Өлеңдер ✍️
Қазақ ордасының құрылу салтанаты.
Мәңгілік ел мұраты
Керей хан:
Құрдық жаңа Орданы, –
Шықтық өрге буып бел!..
Жиып жақсы, жорғаны, –
Салтанат құр, сүйікті ел!..
Қозыбасы – қыстауың,
Жаз жайлауың – Сарыарқа...
Басын қосқан үш қауым, –
Құтты болсын жаңа орта!..
Ұлытау, Шу, Нұра, Есіл,
Кіндігіндей ұлыстың;
Пейіліңдей көл-көсір,
Келер шалқып ырыс күн!..
«Әз Жәнібек» сұлтан:
Орда құрдық жаңадан, –
Болмаған іс бұрын еш!..
Қазаққа ірге қалаған, –
Құтты болсын ұлы көш!..
Ашты ол елдің өрісін,
Ырыздығы – толды астау!
Ең абзалы ел үшін –
Алғашқы боп жол бастау!..
Қиындықта жолды ашқан, –
Шын жанашыр болады;
Елдің ісі өрге асқан, –
Толысады, толады!..
Ертіс – Еділ арасы, –
Көк түріктің бөктері;
Есіл мен Сыр саласы, –
Алтынорда шептері!..
Болар істің соңында,
Бордай тозған бұл емес;
Ел болудың жолында, –
Болмай қоймас бір егес!?.
Бөлінгенді бөрі жеп,
Бөтен ойлау бұл да емес;
Жақсыдан кім қол үзед,
Бола білсе мүдделес?!.
Біз емеспіз, тәңір-ау,
Шаңырақты шайқаған;
Керек бүгін ажырау,
Топтасуға қайтадан!..
Бұл – шақыру бауырды,
Болу үшін іргелі ел;
Бірлігі нық қауымды,
Билемей ме бір кемел!..
Асан баба:
Хан-ием, жеттік, міне мақсатқа да,
Қазақтың қолына тұр самсап дала!..
Алда көп міндеттер бар, сіздерге аян, –
Ала бер қазағымнан жақсы ат қана!..
Жабысып жаман әдет қайдан келді,
Бауыр мен бауыр жат боп, майданға енді...
Тоғыспай тоқсан екі баулы қыпшақ, –
Адасып көпшілігі Шайбанға ерді?..
Тоздырды елдің ішін талай індет,
Жақын тарт алаш ұлын ағайын деп;
Бөлініп қалсадағы әр қиырда, –
Қосылып жатыр тама, жалайыр кеп!..
Сұм заман сырғып алға оза бермек,
Тарихта таңбаланған тозады өрнек;
Темірдің жұртында көп тілеулестер, –
Бауыр тарт өзбекті де өз ағам деп!..
Иелік етсек те бұл өңірде кең,
Желеді жерұйыққа көңіл дөнен;
Сырт берме Сығанақ пен Түркістаннан, –
Онда да еншіміз бар бөлінбеген!..
Сыр-Қуаң – сыңсыған бақ, сырлы қала,
Ортақпыз бәріміз де бұл мұраға!..
Мақтаныш баршамызға Отырар, Шаш, –
Шығандап шыққан талай шын ғұлама!..
Қолдаймыз Мауреннахр ұрыстарын,
Бұл тұста жөн «Шайбанмен» ұғысқаның?!.
Темірден біз де үлес алсақ керек, –
Көп онда қалып кеткен ұлыстарым!..
«Әз Жәнібек» сұлтан:
Шүкірлік, ұйтқы болар жанымызда ел,
Ұрпаққа жатыр ізгі қалып іздер;
Еңсеріп жаудың қолын түп-түбінде, –
Жетеміз көп мақсатқа әлі біздер!..
Ойға – өрлік, бойымызға шуақ дарып,
Күш жинап, қол жасақтап, қуаттанып;
Біз әлі ораламыз ұлы Ордаға, –
Жетеміз сонда айтқан мұратқа анық!..
Дәл сонда, сөйлеп тарих мінбесінен,
Дүние түлейді елдің бұл көшімен:
Бүкіл жұрт шеттеп қалған басын қосып,
Қазағым ел болады іргесі кең!..
Жиренше би:
Кең жайлап Сарыарқаны Керей де енді,
Қорғалжын, Көкшетау мен Ерейменді;
Мыңғыртып мал өсіріп, дәулеті артып,
Ұшпаққа жеткізбей ме мерейлі елді!..
Орда боп Қозыбасы, Шу маңайы,
Отанның осы-ау оңнан туған айы!
Оралып Жетісу, Сыр, Еділ, Тобыл,
Жетерміз мамыражай күнге арайлы!..
Қазақтың үш шептегі алашы боп,
Ағайын, бір-біріңмен жарасып өт!
Арыстың барша руы басын қоссын, –
Жүргенше әрбір ханға қарашы боп!..
Ордамыз гүлдеп, бағым бүр атқанда,
Қазағым бөленеді шуақ таңға!..
Мәңгілік елдің рухы жаңғырығып, –
Ұрпақтар жетер ұлы мұраттарға!..
Асан баба:
Аяқтан шалып дұшпан, тұсамасын,
Біріксең, қуаттанып, күш аласың!
Уа, халқым, қуанышың құтты болсын,
Мінекей, басын қосты Үш Алашың!
Сайладық ордамызды, самсаған қол,
Бұлдағы ағаң Ақжол жасаған жол...
Жақсының өсиетін жалғастырып,
Қызмет жаса еліңе, жас Аманжол!..
Аманжол жаршы:
Мінекей, қазақ болып атандық ел,
Бауырлар, толтырыңдар қатарды, кел!
Бекзатым Жиренше аға, Асан аға, –
Алаштың үлкені боп батаңды бер!..
Жиренше би:
Ақ ордаң құтты болсын, хан Керейім,
Менің де тасығандай жан мерейім;
Қуаты хандығыңның арта берсін,
Мендағы ақ батаммен сән берейін!..
Алланың білеміз бұл жазғаны деп,
Қосылып жатқан бізге аз ба білек?
Сұлтаным, сенің де орның тіптен ерек,
Атандың бүгін сен де «Әз Жәнібек»!..
Ақ жол би бізді ақжолға салып кетті,
Соңыңнан ерген қанша халық текті;
Өлмейтін Әбілқайыр шайтан емес, –
Жетерміз мақсатқа да, алып кекті?!.
Қасым мен Бұрындық тұр тақ қасында,
Хандықтың болсын алтын қақпасында;
Ұрпаққа жалғастырын елдік рухын,
Ерлікпен ел сенімін ақтасын да!..
Ел үшін талай майдан, болған ұрыс,
Мызғымас ел бірлігі сонда құрыш;
Ұлыстың ынтымағы арта берсін,
Бірлікпен береке артып, толған ырыс!..
Асан баба:
Хан Керейім, Керейім,
Арта берсін мерейің;
Адастырмай ақ жолдан,
Ақ сөйлесін көмейің!
«Әз Жәнібек» асылым,
Өткел бермес асуым;
Тауға өрлеген тарланым,
Жауға тиген жасыным!..
Бұрындық пен Қасымым,
Ерлік толы ғасырым;
Алшы тұрар атқанда,
Алтын сақа, асығым!..
Ақжол биім, абызым,
Өшпейтұғын бар ізің;
Алашыма жол салып,
Ақтап өткен парызын!..
Батырларым, билерім,
Жауды аямай түйредің;
Қол да бастап, жол бастап, –
Халқыңды өрге сүйредің!..
Көркі болған орданың,
Туған халқым, орманым!..
Болашаққа көш тартқан, –
Бола берсін жолдарың!..
Көкте күліп күміс күн,
Ақ тілеуің түйссін;
Балалары Ұлыстың, –
Қазақ болып ұйыссын!..
Бұл қазаққа не керек?
Бетегелі жайлау мен
Берекелі күй керек!
Көкалалы жылқы мен
Көкорайлы бел керек!
Елдік рухын шыңдайтын,
Жыр менен күй, ән керек!
Бес қаруын асынған,
Қажымайтын ер керек!
Қара қылды қақ жарған,
Қабырғалы би керек!
Қалың жұрты қамықса,
Қамқор болар хан керек!..
Қуан енді, қазағым,
Хандығың бар, ханың бар!
Дос пен қастың назарын, –
Бұратын мал-жаның бар!..
Ұлың барар Ұрымға,
Қызың барар Қырымға;
Ата салтын ырымда,
Жамандыққа бұрылма!
Сыр-Қуаңның бойында,
Сырға толы қалаң бар;
Еділ-Жайық, Ойылда,
Сағым буған салаң бар;
Арқа, Алатау қойнында,
Құтты мекен, панаң бар!
Мауреннахр бағында,
Моғолстан маңында,
Ноғайлының жағында,
Кең жайлаған жұртың бар!
Дәулеті мол Ақарыс,
Әулеті мол Жанарыс,
Сәулеті мол Бекарыс,
Қазақ деген ұлтың бар!..
Ел болуға, орда сап,
Табылғаны бұл амал!
Үш жұртыңды жолға сап,
Үш жүзіңді құрап ал!..
Найза беріп біреуіне, –
Ерлік, күрес, жауға қой;
Қамшы беріп біреуіне, –
Билік, білік, «дауға» қой;
Қауға беріп біреуіне, –
Байлық пен бақ, бауға қой;
Жетіп сөйтіп тілеуіңе,
Зор мақсатты алға қой!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter