланып, аруақтанып,
Әскери эшелондар асығады!
Қорғасын, көмір, темір – тиегені,
Жауынгер сенгені де сүйегені.
Бәрін де майдан үшін аттандырды,
Жатқанда отқа оранып киелі елі!
Танктер, зеңбіректер – сүйрегені,
Керегі кесір жаудың күйрегені.
Нан мен тұз, киім-кешек, махаббатын, –
Бәрін де аттандырды сүйген елі!
Ол жақтан аз емес-ті тасығаны,
Жесірі, жетімегі, жас ұланы.
Күншығыс, тылға қарай тыным алмай, –
Әскери эшелондар асығады.
Тыйылар жалмаған өрт, ұшқан оқтар,
Үріккен ұясына құс қонақтар.
Ол жақтан аз емес-ті тасығаны:
Кітаптар, балға мен төс, станоктар!
Хат-хабар, қара қағаз – тасығаны:
«Жас қыршын жастап жауын, жасымады...»
Солқылдап, ыңыранып, күңіреніп,
Әскери эшелондар асығады.
Бірлікті тырысты жау кетіргелі,
Сапымыз бірақ біздің сетілмеді.
Кең дала құшағына еніп жаты, –
Ауған ел, панасыз көп жетімдері...
Қолқа атып запыраны замананың,
Естіліп жоқтау үні, зары ананың;
Үн берген медальдардың сыңғыры әлсіз,
Сыздатқан сызды аспан тек жараларын.
Ақсағы темекі орап шолағына,
Тоқсағы сусын беріп молағына;
Басыры басу айтып кереңіне,
Жесірі жетімегін жебеді де!
Жетті ғой, жетті ақыры жемісті күн,
Жүйткіді ол желбіретіп жеңіс туын!
Қазаны жиырма миллион
қайтты арқалап, –
Қайысар қабырғасы не күштінің?!
...Күйген жер, күйінген ел, жоқ тамағы,
Тыл аман, сол Отанның оққағары.
Шапағат нұрын тасып әрлі-бері,
Әскери эшелондар тоқтамады!
Көтерген ел еңсесін енді ғана, –
Қомдан деп қолда барын берді дала:
Тасыды ол тау-тау астық,
ет пен сүтке, –
Айдады табын-табын зеңгі баба!..
III. Соны соқпақтар
– Тағы да тыным алмай Тыңға келдік,
Әлемге әйгілі ғой мұндағы ерлік.
Миллиард дәнін артып болашаққа,
Тізгінін тұлпар жолдың ұлға бердік.
Достармен дәуірледік қол ұстасып,
Деместен еш межені алыс, қашық;
Елімнің ерлік жолы енді бүгін, –
Ғаламат өрлеп кетті ғарышқа асып!..
7-ші сұхбат
– Бірісіз керуенбасының,
Ғұмырын елге арнаған;
Асыққан, ата, ғасырың,
Жолыңды қуған бар ма адам?!
– Жұмысшы әулет атанған,
– Бір қауым елміз дәл қазір.
Бауырымда өсіп, бата алған,
– Біреуі соның БАМ-да жүр!
Есіркеп, ашқан көзімді,
Есіл ер Досов, дос ағам!
Еске алып сол бір кезімді,
Есімін қойдым – Көшаман!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter