Өлеңдер ✍️
Хан сайлау. Заман ахуалын пайымдау
Ақжол би:
Уа, халқым, биің едім, қолда – қамшым,
Аз емес елімізді торлаған сын;
Алдағы жолымызды таңдау үшін,
Дәл бүгін тағы да бір толғанарсың?!.
Тоқтамыс – өте шықты топты жарып,
Орыс хан – өтті жауын соққыға алып;
Ұлыстың Ханын сайлау керек бүгін,
Тұрған соң елдің басы көп құралып!..
Жақсының жақсылығы жүреді есте,
Жәнібек – хан Барақтың ұлы емес пе!..
Жақсының нұры тассын осындайда, –
Ел үшін түсіп талай жүр егеске!..
Тағы да Керей сұлтан – аты дардай,
Тұқымы бұл да Орыс хан – заты қандай!
Ел үшін ол да талай сынға түсті, –
Төрінде төремін деп жатып алмай!
Меніңше, екеуі де таққа лайық,
Ешкім жоқ тарландарға таққан айып;
Біреуін – Хан, біреуін – Сұлтан сайлап,
Бел буып тың белеске аттанайық!..
Құбылып бара жатыр қоғам мүлде,
Жұртым деп жаныңда жүр олар күнде;
Бізге де әділ, адал хандар керек, –
Білмеймін «Дәулетқұсы» қонар кімге?!.
Жәнібек сұлтан:
Таластың керегі жоқ, халқым бүгін,
Ел болсақ деп қаншама талпынды ұлың;
Төріңде той-думаның үзілместен,
Көгіңде жарқырасын алтын күнің!..
Зор мақсат алдымызда тұрған шақта,
Құдай-ау, пайда ойлаған ұлдан сақта!?.
Туған ел, маған салсаң, мен айтайын, –
Лайықты Керей ағам бұл мансапқа!..
Мен оған септесермін жанымды сап,
Жастық шақ – жарқылдайтын жалынды шақ!
Біздерге ел сенімін ақтау парыз, –
Ел сөзі – өткір қамшы, қалың құшақ!..
Ақжол би:
Халайық, түстік білем ақтық ізге,
Мынау күн болар деймін сәтті бізге:
Бәріңнің ақ тілегің қабыл болып, –
Алдияр көтерілді ақ киізге!..
Аллажар! Таққа мінді Керей бүгін,
Бұлдағы қазақ үшін мерейлі күн!..
Осылай бір жағадан бас шығармай, –
Жау шықса жар астынан бөгейді кім?!.
Хандарға болса да ортақ тарақ таңба,
Істері қилы-қилы ал, таратқанда;
Ұрпағым ата даңқын жалғар ма деп, –
Өсиет еткен жоқ па Барақ хан да?!.
Жау шапса жеріңді, елім, торламақ түн,
Сол жаудан намысыңды қорғамақ кім?!.
Тұлпардың тұяғындай бұл Жәнібек, –
Атаға тартқан ұлы сол Барақтың!..
Бой бермей Әбілқайыр қыспағына,
Атойлап шыққан талай дұшпаныңа;
Атанып «Әз Жәнібек» Сұлтан да бұл, –
Бастасын елді жеңіс ұшпағына!..
Керей хан:
Уа, халқым!
Алаш жұрты, ізгі ағайын,
Хан тағын ерден неге қызғанайын?
Қадір мен құрметіңе мың бір алғыс, –
Ақтауға үмітіңді біз де дайын!..
Уа, жұртым, бізге сабақ ізгі өнегең,
Мақсат көп алдымызда тізбелеген;
Түбі бір, түбірі бір ойымыздың, –
Айта бер қолқаң болса бізге деген?!.
Асан баба:
Хандар бар – туған ел деп туған өктем,
Хандар бар – туған елін тулақ еткен;
Хандар бар – ғұмыр кешкен қанағатпен,
Хандар бар – ел дәулетін талап өткен;
Хандар бар – орын алған алғы саптан,
Хандар бар – қара жүрек, қарғыс атқан;
«Арымның садақасы – жаным» десе ел, –
Хандар бар – атақ үшін арды сатқан?..
Хандар бар – қарау ниет, қан сасыған,
Қанағат, қайыр кеткен ханшасынан;
Дарға асып, зынданға атып не жақсыны,
Зұлматты істерінен жан шошыған?..
Хандар бар – бас кесетін, тіл кесетін,
Аты да батқан күнмен бірге өшетін;
Хандар бар – жарқын ісі жаңғырығып,
Мерейі туған елмен күнде өсетін...
Хандар бар – ел мен елді табыстырған,
Хандар бар – менмен, елден алыс тұрған:
Өзіне олжа, бедел жинау үшін,
Айдап сап руды руға, шағыстырған?..
Хандар бар – кеудесі күй күмбірлеген,
Хандар бар – мінін айтса міңгірлеген:
Аяққа таптап елдің тіл мен ғұрпын,
Шатылып «шағатайша» шүлдірлеген...
Хандар бар – мадақ сүйген, мақтан құмар,
Билері көпшік қойып, қақпан құрар;
Билер бар – ақиқатты ақтарып сап,
Талқыдан тақ иесін сақтандырар...
Жиренше би:
Хандар бар – санаспастан халықпенен,
Ноқталап, кісен салған қамытпенен;
Өзгенің табанына салып елін,
Өзеуреп өз әулетін дәріптеген?..
Жататын заман емес желі құрып,
Сайлансын жаудың сырын ел ұғынып;
Шоқпарды қолыменен көтере алмас, –
Біреулер мәз болады беліне іліп?!.
Тепсініп тізгін алса тексіз неме,
Араны арсыздардың шексіз неге?
Құрық та бойламайтын қулығына,
Айтпақсың ардан безген бетсізге не?..
Билер бар – жарамсақтап жан сақтаған,
Билер бар – шұлғып өткен мансапқа әман;
Билер бар – ақиқаттың ақ алмасы, –
Алашым, арысым деп ар сақтаған!..
Болсын деп ойда – жайлау, қырда – көктем,
Ерлер бар – ақ найзасын ырғап өткен;
Елінің еркіндігін ойлап қана, –
Өзінің ғазиз жанын құрбан еткен!..
Ақжол би:
Жығады тойымсыз хан халқын орға,
Тап келген тағдырдан бұл талқы мол ма?
Жақ-жақ боп таласудың кесірінен,
Іргесі сөгілгендей Алтынорда?..
Бөлшектеп тастаған соң алаш ұлын,
Қалды жұрт қатарында қарашының;
Кеткен соң әр қиырға бас сауғалап, –
Көк түрік ұрпағының панасы кім?!.
Әр ата өз бетінше мал айдады,
Шайбан да қай қазаққа қарайлады?..
Алаштың әрбір руы әр жаққа ауып,
Бақталас болып кетті сарай маңы...
Ел жайы күйзелісте тұрған шақта,
Не пайда мәз болғаннан құр мансапқа?
Жетерміз ел көздеген ұлы арманға, –
Жұмыла білсек қана бір мақсатқа!..
Жиренше би:
Самарқанд, Бұқараның бектері бар,
Қамалды екі ортада текке бұлар;
Олар да бауырымыз шеттеп қалған,
Ел сырын қадіріне жеткен ұғар.
Біріксе, ел басына бақ қонады,
Шет қалса, қиындыққа тап болады;
Бір кезде бауыр басқан ағайын ек,
Бұл күнде Әбілқайыр жат торабы?..
Ел жүрді Алтынорда байтағым деп,
Бір қауым әр тараптан айтады кеп;
Тозса да Алтынорда Бәйтерегі, –
Жайқалар жаңа бақтар қайта гүлдеп!..
Ақжол би:
Алты алаштың баласы,
Алты қырдың астында;
Алыс кетті шамасы,
Араласып тасқынға!..
Үш арыстың баласы,
Бірі – қырда, бірі – ойда;
Тақ пен тәждің таласы,
Жетелейді бұл ойға...
Қызың кетті Қырымға,
Ұлың кетті Ұрымға;
Түскендей бір жылымға,
Ұйысқан жұрт бұрында...
«Сайрамда бар сансыз бап,
Түркістанда түмен бап»;
Жүрмеу үшін қамсыз қап,
Асылыңды жүр аңдап!..
Бұл – елдікті ұғыну,
Басқаға емес бас ұру;
Жұдырық боп жұмылу,
Алақан боп ашылу!..
Қарашы ғып қанша хан,
Тастады елді бөлшектеп;
Жортуылдан шаршаған,
Кетіп жатыр ел шеттеп...
Топ жарғанда Тоқтамыс,
Ту түбінен табылған;
Ел деп талай өтті арыс,
Сары белде сабылған.
Орда бұзса Орыс хан,
Оң қолы боп ту ұстар;
Орыс ханға болысқан,
Осы біздің ұлыстар!..
Асан баба:
Бұқарада – бір Момын,
Маңғыстауда – бір Мейрам;
Пайдасы бар кімге оның,
Қор болады кім бейғам?..
Сарайшықта – бір адай,
Самарқантта – бір алшын;
Сан бөлінсең мынадай,
Санатына кім алсын?..
Біреуі ерді – Есенге,
Біреуі ерді – Шайбанға;
Тарқатылып неше елге,
Табысады қай маңда?..
Мауреннахр – мың сарын,
Күйін шерткен түркінің;
Тоқсан баулы қыпшағым,
Бірге туған, бір түбім!..
Тоқсан баулы қыпшағым,
Топ-топ болып тарады;
Көріп заман қыспағын,
Тоз-тоз болып барады?..
Заман жұрттың талайын, –
Аттандырды әр тұсқа;
Ағайын мен ағайын, –
Түскен жоқ па таласқа?!.
Ерлер небір мәрт туып,
Ел намысын қорғады!..
Дарақы хан даңқ қуып,
Қалың жұрты сорлады...
Жиренше би:
Алып қой Алтынорда, алайдағы,
Сырттандар сиыспады сарайдағы;
Өзара қырқысқанын тоқтатпаса,
Өседі туған елдің қалай бағы?!.
Шешейік тұлпарлардың тұсамысын,
Ел-жұрттың жұбатайық құсалысын;
Ағылсын әр тараптан заты қазақ,
Ұйысып басын қоссын үш арысым!..
«Әз Жәнібек» сұлтан:
Қазағым, пейіліңе құлдық ұрдым,
Ұрпаққа жетер даңқы бұл дүбірдің!..
Септесіп жетеміз біз зор мақсатқа, –
Бөленіп шуағына нұрлы күннің!..
Ақжол би:
Қалың ел дұшпанына бас ұрған ба,
Бірлік қой ел мерейін асырған да;
Үш арыс жұмылғанда – бір жұдырық, –
Алақан болу керек ашылғанда!..
Өрісін Орыс ханның еншіңе алып,
Хан ием, қажырыңмен көр сыналып!..
Екеуің бір жағадан бас шығарып,
Бір жеңнен біз жүрейік қол шығарып!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter