19.03.2022
  327


Автор: Тортай Сәдуақас

АБЫЛАЙ ХАН АЛАҢЫНДА

 Бастау
Межелі, достар, күн бүгін, Мерейлі шаққа ұласқан.
Мейірбан ана – күн нұрын, Мейлінше төгіп тұр аспан.
Шалқыған жердің бөктері, Шағырмақ шақта жайнаған.
Шарықтап бақыт кептері, Шадыман жандар айналам.
Көкорай, жұпар аңқыған, Көкшемде жүрмін көктемде.
Көңілім көлдей шалқыған, Көсіліп жатқан көк белде.
Көгілдір шәйі көйлегі, Көлбеңдеп, сусып желменен.
Көкшемнің өзі сөйледі, Көкейін шабыт кернеген.
Ұсындым жүрек жырларын, Ұлылар өскен өңірге.
Ұқтырды Көкшем сырларын, Ұлағат құйып көңілге.
Елестеп өтті тұлғалар, Ескерткіш сынды сомдаған;
Ерлердей маңғаз тұрды олар, – Елдіктің жырын толғаған!..
Өнеге өшпес өмірі, Өздерін қандай сүйемін;
Асқақтап олар өр үні, Ағытты сырдың тиегін:
I. Бұрынғы заман
1. Есенаман батыр (Жекебатыр):
Алтай менен Ақжайықтың арасын,
Алатау мен Сарыарқаның даласын,
Алып жатқан ата мекен, анашым,
Қорғау үшін намысың мен арыңды,
Көтеруге тура келді көп сынды.
Мерт болды ғой талай қыршын жалынды,
 Көкірегіне еніп көк сүңгі.
Азаппен келген жеңісім осы дем берсе
Жасампаз ұрпақ даңқы үшін,
Алысқан жандар ерлерше
Көрді ғой тағдыр талқысын.
Қайран далам, уығы – ағаш, үсті – ашық,
Жатпаса да қолым самсап, күш тасып,
Еркіндігің үшін сенің тайсалмай,
Ұрыс қылдым ұлы елдермен де ұстасып.
Алла қолдап, әулиелер демесе,
Ешкімге де берген жоқпын мен есе.
Аяғаны ма ол мені, осалдығы ма немесе?!.
Осылай бағын елімнін,
Мәпелеп, далам, тербедің.
Кеңдігіменен жеріңнің
Сорым да болдың сен менің!
Дәріс естіп, дәурен сүрер шақ қайда,
Дүлдүліңді ер, дұшпан тиген жаққа айда!..
Қала да болып отыра алмай алаңсыз,
Қаяусыз, қамсыз, қамалсыз;
Еркіндігі үшін жерімнің,
Ертеңі үшін елімнің,
Көшпелі өмір, көндіктірдің амалсыз...
Ескі жолы Есімнің,–
Ел мерейін өсірдім;
Есемді алып дұшпаннан,
Еркін дәурен кешірдім!..
Қасқа жолы Қасымның, –
Дұшпанның қолын қашырдым;
Туған ел деп ту тігіп, – Алапасын асырдым!..
2. Абылай хан:
Таба алмай адасқанда ел үйірін,
Талқыға салғанда өмір мені қиын:
Қолдаған хандығымның кіндігі боп,
Көкшетау –
пана болған жерұйығым!
 Түйесі Есенаман шөккен жерім,
Киесі қорғап елді өткен жерім!
Орнатқан Ақордамды, бақ ордамды,
Көкшетау – неткен кербез, неткен керім!
Көкшетау – көне күйім, жыр-дастаным,
Орнатқан мамыражай нұрлы аспаным.
Төле би, Қазыбекпен, Әйтекемен, –
Кең толғап, кеңес құрып, сырласқаным!..
Бөгенбай, Қабанбай мен – арыстарым,
Жәнібек, Андықожа, Арыстаным;
Әйтімбет, Жәпек, Қанай, Құлеке мен
Құлсары, Баян болып табысқаным.
Ұрпағым ұлы істерді бағамдасын,
Еліме қызыр қонып, бақ орнасын!
Ақ туын азаттықтың асқақтатып,
Алаштың кір шалмасын Ақордасын!..
3. Ораз аталық:
Көкшетау – Сарыарқаның төрі ме еді,
Оқжетпес – шын биік боп көрінеді;
Түлетіп жас қыранды қия шыңға, –
Баптаған өзің едің, Момын елі!..
Шықты ғой неше түрлі сұмдық алдан,
Сытылып шықтық аман Сыр-Қуаңнан;
Ортаңа қосылғанда жас Абылай, –
Ел едің тілекші боп, шын қуанған!..
Сол екен дәулет құсы қолға қонған,
Сұлтанға болдың қиын жолда қорған;
Көтеріп көптің рухын, мерей тасып,
Ел болдың енді бүгін Орда қонған!..
4. Әйтімбет би:
Көкшені қоныс етіп, салдық орда,
Абылай ел тізгінін алды қолға!
Ерте ойлап ел мен жердің еркіндігін,
Бас тігіп, қайрат қылдық қанды жолда!..
 Ел үшін жанын салған талай берен,
Ақорда аман ба деп қарай берем:
Дәулетбай, Дәулеткелді, Алдасүгір,
Жолбарыс, Андықожа, Қанайменен!..
Даңқой мен Қыдыр, Серкеш – бауырларым,
Заманның көрдік талай дауылдарын;
Маңымда Майлыбалта маңғаздары, –
Құлансу, Қойлы, Ақтеке қауымдарым!..
Ер жүрек төлеңгіттер маңайымда,
Айналдық бірге туған ағайынға;
Бауыр боп қырғыз, керей, үйсін де жүр,
Алшын мен керейт, қаңлы, жайлайыр да!..
Хан ием батырым деп ел құраған,
Билік пен еркіндік те берді маған:
Ел болдық, ірге бекіп, ұрпақ өсіп,
Өркендеп өрге басар енді далам!..
5. Жақсылық Дәулетбай би:
Бұл күнде елге азаттық болыпты арман,
Бар қазақ басын қосты соны ұқаннан:
Мінгіздім Шалқұйрықты Абылайға, –
Жеңіспен оралсын деп жорықтардан!..
Бар тағы Жақсылықтан Баян батыр, –
Ақорда, ол да сенің саяңда тұр!..
Сақ болсын сардарларым, сарбаздарым,
Сұм дұшпан елге әлі де таяу жатыр.
Ер Өтеп, Шотан, Ақан, Қосағалы,
Қалмақты қуып қолы босамады...
Жалындап өскен ұрпақ ер көңілді, –
Үлесін туған елге қосады әлі!..
6. Қанай би:
Майданда қажып жүріп қанша айлаған,
Елінің еркіндігін аңсайды адам:
Құлсары, Андықожа, Әйтімбетпен, –
Би едім Абылайды хан сайлаған!..
 Абылай – берген алла сана, қайрат,
Болды ғой елге тұтқа, далаға айбат:
Атойлап атқа міндік «атығайлап»,
Қалмақты қашырдық қой «қарақайлап»!..
Халқының қызметіне жегілгесін,
Міндеті ердің қалай жеңілдесін?
Ташкентте ақорданың өкілі боп,
Септесіп жүрдім мен де ел іргесін!..
Көкшетау мекен енді ел өрбіген,
Құт орнап, қызыр қонар өнерлімен;
Ісіміз қайырлы боп, зейінді ұрпақ, –
Түбінде түлеп өсер Зерендіден!..
7. Андықожа батыр:
Серік боп Абылайға атқа міндім,
Бетімді дұшпан тиген жаққа бұрдым:
Шайқастық ата жаумен басты тігіп,
Болар деп бұйырғаны хақ-тәңірдің!..
Арымай астымдағы Тайшұбарым,
Аттанды алыс қырға жаушыларым;
Дұшпанмен жан берісіп, жан алысып,
Өткердік бастан талай жау сынағын.
Арқаны азат еттік, алып белді,
Елдікті ойлау керек халыққа енді;
Абылай еңбегіме риза болып,
Еншіме Ақшоқыны алып берді!..
8. Сәбике бегім:
Хан ием елдің құты болған еді,
Бір алла салған шығар жолға мені:
Емші боп талай жанға дәру бердім,
Алланың жазуымен қонған емі!
Отауда сәукеле мен алқа қалып,
Найза мен қолымызға қалқан алып;
Қайрат қып жорықтарда, мал да бақтық,
Ерлердің айбынды атын арқаланып.
 Қазақтың қыздары осы ерге серік,
Жүретін дәстүр дәнін елге сеуіп:
Ұрпақтың тәрбиесін ойлап ана,
Зұлымдық, жамандыққа бермес ерік.
Құралып жатқан кезде ұлыс бүгін,
Қорғайық елдің, ердің тыныштығын?
Ардақтар Ақорданы ұрпақтарым, –
Мәшегім, Өте - Қайып, Рысқұлым!..
9. Қарасай батыр:
Жауды қуып, елді азат етемін! –
Сол мұратпен ат үстінде өтемін;
Жетісуға жетер азат ұрпағым, –
Айыртауым, пана тапқан мекенім!..
Сарыарқада қалды сайрап іздерім,
Еркіндік пен ел бірлігін іздедім;
Жалғап тұрған Алатау мен Арқаны,
Көкшетауым – құтты мекен, ізгі елім!
Құдандалы, бауыр басқан қауымым,
Асулардан бірге аттаған бауырым!
Ұлы парыз – ұрпағыма аманат,
Аман болсын ай таңбалы ауылым!..
Алтын Арқа, атқан сенде нұр таңым,
Қайран Көкше, биігіңде шырқадым!
Өркен жайып, өсіп-өнген саяңда,
Дәм-тұзыңды ақтар текті ұрпағым!..
Сыйластықпен, ата ғұрпы, жолменен,
Шын дос тауып, шықтым талай төрге мен;
Ерлігімнің, елдігімнің куәсі, –
Оқжетпесім – ел мерейі өрлеген!..
10. Шал ақын:
Ғажайып көп тарихты өткен бастан,
Ақындар толғап терең еткен дастан:
Құрғанша Көкшетауда Ақордасын,
Біздің ел талай асу, көп бел асқан...
 Заманы Абылайдың толған аңыз,
Ері екен заманының ол да нағыз!..
Хан сайлап – Есенаман, Қалқаш, Қылды,
Қараша, Игісәтпен болған абыз.
Серігі Абылайдың – Құлекенің,
Қазақтың қайсар туған ұлы екенін;
Ерлігін Жәпек, Баян, Құлсарының,
Аңыздап ертелі-кеш жыр етемін!..
Елге айттым естігенім-көргенімді,
Жамандық торламасын енді өмірді;
Сол ерлер кейінгіге үлгі болып,
Жас ұрпақ өсе берсін ер көңілді!..
11. Монтай батыр:
Қызылағаш – туып-өскен мекенім,
Көріп өстім хан ордасы екенін;
Жақсылардың қасына еріп ел көрген, –
Кездерімді дәтке қуат етемін.
Бабалардан дарыған-ау күш маған,
Нар ағалар намысымды ұштаған;
Он жетімде атандым мен жас батыр, –
Абылайдың туын соңғы ұстаған!..
Туды алып Абылай хан қолынан,
Өрге жүздім Айберді, Өте соңынан;
Жаным бірге желбіреді сол тумен, –
Айнымауға ата-баба жолынан!..
12. Тоқтамыс би:
Ұрпағы Абылайдың асыл текті:
Ығысып Саржан кетті, Қасым кетті.
Қолдадық Есенаман ұрпағы боп, –
Жастығым Уәлиханның қасында өтті.
Қайтейін, өтсе ғұмыр текке налып,
Патшадан жүрміз енді шекпен алып;
Топшысы топ соқса да қайырылмайтын,
Самұрық бұның өзі неткен алып?
 Тоздырды төрені де, көнені де,
Өлмейтін өзегінің қорегі не?
Мылтығы, зеңбірегі зіркіл қағып,
Жайылды Көкшетаудың көлеміне.
Шығыста қытай қолы қопаңдаған,
Түстікте Қоқанд жатыр қоқаңдаған.
Көкшенің төңірегін айналсоқтап,
Табылмас бұдан құтты Отан маған.
Замана тұрсадағы мың құбылып,
Болмасын ұрпақтардың тірлігі ұмыт.
Жер қарап, білім алған білікті ұрпақ, –
Патшаға өтпесе екен құлдық ұрып?!.
13. Ғұбайдолла сұлтан:
Біздің ел ұрынбаған қай дауылға,
Патша да қалың торын жайды ауылға;
Талпынып төрт қиырға жайдым қанат, –
Амалсыз көрдім оның айдауын да!
Елімді өзімше өрге жетектедім,
Жинадым салығын да, зекеттерін;
Патшаға шағым қылдық, шабындық та, –
Жойсын деп бекінісін – бекеттерін!..
Еженхан бермек болды хан атағын,
Ақ патша азғырды ұлын әр атаның;
Қарсы боп қала-қамал салғандарға, –
Жүзімді енді қайда қаратамын?!.
Сұм жалған көніп жатыр қай ырқыма,
Салар ма Майлыбалта май ұртыма?
Жарылқап пұл бергенсіп, еркімді алып,
Айдады жер түбіне – Қайыңтұра!..
Күні озды-ау қараның да, төренің де,
Патшаның құзырына көнемін бе?
Азуын айға білеп аласұрған, –
Еңбегі еш болды ғой Кененің де!?.
Шен тақтым, шекпен алдым ақ патшадан,
Қытайдың сыйлығын да қапқа салғам;
 Түлкідей түзде жортқан тірлік мынау, –
Жалғанда қалағанын таппас та адам.
Балалар оқып жатыр Петерборда,
Жер емес жуыр маңда жетер жорға;
Біз қайда, олар ертең не болады,
Сарсылып қайран ғұмыр өтер жолда...
14. Әбілқайыр сұлтан:
Басып кетті өңкей кірме қотанды,
Асып кетті, Көкше, биік жотаңды;
Қарақшылар баса-көктеп жеріме,
Қорсылдақтар шошытпасын ботамды!..
Біздің мұрат бұл емес қой іздеген,
Болашақтан елміз үміт үзбеген;
Көкшетаудан көшірсін деп дуанды7
,
Ақ патшаға талап қойдық біз деген!..
Басқыншылар қоздатпасын қордасын,
Үркітпесін қазағымның жорғасын;
Қайран елге қала салып, қамалап,
Аздырмасын Абылайдың ордасын!
Бүлдірмесін Көкшетаудың өңірін,
Былғамасын Бурабайдың қорығын;
Дуан салып, бойлап еніп далама,
Бұзады олар елдің тыныш өмірін.
Қала келсе – жамырайды жат қылық,
Жүре алмаймыз жайраң қағып, шат күліп.
Жолдағының жайпап өтіп барлығын,
Патша әскері келе жатыр аптығып!..
Жат қаптаса – жаман әдет тараған,
Атадан – ұл, қыз безеді анадан.
Көшсін олар Шағалалы жағына,
Не табамыз ол шоқынды қаладан?
7
Осылайша, Көкшетау қаласының іргесі ежелгі Көкшетау – қазіргі
Бурабай аумағынан тысқары жерге қаланды. Сұлтанның бір бауыры
Қашқынбай, Абылай деп те аталған.
 Жатқа елікпей, болсын ұрпақ қырағы,
Туған елдің болсын ғасыл мұрады.
Әділетпен ел басқарсын жақсылар, –
Бауырларым Абылай мен Пірәлі!..
15. Хан Кене:
Ордасын Абылайдың қорғау үшін,
Намысын алашымның қолдау үшін;
Жолында азаттықтың атқа қонып,
Жайылды жер-жаһанға өр дауысым!
Жатты да, жақынды да аямадым,
Сексен көл – сенен кеттім сая бағым;
Шегіндім Жетісуға, Қаратауға,
Құдай-ау, енді қайда саяладым?!.
Сұм патша жасап бағар қожалығын,
Бейнетте қызың күн боп, тозады ұлың!..
Қайтпексің – Ғұбайдолла, Пірәлі, Аңғал,
Қарабай, Маңдай, Жанғал, Қожағұлым?!.
Болса да жаудың қолы бүгін басым,
Бойыңда ерлік рухы шымырласын!
Жоғалтпа күрес жолын, кейінгі ұрпақ, –
Ақ туы Абылайдың жығылмасын!..
16. Орынбай ақын:
Сөзімді арнап айттым хан-қараға,
Жол тарттым сан ауылға, сан қалаға;
Сынадым, мадақтадым талай жанды,
Сөзімнің төркінін ел аңғара ма?
Шүлендер ат мінгізді үйірімен,
Сараңдар сап тыйылды тиынымен;
Қоғамның тамыршысы сияқты бұл,
Талайды сөз қамшымен үйіріп ем!..
Тәйірі, не болады жеген-ішкен,
Танылсын ел жақсысы кең өрістен;
Жаманның жасық туған құты қашып,
Жақсының болсын дедім мерейі үстем!..
 Бұл кеудем – өлең сөзің аққан селі,
Сенімі артқан елдің ақталса еді?!.
Жырымды жалғастырар жырақ кетсем, –
Тезекбай, Тоғжан, Біржан, Ақан сері!..
17. Маңдай Тоқтамысұлы (аға сұлтан):
Қалың елдің қажетіне жараған,
Адам болу – мақсатым ел қалаған.
Халқым қолдап, аға сұлтан атандым,
Қаумаласты ел хан болдың деп қарадан!..
Ғұбайдолла, Әбілқайыр, Жылғара,
Мәжілістес болған жандар кіл дана;
Атқа қондық, ел сұрадық, топ жарып,
Куә болды бәріне де бұл дала.
Сол даланың кеңейтер деп өрісін,
Жезқазғанның аштық алғаш кенішін;
Егін егіп, отырықшы болуға, –
Бір пайдасы тиер дедік ел үшін.
Көкжал заман қайраса да азуын,
Көріп келем тағдырдың бұл жазуын;
Жол көрсетіп майырлар мен билерге, –
Ақмоланың қақтық бірге қазығын!..
Қызыметін арқаланып болыстың,
Өнеріне бой ұсындық орыстың;
Оқу оқып білім менен шен алса, –
Ұрпақтарға болар бәлкім өріс тың!..
18. Шөже ақын:
Осы ма қайыры жоқ өмір - жалған,
Сұмдықты көрмесін деп көзімді алған;
Жалған деп жабықсам да, жан сезімтал, –
Жұртыма ойым – алтын, сөзім – маржан.
Амал не, көз көрместі, құлақ естір,
Жақсыны жақын тартып тұрады есті ұл;
Табалап қайда барсаң қыр соңыңнан,
Жаманат қалмайды екен, шырағы өшкір?!.
 Жақсының жақын тартқан жүзі қандай,
Жүрсе екен достық жібін үзіп алмай;
Ойласаң көр соқырлар толып жатыр,
Соларға реті бар ма қызығардай?
Намысын жырттым талай Қырғыз, Дәуіт,
Сыйлады ел иығыма құндыз жауып;
Таңды ұрып таңға талай жыр толғадым,
Төбемнен жатқан сынды жұлдыз жауып!
Зағиптың қос шырағын жандырғандай,
Адамның көкірегі даңғыл қандай;
Зерледім құнары мол сөздің кенін, –
Алтыннан зәулім сарай салдырғандай!
Құт қонған домбырамның пернесіне,
Өкінем зағиппын деп мен несіне?
Көреген ұрпақ келер әлі талай, –
Сөзімді тоқитұғын зердесіне!..
19. Шоқан Уәлиханов:
Көршілес жатқан қонысым, Россия – байтақ дарқаным.
Қысылсам бердің қол ұшын, Шарқ ұрып үміт артамын.
Тілеулесі ғой өлкем де, Өзіңдей дарқан алыптың.
Бүгін де, саған ертең де, – Достығы адал халықпын.
Кештім ғой бірге өзіңмен, Тарихтың нелер дауылын.
Жұртым да жақын сезінген, Россия – қандас бауырым.
Бар сенде ізгі достарым, Жұртына болар жарық күн.
Соларға тілек қосқамын, Қамын жеп қара халықтың.
Айта алман дос деп барлығын, Көңілі қарау көбінің:
Тағыға теліп тағдырын, Жат көрген дала өмірін.
Қараңғы жұрт деп қырдағы, Атын да дұрыс атамай;
Жазықсыз жәбір қылғаны, Жаныма қатты батады-ай!
Білмейді-ау, дарқан қауымның,
Жатқанын жырлап тынбастан:
Гомері әрбір ауылдың, –
Күн сайын толғап бір дастан...
 Барымта, дауың – сорыңа, Жатырсың, далам, түнекте.
Тәңірің шырмап торына, Жеткізбес бүйтіп тілекке.
Шықпақ ем шыңға шарықтап, Болса да қандай қиямет.
Ұшуға биік қалықтап, Қоятын емес мына дерт.
Халқымның мұңы тағы да, Жабысты дерт боп дертіме.
Сауықсам – елдің бағына, Жіберсе-ай, шіркін, еркіме!
Теңгеріп байға қараны, Кетсем бе аға сұлтан боп,
Оятып бүкіл даланы, Атсам ба екен бір таң боп?!.
Өнерге құмар өрені, Көбейсе деуші ем даланың.
Арманым әттең көп еді, Айта алмай бәрін барамын.
Жаныма осы батар шын, Үзілсе келте ғұмырым:
Сұм тағдыр неткен қаталсың, Тұлпарға түскен құрығың...
20. Потанин:
Көкше десем – көз алдымда Шоқаным,
Көрем ғажап адамдардың отанын;
Жайлауы анау – тұлпарлары жарысқан,
Қырлары бұл – жусатқан сан отарын.
Кең далаңа келдім талай сапарға,
Қонақ болдым талай үйге жапанда;
Елдік жырын, ерлік жырын қотардым,
Сан қауышып, Шыңғыс, Ғази, Ғафарға!..
Жаңғыртқандай Сарыарқаның аспанын,
Ақындардың жинадым жыр-дастанын;
Ұрпақтарың жетер әлі мұратқа, –
Асқақтаса Оқжетпесің, асқарың!..
21. Арыстанбай ақын:
Тұрса да дар алдында тартынбаған,
Ақынның асқақ үні саңқылдаған!
Жасындай сәттерімде жарқылдаған,
Қайрат-күш беретіндей халқым маған!
Ақынның болмаса да байлығы асқан,
Серпілтсін елін кезде қайғы басқан;
 Аңқылдап ақ сөйлесін асыл жүрек,
Ақ жолдан, Хақ жолынан айнымастан!
Қалмады қайран елде өзге соқпақ,
Елге – уәж, ақын сөзі езге – тоқпақ;
Болдым ба өзім – сотқар, сөзім – шоқпар,
Жол берді хан Кене де сөзге тоқтап!..
Керуенге жол көрсеткем, жерді нұсқап,
Сол тұста Хан әскері келді құрсап;
Патшаға жақ болдың деп, өлтірмекші,
Бір ауыз сөзге Кене берді пұрсат:
«Кенеке, жақсы көрсең қарашыңмын,
Жек көрсең де, өзіңнің алашыңмын.
Атаңа алты қатын алып берген,
Атығай-Қарауылдың баласымын!
Абзал боп Абылайдан туды Қасым,
Кене хан, бәрінен де болдың басым.
Таусылмас мен өлгенмен қалың арғын,
Алдыңа, міне өлтірсең келді басым!..»
Деп едім дар алдында тұрған шақта,
Құдай-ау, тексіз туған құлдан сақта;
Басыма ерік берді ол, шын ақын деп,
Тура айтқан жалтақтамай құр мансапқа!
Сұм өмір өтпейді ғой сайранменен,
Табаны тарландардың тайған неден?
Азаттық туын тіккен алты алашқа, -
Ұрпаққа ұран болар қайран Кенем!..
22. Әбді-Ғафар Маңдаев:
Қайран Көкше, ойға батып жотаңда,
Тұрдым талай не берем деп Отанға;
Шенеунік боп, шаруа бақтым шарасыз,
Сенім артып, тілеуқор боп Шоқанға!..
Тізімге алып мал-жанының есебін,
Елдің ішін жүрдім шарлап неше күн?
 Ақыл қостым, көзін аштым талайдың,
Қиянаттан қайтты талай меселім.
Туған елге тисе екен деп бір пайдам?
Заман мынау көзімізден нұр тайған;
Озбырлығын көрген сайын патшаның, –
Өкінішпен өтіп жатыр күн қайран?
Даламызға қанат жайған әскермен,
Жаман әдет келіп жатыр басқа елден;
Оқу оқып, тілін ұғып білімнің, –
Шығар алға Шоқан сынды жас керуен!..
23. Жанғал батыр:
Еркін ашып ақорданың қақпасын,
Қылшақтыға тіреп едім атбасын:
Өсер жұртқа ел бірлігі керегі,
Алауыздық, бассыздықтан сақтасын!
Кең жайладық Көкшетаудың етегін,
Егіншоқы, Қызылағаш мекенім:
Жайлап алса жат пенделер жерімді,
Азаттыққа енді қайтіп жетемін?..
Патша қолы тарс бекінген тас қамал,
Күресетін қалмады ғой басқа амал:
Батыр болып, би атанып жүрсек те,
Жаудың бізден түрі жоқ қой жасқанар?
Ел намысын ойламаған жан деме,
Кең даладан есітіледі зар неге?
Шыға алмадық шеңгелінен патшаның,
Опынса да, өкінсе де хан Кене!?.
Зіркілдеткен зеңбірек пен мылтығын,
Кім бітейді ашкөздердің құлқынын?!.
Айбалтамды қайрағанмен қайыр жоқ,
Қайтіп елдің бүтіндеймін жыртығын?
Амал таппай, атамекен азар ма?
Малды әкетті жәрмеңке мен базарға.
 Құсалықпен өтер ме екен қалған күн,
Құдайым-ау тойым бар ма тажалға?..
24. Соқыр Тоғжан ақын:
Құдайым көзімді алған, сөзімді алмай,
Тәңірім берген маған төзім қандай;
Бір күнге шырағымды жандырса Хақ,
Әлемге қарар едім көзім қанбай!
Көрер ем анам жүзім, бір ғанибет,
Таныр ем әкем түрін сырлары көп;
Қайралып, қайта түлеп құлшынар ма ем,
Дүниені сан бояумен жырлағым кеп!..
Байқар ма ем асылдардың тұлғасын да,
Елдік те, ерлік те бар бір басында;
Халқымның таныр ма едім тектілерін, –
Жалғасқан бір ғасырдан бір ғасырға!
Көрер ме ем ізгілердің бейнесін де,
Тұратын кейіген сәт кейде есімде;
Күлкісі, реніші күллі адамның, –
Күмбірлер домбырамның пернесінде.
Көрер ме ем сәбилердің жымиғанын,
Білінер талай жүзден сыры ибаның;
Білер ме ем сараңдардың сиықтарын,
Мүлгіген молдалардың шын иманын?
Көрер ме ем әлсіздердің ашынғанын,
Шендіге жағымпаздың бас ұрғанын;
Сараңның құрт пен майын жасырғанын;
Жомарттың ел мерейін асырғанын!
Көрер ме ем жексұрынның нобайын да,
Жерімнің айдын көлін, тоғайын да;
Қалыптап Оқжетпестің өр бейнесін,
Суретін салар ма едім со бойында?!
Көрер ме ем кең дүниенің келбетін де,
Күйменен күллі әлемді тербетуге;
 Түңіліп, көзді қайта жұмам ба әлде , –
Қаптаған жаманаттан жер бетінде!?.
Арудың даусы нәзік, үні балдай,
Тыңдаймын құлақ түріп құнығардай;
Шіркін-ай, қандай екен шырайы оның,
Апырмай, күлімдеген түрі қандай?!.
Көзімді алды-ау сұмды көрмесін деп,
Елімнің жүрмін сөзін өрге сүйреп!
Көзі ашық ұрпақтарым толғар әлі, –
Қазақтың қасиетін көл-көсір көп!..
25. Қырғыз Тілеміс батыр (Жекебатыр):
Ежелден ел болған ғой қырғыз-қазақ,
Тел өскен жусан иіскеп, жұлдыз қарап;
Жалғасқан аталардың сыйластығы,
Болғандай кейінгі өскен ұл-қызға бақ!
Өмірдің дариясында ауып кемең,
Қалатын, аз ба қатер, қауіппенен?
Заманның неше түрлі сынағында,
Қырғызым бауыр басқан Дәуітпенен!..
Жамағат бұрса назар біздің кепке,
Сұңқар мен ұшар бірге құзғын көкте;
Білгенге ел тарихы тым тереңде,
Дегендей қырғыз көп пе, жұлдыз көп пе?!.
Ер Манас алты алаштың арысы бек,
Қырғызым талмай жаумен алысып ед;
«Ақ үйлі аманат» бар, төлеңгіт бар,
Алаштың, келгендер бар намысы деп...
Ұсынған сыйласқан жұрт арнап төрін,
Атығай-Қарауылмен ардақты елім;
Өзім сол қырғызыма қыр көрсетіп,
Кенемен Алатауға бармап па едім?..
Оң-солым: қырғыз – бауыр, қазақ – бауыр,
Сұм заман салған жоқ па азапқа ауыр?..
Ақыры залым патша жер аударды,
Кененің батыры едім әжептәуір!
 Ер жігіт құр саудаға салмас тегін...
Сұм патша соңымызға салды әскерін;
«Ер – туған жеріне» деп айтқан халқым,
Шалт бассам, Алатауда қалмас па едім?!.
Ел үшін өршелендік шауып өрге,
Бір бақыт берсек деп ек тауып елге;
Азаттық – алаш үшін нағыз бақыт,
Еркіндік ең керегі бауыр елге!..
26. Бағыс Тезекбай би:
Желектері желбіреген жерім-ай,
Жекілдеген жеті момын елім-ай!
Ұрпғына құтты қоныс сайлаған, –
Абылай хан, Әйтімбет би ерім-ай!..
Патша қол сап, кең жеріміз тарылды,
Қала салмақ, ала салмақ барыңды:
Қыстауға айдап, өрісіңді тарылтып,
Тас кереңдер естімейді зарыңды.
Бас-басына би боп, ел жоқ ұғысқан,
Бей-берекет болып кетті-ау туысқан?
Саумалкөл мен Шарықтастан безіндік,
Суып кетті, шығып кетті уыстан.
Елегізіп ел-жұрт неге қамықты?
Салық салып қамалайды халықты.
Қарамдайды-ау Қылшақтыны киелі,
Қайрандайды-ау ханның көлі – Балықты!..
Егіншоқы, Бүркітті мен Ақсораң,
Болса игі жайлы қоныс, жақсы орам!
Мапырашқа көшірем бе ауылды,
Өте - Қайып жақсы-ау опа тапса одан!..
Ағайын боп топқа түсіп алқалы,
Кеңге жайып жүруші едік арқаны.
Бауыр басып, кеңес құрып, іс қылдық,
Ақылбаймен – Даңқойдың бір дарқаны!..
 Терісқыстау – атамекен, өрісім,
Отаршылар көз алартқан сол үшін.
Шүкір, салдық Медіресе мен Алла үйін,
Жат қолында қалмас құтты қонысым!
Амал қанша, құлымыз біз патшаның,
Мәз болмаңдар таң атып, құр батса күн;
Қайран жұртым, өнер тауып, өрге жүз,
Патша деген құлы емес пе ақшаның!?.
27. Кәдір Тезекбай ақын:
Кәдірдің топтан озған жүйрігі едім,
Дәуіттің дәуірлеген тұйғыны едім;
Кең толғап, кемел пішкен би бабалар, –
Кеудеме жыр сабасын құйды менің!
Сыр қозғап Сексен көлден, Сеңдікөлден,
Сыйласқан елді көргем, ерді көргем;
Сұм заман аласапыран болып жатыр,
Асатын ұрпақ қайда ендігі өрден?!.
Болса да дүйім елге жария атым,
Сақтадым сал-серінің ар-ұятын;
Жырымды жалғастырар заман туса, –
Соңымда үміт еткен Қалия ақын!..
28. Біржан сал:
Көкжиегі теңіздей көрінбеген, замана,
Жұмысың жоқ қаяулы көңілменен, замана;
Ән сияқты бір ауыз қысқа ғана қайырған,
Келте екен ғой, дариға-ай, өмір деген, замана.
Қолы қысқа пендеге қырсық қылған, жалған-ай,
Зары жетім, бейбақтың сыңсып тұрған, жалған-ай.
Мақтау-мадақ айтпаса, көптің мұңын жоқтаған,
Асыл әнді қылғынтып тұншықтырған, жалған-ай.
Жаны жайлау аруға ғашық қылған, өмір-ай,
Арман бар деп алдыңда асықтырған, өмір-ай;
Өнер сырын, машығын жас ұқтырған, өмір-ай,
Ән айтсам деп халқыма тасып тұрған, көңіл-ай!
 Өлексе екен бір жұттық дәулет деген, жұртым-ау
Алауыз боп басынан дау кетпеген, жұртым-ау;
Қалаймын тек мен сенің өнеріңді өшпейтін,
Даласында жыр шалқып, ән көктеген, жұртым-ау.
Ашындырған Абайдай жаны асылды, дүние-ай,
Қор ғып қойған бұлбұлды Сара сынды, дүние-ай;
Ортақ болар күйзелсем, көңілімнің күйіне,
Қайдан табам жол бастар жанашырды, дүние-ай.
Салған таңбаң қамшымен арқамда бар, Поштабай,
Өзім өлсем ән деген қалқам қалар, Поштабай;
Менің әнім асқақтап сіңіп кеткен әуеге,
Шамаң келсе әуені арқандап ал, Поштабай!
Кез шығар бұл өнерді жан ұқпаған, ұрпағым,
Қамауда боп қанатым талып қалған, ұрпағым;
Бақытты едің сен қандай, шаттық әнің көгіңде,
Еркін самғап кептердей қалықтаған, ұрпағым!..
29. Ақан сері:
Қастық қылған қас жүйрікке, пыраққа, –
Қатыгездер, бақталастар, азғындар.
Ұрпақ сені қарғап өтер бірақ та,
Дүлдүлге емес, өздеріңе ор қаздыңдар.
Құлагердей серігімді құлатқан,
Естен кетпес есер, ездің қорлығы.
Ақтоқтыдай аяулыны жылатқан,
Ол да қайран ескіліктің зорлығы.
Содан, содан сұм өмірден бездім де,
Бір Сұлулық іздегенім, сездің бе?
Тұяғынан тұлпардың,
Қияғынан сұңқардың,
Қиялынан іңкәрдің,
Табиғаттан қайғы ойламай шат күлген,
Сұлулықтың сырын іздеп таптым мен.
Әннен таптым әсемдікті әйгілі,
Қайырмамның бәрі бірақ қайғылы!
 Сұлулық қой әйел заты алдымен,
Содан таптым көркемдік пен сәнді мен.
Өнер болды ендігі әнім, әңгімем.
Ер мен езді көп болған соң көргенім,
Мол шығар-ау, жырдан өрген өрмегім.
Жазғырма сен, жасықтығым емес ол,
Сұлулыққа ғашықтығым ол менің!
Көрер көзге болсам-дағы мен сері,
Қорғасын ой езіп мынау еңсені;
Телміремін қу шанаққа қуарып,
Сұлу өмір, аңсап өттім мен сені!..
30. Сұлтанғазы Уәлиханов
(патша заманының генералы):
Шекпен киіп, шенін алдым генерал, –
Елегізген елім бірақ не болар?
Қызметінде жүрсемдағы қанша жыл, –
Бұратана деп санайды неге олар?
Отаршылар ойран салып, есірді,
Айтар едім, ақтарар ем не сырды:
Дала менен Орман жұрты қоныстас,
Ұмытты олар Бату, Сартақ, Көшімді?!.
Жүрсемдағы Петрборда, қиырда,
Туған елім жүрегімде, миымда;
Шенділермен шайқасамын әлімше,
Қазағыма сеп болсам деп қиында.
Мұсылманның қамын ойлап таластым,
Түркі тектес ағайынмен жарастым.
Сенім арттым Сердалиндей жастарға,
Азат жолын іздейтұғын алаштың!..
31. Ақылбай Тілепұлы:
Даңқойдан ту көтерген Ақылбаймын,
Жақсының сөз бен ісін мақұлдаймын;
Көкшетау, кием де сен, ием де сен, –
Беретін ерге – айбат, батырға – айбын!..
 Сыйластық ата жолы ол қашаннан,
Із баспай, үлгі көрмей толмас адам:
Наурызбай, Пірәлі, Әзбай, Жанғал ағам, –
Мені де жөн көрсетіп, жолға салған!..
Демеймін қиындықтан шетке қаштым,
Жасықтың жат қылығын бетке бастым;
Бірлесіп, ағайынның басын қосып,
Ел үшін медіресе, мектеп аштым!..
32. Науан қазірет:
Хақ жолында жүрген сайын тереңдеп,
Зарлы болдым елім үшін елеңдеп.
Парызыңды біл, жамағат, айтқан ғой, –
Надан жұртқа залым патша берем деп!..
Бізге жақын Түрік елі, мұсылман, –
Пана болар кезімізде қысылған;
Әділеттің ақ жолы деп айнымас,
Хақтың жолын туған елге ұсынғам!..
Надандыққа ұрынды ма бұ қауым,
Қалай үзер отаршылдық бұғауын?
Дін мұсылман аман болса, алашым,
Адамзаттың алла берер сұрауын...
Шоқындырса пайғамбардың үмбетін, –
Күрес ашпай көреді елдің кім бетін?
Талақ етіп саясатын патшаның, –
Қарсы тұру ол да менің міндетім!..
Атқаратын талай міндет алда тұр,
Керек бұған сансыз мүрит, сан батыр:
Ақан, Мұқыш, Қожахмет, Сексенбай,
Бабаназар, Шаймерден мен Жанбатыр!..
Жер аударып, айдаса да алысқа,
Күресерміз, тырысармыз намысқа;
Ақыл қосар алыстағы Абай да,
Азаттық жол үлгі болар ұлысқа!..
 33. Балуан Шолақ:
Ертеде аталарым Шудан келді..,
Біз бүгін ер атанып буған белді;
Дем беріп Дулатым да, өрге жүзем, –
Көкшедей арқаланып туған жерді!
Кеудемді өртегенде намыс талай,
Қолдаушым болып еді Бағыс, Қанай!
Еліме ерлік жолын салып берген,
Алаштың Абылайдай арыстаны-ай!..
Хан Кене, Алтай, Бекбау, Жанғал, Тілеп,
Жандардай жаратқаннан алған тілеп:
Ел азып, жер тозғандай енді заман,
Көп іште ақтаратын арман, тілек...
Жендеттер көзін сұғып Қайрақты, елге,
Сын болды соның бәрі қайратты ерге:
Серіктес бола білді Қожахмет,
Дәулетбай, Қуанышбай, Айдапкел де!
Қыран деп мадақтама қараққұсты,
Мансапқор елдің асын талап ішті.
Қаумалап қабаған ит қапы қылды,
Көбіне көрсетсем де қара күшті.
Ырқына көнбей ояз, болыстың да,
Аянбай озбырлықпен соғыстым да.
Әділдік таппай бірақ қуғын көрдім,
Жәбірленген жандарға болыстым да...
Сол үшін түстім кейде түрмесіне,
Жем болдым жеті түнде бүргесіне.
Жақсымен жолдас болдым, сараңдардың
Пысқырмай үлдесі мен бүлдесіне.
Жатсам да «ақ» түрмеде аз-ақ қана,
Азапқа да, көндім-ау, мазаққа да.
Бел ұстассам талайдан бағым асып,
Танылдым орысқа да, қазаққа да.
 Жә, бірақ, мұрат етпен палуандықты,
Бар шығар бұл ғаламда алуан мықты.
Отыз ру озбырлыққа не қыларсың,
Жалғанда жаным сүймес жалғандықты.
Көңілін көтерген соң серілікпен,
Жолыма қарап жүрді ел үмітпен.
Жөн таппай сол тұманда жарық іздеп,
Нұрлы өмір, сағынышты ел сені күткен!..
34. Жанбота болыс:
Болыс болдым, өріс болдым жұртыма,
Пана болдым ата-баба ғұрпына.
Жақсыларды жанай жүрдім есіркеп,
Заман әттең көнбейді екен ырқыңа.
Мына заман ойнап тұр ғой қақпақыл,
Жеріңді алып, шоқындырмақ жат кәпір;
Құлдық ұрсақ ата рухы кешірмес, –
Сары, Елтоқ, Көкі, Төлек, Дат батыр!..
Шен-шекпен ап, көбейді ғой танысым,
Аман болсын Ақан, Біржан – арысым;
Байлық, мансап болсын серік жігітке,
Туған елдің ойлағанда намысын!..
35. Мәмбетәлі Сердалин:
Оқыдым да, тоқыдым да тарихты,
Қайран елім киген екен қамытты;
Сол қамыттан босатуға жұртымды,
Еркіндікке үндеп бақтым халықты!..
Жау қолында жыртылды ғой жағамыз,
Сан езгіден сарқылды ғой санамыз;
Ақыл қосып, жол көрсеткен біздерге,
Петерборда – Сұлтанғазы ағамыз!..
Ресейдің де ізгі ойлары ұғысты,
Мен ұрпаққа мирас еттім бұл істі!..
Бар қазаққа пана болып, жол тауып, –
Кең өріске салу керек ұлысты!..
 36. Шаймерден Қосшығұлов:
Залым патша салып елге салмағын,
Дін мұсылман шекті оның зардабын;
Қарсы шықты оған Науан қазірет,
Көздеп елдің мақсаты мен арманын!..
Иесі жоқ, емес бұл жер қу дала,
Намыс үшін түстік от пен суға да;
Қолдап Науан, Жанбатыр, көп жамағат,
Амал қылдық сайлануға Думаға.
Ортасында жүрген осы майданның,
Қазіреттің қайратына қайранмын;
Жолын кесіп, Сұлтанғазы ағаның8
,
Думаға мен депутат боп сайландым.
Жөнге салып, жол көрсетті ол бірақта,
Жүрген кезде Петерборда, жырақта;
Қамқор болды алты алашқа генерал, –
Жауап іздеп небір қиын сұраққа.
Толыссын деп туған елдің өркені,
Серпілсін деп марғау жатқан ел тегі;
Насихат қып елдің қамын, дін жайын,
Алғаш рет аштық газет – «Серкені»!..
Біздің елге керек діннің тірегі,
Қабыл болар сонда көптің тілегі.
Елікпейді сонда жаман әдетке,
Иман толы мұсылманның жүрегі!..
37. Дүйсенбай Тұранов:
Орысша оқып, советник – атағым,
Қызылжар мен Омбы – қызмет, жатағым:
Шен де тақтым... айырбастап шекпенге, –
Тоқтамыстай хан атамның шапанын!..
8Қотыркөл болысында өткен Дума сайлауына Петерборда тұратын
отставкадағы генерал Сұлтанғазы Уәлиханов та, Шаймерден Қосшұғылов
та бірге түскен. Бірақ патша өкіметінің өзі де Сұлтанғазының сайлануына
қарсы болған, әрине ол өкілеттік алғанда елге көбірек пайда әкелетін еді.
 Құлы болған пара менен ақшаның,
Жол бермейді шенеунігі патшаның;
Жоғарыға шағым айтып шаршадым,
Залымдарға заң былай деп қақсадым!..
Әділдікті, ойлап елдің намысын,
Қайрат қылдым қазағымның қамы үшін;
Қайран таппай қасарыстым, қарыстым,
Түрмеге де қамағаны, бәрі шын!..
Сердалин мен Айдарханов, Тоғысов,
Ешмұхамед, Аханов та болысып;
Зейнел, Сәлім9
– ағартып ел санасын,
Озбырлармен айтыстық сан, соғысып!..
Жаңа заман, төңкеріс те болды азап,
Қамыт киді қайта тағы сол қазақ;
Смағұл мен Мағжан, Мұқан, Асылбек, –
Алты алашқа болған еді сонда жақ!..
Бақыт кілтін берсек деп ек қазаққа,
Алашшыл деп бізді айдады тозаққа;
Бас сауғалап сұм заманның сұғынан,
Ұрпақтарым кетті сіңіп Созаққа!..
38. Мағжан:
Қалың жаумен егескен, Қайран менің алашым!
Қарғыс атқан кеңестен, – Қандай үлес аласың?
Көсемдері қазақтың, – Әлихан мен Ахаңдар…
Көрсе де сан азап-мұң, Қажымаған атандар!
Қатып қалған Кеңес деп, Жас арыстан, Сәкен-ай?
Қазақ отар емес деп, Қасарысқан, әкем-ай!..
9Тұрлыбек Айдарханов, Көлбай Тоғысов, Ешмұхамед Абылайханов
– Омбыда қызмет еткен белгілі азаматтар. Ахитдин Аханов – ағартушы,
башқұрт азаматы. Зейнел-Ғабиден Омускауи, Мұхамед-Сәлім Кәшімов
– ағартушылар. Мұқан Әйтпенов, Асылбек Сейітов – алаш ардагерлері.
Дүйсенбай Тұрановтың өзі титулды советник болып Омбыда, Қызылжарда
қызмет істеген ел азаматы, патша, кеңес өкіметінен де қуғын көріп, кейінгі
ұрпақтары Созақ елін паналап қалған.
 Қайтіп зарың басылар, Қамсыз әкем, анашым!
Қашан бағың ашылар, Қайран менің алашым?!.
Елдің бетін көрместен, Кетіп барам жыраққа.
Залымдарға көнбестен, – Жетерміз бір мұратқа!
Өтерміз біз сындардан, Көк теңізге құлаштап.
Рухым өшпес шыңдалған, – Оқжетпестей тым асқақ!
Келеді әлі нұр заман, Мен жастарға сенемін.
Келер, кетер бір жаман, – Мен халқыма сенемін!..
39. Смағұл Сәдуақасов:
Патшаның езгісінен болсақ азат,
Өркендеп, өсіп-өніп толса қазақ;
Екіге бөлмейікші аз халықты,
Емес қой бай мен кедей соншама жат.
Төңкеріс әкелер деп бақытты күн,
Бермеді қысылтаяң уақыт тыным:
Алаштың арыстары, мен үшін де , –
Елім деп атыпты таң, батыпты күн!..
Ахаңдар салғаннан соң тәлімді ізге,
Үлгеру керек болды бәрін бізге;
Алыстық, арпалыстық алаш үшін,
Болғанмен тәнім – үйде, жаным – түзде!..
Бауырлар, буырқанған бүгін дала,
Ұмтылған озат елдің ұлын қара;
Биікке талпыныңдар, ұрпақтарым,
Қазақты сүйрейді алға білім ғана!..
Қамауда өтпес күндер ғасырдай көп,
Лапылдап кеудедегі басылмайды от;
Өшірме елдік рухын, кейінгі ұрпақ,
Жарқылдап өтер талант жасындай боп!..
II. КЕЙІНГІ ЗАМАН
40. Валериан Куйбышев:
Еркіндік құмар елге жұт, – Ескілік торы, мұң-нала...
Есейіп кеттім ер жетіп, Есімде жүрді бұл дала!..
 Сан ғасыр қажып сұмдықтан, Езгіге түскен қанша адам.
Құтылу осы құлдықтан, – Арманы еді аңсаған.
Қаналды қанша бұл бауыр, Еңсесін басып мұң-қайғы.
Серпілтер оны бір дауыл, Болады, болмай тұрмайды.
Көңілі өсіп халқымның, Азаттық таңын тойлайды.
Нұр төгіп ертең алтын күн, Шығады, шықпай қоймайды!
Россия – анам ашынған, Тыюға аққан көз жасын;
Жолына соның жасымнан, – Басымды тіккем өз басым.
Жолында осы тартыстың. Талабын ердің ұштаған;
Ілімі Ленин, Маркстің, – Азаттық жөнін нұсқаған.
Аптапта, аяз өтінде, Бейнетке батқан бәлен мың;
Жұмылды ол азат етуге, Жұмысшы табын әлемнің.
Талқандап, салып дүмпуге, Әлемді ескі, самарқау.
Бұрқ ете қалды бір түнде, Революция – Жанартау!
Бойында оның дәуірдің, – Қайраты, арман, тілегі;
Күреспен өскен қауымның, Ызасы-кегі тұр еді.
Талқан боп тажал талайғы, Еңбекші елді тонаған;
Азаттық нұры арайлы, – Тарады «Аврорадан!»
Бақыт боп елге қарады, Күлімдеп өзі көсемнің.
Шартараптарға тарады, Шарапаты бұл нөсердің.
Бостандық келді өмірге, Бөлмейтін ұлы, кішіге.
Еркіндік келді өңірге, Бөлмейтін ұлтың, түсіңе.
Дала да шықты түнектен, Медет қып осы шуақты.
Мені де бір кез түлеткен, – Мейірбан анам сияқты.
Не деген, дала, кең едің, Жер едің қандай сұлу сен.
Ерлікке құмар ел едің, Еркіндікті ерек сүюуші ең.
Жайып тұр бақыт құшағын, Бермеген тақ та тәңірің.
Жайып тұр алып құшағын, – Большевик, орыс тамырың!..
41. Сәкен Сейфуллин:
Питерден бастап дауылды, Қызыл ту шықты желбіреп.
Қуантқан кедей қауымды, Құшағын жайып елжіреп.
 Азаттық алып келем деп, Қызыл ат өтті шапқылап.
Дүние қалды елеңдеп, Дүбірі шығып қаттырақ.
Еңбекші жұртқа таң атып, Ертеңін ойлап қыз-ұлдың;
Азаттық нұрын таратып, Келеді шығып Қызыл күн!
Соңынан жүгір, жүректі ұл, Бетіңді жаңбыр, сел жуып.
Тәубешіл жұртым, білек түр, Тәуекелге бел буып!
Қиямет сынға көнесің, Бақыл боп ажал, азапқа.
Жарқын да жалғыз жол осы, Мұратқа жетер қазаққа.
Тар жолда, тайғақ кешуде, Тағдырын қосқан кең дала.
Көктейміз, болсын есіңде, Күрескерлерменен ғана!
Күреске бұрдым ат басын, Соңымда халқым, арысым.
Ашуға бақыт қақпасын, Езілген намыс, ар үшін.
Жуытпай кіршік даңқына, Жаныммен оны қорғадым.
Алғашқы болып халқыма, Азаттық жырын толғадым.
Айдында еркін құлаштап, Даламмен бірге тербелдім.
Сол кезде, Көкшем, бір асқақ, Кеудемде шабыт, дем бердің.
Ізгіні ізгі іздей ме, Сұлуға сұлу құмар ма?!
Құлпырып тұрды қыз бейне, Көміліп көкшіл мұнарға.
Жайнаған заман нұрымен, Толғадым сұлу өлкемді.
Бұлбұлдың тәтті үнімен, Жырладым Көкшем, еркемді.
Ғашық боп сұлу өңірге, Елдіктің жырын жалғаймын;
Асық боп нұрлы өмірге, Сұңқар боп көкте самғаймын!..
42. Әбілқайыр Досов:
Жою үшін үстем тапты жанышқан,
Ақыл-күшін сарп етті ғой данышпан.
Қанат қаққан оның ұлы ойлары, –
Кең далада ізгі үмітпен табысқан.
Ескі дүние құлай ма оңай бірақ та,
Өттік талай өткелектен сынақта.
Қараңғы елдің көзін ашып, байлармен
Кескілестік жету үшін мұратқа.
 Қиял жетпес кең даламның аумағын, –
Әрлей түсті әсем өскен бауларым.
Нұрын төкті шалғайдағы шептерге, –
Шын достығы жұмысшы мен шаруаның!
Шыңдалып сол шыққан төс пен балғадан,
Достығымның қанатындай талмаған:
«Петрокөк» темір жолын төседік,
Россия мен Сарыарқаны жалғаған.
Бір тілегі болатын бұл көсемнің,
Көгіндей боп осы нұрлы нөсердің:
Ақ тоқашы бара жатты даламның, –
Аштық көрген сәбиіне дос елдің...
43. Үкілі Ыбырай:
Бұл ғұмырда көп аралап, көп көрдім,
Ыстықты да, суықты да өткердім.
Түсі суық озбырлыққа опынып,
Бір шуағын аңсаушы едім көктемнің.
Қайран жұртым қаумаласып жер үшін,
Алауыздық кеулеп жатты ел ішін.
Алтын іздеп шахта салған қулар да,
Тонап жатты кең даланың кенішін.
Сол шахтада қайла ұстап қолыма,
Тағы оралдым тонаушының торына.
Тамыр тауып жұмысшыдан – бағыма,
Сүлік қанды сора түсті – сорыма.
Әнге қостым елдің арман, наласын,
Жыр емдер ме, жүрегінің жарасын.
Қара тізім жалмап жатты бір кезде,
«Он тоғыз бен отыз бірдің» арасын.
Үміті өшіп, ар-намысы басылған,
Алаш жұрты алас ұрып, ашынған;
Ұрыс салып, Төңкерістің күшімен, –
Билікті алып, бай-манапты қашырған.
 Қолдап енді талғамы артқан тыңдаушым,
Шықтым төрге саңқылдатып жыр даусын.
Шабыт берген шадыман жұрт мың жаса,
Бақыт берген бағыландарым нұр жаусын!
Тұрлаусыз күн мың құбылды тағы да,
Қатыгездік қайта мінді тағына:
Тар қапаста тартып азап, тарығып,
Торығамын «Төрт момынды» сағына!?.
Көрдім солай екі дәуір жалғасын,
Азат арман енді биік самғасын;
Гәкку – өмір, гәкку – көңіл, гәкку – жыр,
Шырқа, шырқа, қанатың тек талмасын!..
44. Ботакөз:
Қамалып қалған түнекте, Қыздары қайран шығыстың:
Жеткізді-ау, арман-тілекке, Күлімдеп шыққан күміс күн.
Жасымды тыйды жаңа өмір, Бастады ол ізгі мұратқа.
Жүйткі деп еркін, кәне бір, Қондырды арман пыраққа.
Жойылды күңдік, жалтақтық, Нұр шашып шаттық алапқа.
Жадырап сүйген жар таптық, Жайылды еркін қанат та.
Келер деп қашан теңдігім, Бұл күнді қанша көкседім.
Солғалы тұрған мен бұрын, Гүлі едім бір тал Көкшенің.
Бірі едім биші қайыңның, Сәулесіз семген шер едім.
Тамырым терең жайылды, Жайқалды жасыл желегім.
Бірі едім сексен көлінің, Тербелген марғау тіршілік.
Айдынында енді өмірдің, – Аққу боп жүздім құлшынып...
45. Жақан Сыздықов:
Жаңа заман айдынында мен өстім,
Білім алдым, басқалармен теңестім;
Ақиқаттан қалай аттап өтейін,
Кесірі де аз болмады кеңестің.
Ұжым болып қауымдасқан қазағым,
Замананың тартты тағы азабын;
 Төрт түліктен айырылып қайран ел,
Ұстап қалды жүгені мен қазанын?!.
Елдің ішін сұмдық аштық жайлады,
Жақсыларды тескентауға айдады.
Туған жерден босып кетті қаншама ел,
Аштан қатып, жапан түзде жайрады...
Шет жағасын мен өзім де байқадым,
Қансырады қайран далам, байтағым.
Голощекин жасаған сол зор қылмыс, –
«Әлі қарттың әңгімесін» айтамын!..
Малы тұрып, мүлкі тұрып самсаған,
Аштан қатты-ау қанша сәби, қанша адам?!.
Қайталанбай сұм заманның қастығы, –
Азат күнге жетсін елім аңсаған!..
46. Есмағамбет Ысмайылов:
Ару Көкшем, түлеттің сен қанша ұлды,
Елдің жүгін өрге тартқан нар сынды!
Бауырыңа басып қанша қауымды,
Алқа топта алшаңдаттың Алшынды!..
Туған жерім, туған елім, туысқан,
Ұл-қыздарын бөле-жармай ұғысқан;
Құлагерлер ұрынса да қастыққа,
Шын жүйріктер шығар талай ұлыстан!..
Асыл Көкше, хан ордасы ежелден,
Келе жатсың асып талай кезеңнен;
Асқақ рухың ұрпағыңа мирас боп,
Азбайтынын, тозбайтынын сезем мен!..
III. БҮГІНГІ ЗАМАН
47. Жұмекең:
Бұл қазақтың маңғаз туған ұлы көп,
Ел бастадым алғашқының бірі боп;
Қиын кезде ғұмыр кештім амалсыз,
Жолда жүрдім сұрағы мен сыны көп!
 Басымызға түскен шығар ұлы сын,
Жаңа заман ашсын елдің тынысын;
Қатаң тәртіп алды-артыңа қаратпас,
Сақшылықтан басталған бұл жұмысым.
Аға сұлтан Тоқтамыс би – бабам бұл,
Маңдай, Ғафар – текті туған табанды ұл!..
Осыншама міндет пенен парыз да, –
Көктен түсе қалмаған ғой маған құр.
Ертелі-кеш еңбек еттім жұртыма,
Іштегі – шер, шығармадым сыртыма.
Ала жіпті аттамадым, арамнан, –
Бір үзім нан салған жоқпын ұртыма.
Қажымастан өрге қанат сермедім,
Елім үшін ойға баттым, терледім.
Бас ұрмадым өркөкірек мансапқа,
Қазағымның жерін жатқа бермедім!
Алтай, Жайық, Алатаудың төрінде,
Өнер-білім нұрын шаштым өңірге!
Өсіп-өнді содан қанша ұрпақтар,
Түлек болған, тірек болған өмірге!
Сүйдім бәрін қасиетті өлкем деп,
Қала салдым, ғылым өсті өркендеп;
Ұлы өмірдің айдынында шарқ ұрған,
Жұртымды алға жетеледім желкен боп!
Елімді ойлап елікпедім думанға,
Тура сөйлеп жақпадым ба туғанға:
Дүние-мүлкім – болды жалғыз шабадан, –
Қарау ойлар қызметтен қуғанда!..
Тау тұлғалар атымды еске алды ма,
Жақсылығым әлде ұмыт қалды ма?
Халық айтқан: «Атаңа не істесең –
Келеді деп, соның бәрі алдыңа!..»
Жә, қоялық, бақталастық, қайғыны,
Туған елдің туар оңнан ай-күні;
 Шаттығыңды шырқа ендеше, Оқжетпес,
Шалқы, шалқы сексен көлдің айдыны!..
48. Мәлік Ғабдуллин:
Жайнаған жаңа өмірді, – Жатқанда жасап жас халық;
Өрт жайлап бейбіт өңірді, Сұм соғыс кетті басталып.
Ұрпаққа ісін үлгі етіп, Құртуға жауды қан құмар;
Тайбуырылын гулетіп, Аттанды Қобыландылар.
Елімнен шыққан асыл көп, Жаралы сол бір жылдары.
Жауына түсті жасын боп, Жұмағалидың жырлары.
Жүрекке кетпес дерт қонды, Түсті ғой қиын басқа азап.
Ерлікті жырлап мерт болды, Рамазан атты жас қазақ!
Өтті ғой соғыс, не керек, Алапат өрті басылды.
Жабырқау нұрын себелеп, Қамыққан күнім ашылды.
Десек те жүрек қаяулы, Мерт болған қанша өмірге.
Атты енді таңдар аяулы, Аттандық бейбіт өмірге.
Өнерге тартты нар талап, Алаштың төлі – неше адам:
Ел жүгін кетті арқалап, Ғайнетдин, Шахмет, Есағаң...
Өркенін далам өсірді, Жақандар жырлап жерімде.
Шаттанған елге қосылды, Шабытым тасып менің де.
Есейді солай сүйікті ел, Дарындар туған айтулы.
Шақырды шырқау биіктер, – Тұрсынбек, Ебней, Айқынды.
Қайраты тасып, әлденіп, Құлпыра түсті Отаным.
Сұлу жер жатты сәнденіп, Қиялыменен Шотаның.
Естіртіп асқақ ел үнін, Таланттар қанат сермесін;
Зерделеп жырды Серігім, Сөз кенін Сәкен зерлесін!..
Халықтың сөзі – дария, Жыршыға Көкшем сірә, бай:
Шәкен мен Мұса, Қалия, Маман мен Кәрім, Жұмабай!..
Заманның нұры жауды деп, Көкендер ашар тың қайнар;
Жәудиннің жыры жәудіреп, Құдыкен айтар құнды ойлар!..
Далама бүгін бақ дарып, Жайнады жарқын жаз бағы.
Елдікті жырлар шаттанып, Еркеш пен Саттар саздары!..
 49. Фазыл Кәріпжанов:
Өскен жерім Омбы маңы – Шарбақкөл,
Жөн көрсетіп, жолға салып самғатты ол;
Шыққан талай қайсар тұлға, қайратты ер,
Кісілікті мирас еткен ардақты ел!..
Қайран Көкше, аталардың қонысы,
Қашандағы болған елдің өрісі;
Ал Омбыдан білім алып талай жан,
Болғаны шын сол елдіктің жемісі.
Ерте оянып, ел намысын жоқтаған,
Мекен еді Тоқтамыс би тоқтаған;
Омбы жақта елдің шебін қорыған, –
Қыдыр, Серкеш, Баба сынды көп бабам!..
Талаптанып өстік біз де сынақта,
Заман оңай болған емес бірақта;
Туралықтың туын жықпас салдық жол,
Келер ұрпақ, ел жетсін деп мұратқа!
Құтайсын деп қазағымның ертеңі,
Жетілсін деп елдің балғын өркені;
Жас қауымды аяладық, баптадық,
Алға сүйреп кең байтақ бұл өлкені!
«Төре жоқта, құл жүреді жораға»,
Әміршіл кез, аярлықсыз бола ма?..
Қиын кезде қияларға жеткізген,
Есті ұлдарын есіне алар ел – ана!..
50. Жәмшит Қожантаев (Еңбек ері):
Ел жайын көргің келсе қырға қара,
Айналған мыңғырған мал, мың қалаға.
Ұғасың ұлылығын достықтың да,
Еңбекпенен шыңдалған тың далада.
От алып атқан таңның арайынан,
Маздатқан жыр көкірек сарайынан;
Жайсаң бір жасампаздық жайып қанат,
Бақытын тапқан мұнда талай ұлан.
 Беу, менің, жібек жонды, пүліш далам,
Береке-бақ төрінде тыныстаған.
Ерлерің еселеп сол дәулетіңді,
Жеңіспен желбіретіп ту ұстаған.
Бір ғажайып сенің бұл күзің деген,
Ұлың да ерек мұндайда, қызың да ерен.
Жүзуменен жоныңда қызыл кемең,
Ұлы дүбір күні-түн үзілмеген.
Арманы асқақ осынау нар ұлдарың,
Ерлікке – ерлік, қосумен арынға – арын;
Алтын орақ кезінде айғақтайды, –
«Ақ түйенің қарыны жарылғанын».
Алтын орақ – береке, дастарқаның,
Алтын орақ – мереке, дастандарың.
Науқан сайын тасытып дән арнасын,
Даңқың өрлеп биікке, аспандадың.
Тоқмейілсіп қалмауды сүйіпті елің,
Топ жаруды ойына түйіпті ерің.
Жеңісіңді паш етсең, тағы да алда,
Тұрады асқар асу, биіктерің.
Ұл-қызың тұлпар мініп ар-намыстан,
Озып әлі келер-ау сан жарыстан.
Мерейің үстем болсын, туған елім,
Тың далам, мақтанышым, маржанстан!..
51. Бәйкен Әшімов:
Жөргегімде жоғалтып ап әкемді,
Тағдыр маған талай сынын әкелді.
Қайраттанып қарсы жүздім дауылға,
Өзім біліп, өзім түзеп қатемді.
Қиындықтан қажымадым, қайралдым,
Елден – тоқып, елден қуат алғанмын.
Басқа түскен сыннан ешбір тайсалмай,
Оқ пен отын кешіп өттім майданның!..
 Жақсылармен жақын жүріп сыйластым,
Басымыздан өтті талай қимас күн.
Ел құрасып, өрге басып халқыммен, –
Қатар жүрдім қасында мен Димаштың!..
Болдым мен де болаттай нық Премьер,
Сайлы жүрдім санатында кілең ер;
Шыншыл болыс Шабақбайдың шырағы ем, –
Қайдан келді десең маған бұл өнер?!.
Қызбаланбай зор мансаптың буында,
Нық ұстадым елдің биік туын да;
Ақ тілекпен ақыл қостым аңқылдап,
Кемелденіп келе жатқан буынға!..
Бақталастық, бақай есеп жоқ есте,
Шықтық біздер сөйтіп үлкен белеске;
Шын талантты шыңдап жолға салатын,
Ата жолы шынында осы емес пе?
Көкшетауда қалды сайрап іздерім,
Қошеметпен көрем елдің жүздерін;
Алқынғам жоқ алтын-күміс арқалап,
Ел ішінен тек жақсылық іздедім!..
52. Ермек Серкебаев:
Еңселі қандай тауларым, Таңдарым неткен арайлы.
Бүр атып балғын бауларым, Бұлбұлдың әні тарайды.
Жастарым өрге сайланып, Көздерін тіккен алысқа.
Қиялым шынға айналып, Қанатын қаққан ғарышқа.
Арманы асқақ, өр кеуде, Жұртым бар сергек көңілді.
Құлшынған бәрі ертеңге, Мұрат қып бейбіт өмірді.
Тербеткен еңбек ырғағы, Бүкіл ел барға қарық боп;
Әр күннің қызық-думаны, Кеудеге қонған шабыт боп.
Серілер салған мұңлы әуен, Келмеске кеткен бүгінде.
Іңкәр боп тыңдар күллі әлем, Рухы бар елдің үнімде.
Жерімде өмір гүлдеген, Қанаты әннің жазылар:
Достыққа көпті үндеген, Біржан мен Ақан сазы бар.
 Көмейде жырдың кәусәрі, Жөні жоқ әсте таусылар.
Бақытқа үндер баршаны, Бостандығымның даусы бар.
Қотарып көңіл наздарын, Жазылар талай жыр-дастан:
Паш етіп өмір саздарын, Шалқиды әнім тынбастан!.
53. Мақтай Сағдиев:
Ерлік жолын, елдік жолын таңдаған,
Абылайға серік болған сан бабам;
Жолдыбай би, Қаратоқа, Байтоқа, –
Ақиқаттың ақ жолынан танбаған.
Ел басынна өтті тарих не түрлі,
Өрге шықты, сайға түсті, жетілді;
Көкшетаудың көп шыңының шоғыры, –
Бірі – Шопан, бірі – Шоқан секілді.
Сол биіктің біреуі еді – Жылғара,
Аты мәлім патшаға да, қырға да;
Петерборға екі барған майталман, –
Ризамын, қайран бабам тұлғаңа!
Бабалардың біреуі еді – Қосшығұл,
Сондай әділ, пірадар боп өссін ұл!
Тағы бірі – аға сұлтан Әлібек,
Ел таныған әрі батыр, әрі бек!
Бабамды айтып ер жеткем жоқ бірақ мен,
Қарады өмір бізге басқа сынақпен;
Даңқына сай зор ескерткіш тұрғызып, –
Қалаға атын бер деп әсте сұрап па ем?!.
Талабынан талмай бірақ заманның,
Биігіне шықтым талай қамалдың;
Қала салып, ел құраған кешегі, –
Жақсы істерін жалғастырдым бабамның!..
Оқжетпестен қыран қанат қомдай ма?
Самғап ұштым Торғайға да, Қордайға;
Шыңға өрлесе шынайы ұлдар халқым деп, –
Әділ төре, дәстүр қайссы, жол қайда?!.
 Елді не істер ерік тисе дойырға?
Қоныс салдым Қылшақтының бойында;
Ісім аян Одаққа да, қазаққа, –
Көкшем, сен де тұрдың биік ойымда!.
54. Еркеш Ибраһим:
Көлдері Көкшетаудың мөлдір қандай,
Қызығын табиғаттың көрдім қанбай...
Баладай мәз боламын айдынында,
Аққуын алақанға қондырғандай!..
Көкшенің сүп-сүйкімді тасы қандай,
Шабытың тауға өрлесең тасығандай;
Шалқимын, шаттанамын, шарқ ұрамын,
Жан сырын жалын атқан жасыра алмай.
Көкшенің қаңқылдаған қазы қандай,
Арысқа айта алмаған базынамдай;
Арманда қалған елім, амал қанша,
Ақан мен Мағжан жырын жазып алмай?!.
Апырмай, не дей алам бұл Кеңеске,
Бірге – бақ, біреуге тор құрды емес пе?
Мұқалып қалған жырды Мағжаннан соң,
Сүйредім жан ұшырып тың белеске!..
Бұлт болып ел көгінде көшемін мен,
Нәр алар көбелек жан неше гүлден;
Толқын боп айдыныңда толқып-шалқып,
Самал боп Сарыарқада есемін мен!..
55. «Ерсұлтан Әділбеков»:
Еркін едім – адалдықты көздеген,
Еркін едім – өтірікке төзбеген;
Елім үшін еңбек еттім жан салып,
Атақ, мансап іздегем жоқ өзге мен!..
Көкшетауым – кием ғой деп сақтадым,
Торғайымды – толағайдай баптадым;
Қызылорда – қызырым деп түсіндім,
Туған ел деп жүрек гүлін ұсындым!..
 Көпті қолдап, әділдікті жақтадым,
Жақсыны – ақтап, жамандықты даттадым.
Біреулерге туралықпен жақпадым,
Құлықсыздар құрды қанша қақпанын?!.
Досым көп ед, аз болмады дұшпан да,
Қанат қағып қия шыңға ұшқанда;
Қарғаларын қосып бақты арсыздар,
Мен не дейін мансап деген мыстанға?!.
Енді, міне заман мен заң өзгерген,
Мың құбылды қатар жүрген, көз көрген.
Елдің қамы, жердің бабы болар деп,
Жігіттерге үміт арттым сөз берген...
Азаттық деп қанын төккен, шаршаған,
Арман еткен ата-баба, қанша адам;
Сүйінші елім, жарлық қылып Елбасы, –
Тәуелсіздік келді, міне аңсаған!
Елім, жерім үстемдіктен болды азат!
Ешкімге де болмайды енді қор, қазақ!
Тілім дамып, қабыл болар тілегім,
Егемендік елдің бағы ол ғажап!
Лүпілдесе кеудемізде мол арман,
Сын мен сынақ шыға берді көп алдан:
Қиындықтар қаптап кетті тек әттең,
Азаттықтың аяғына оралған?!.
Жұмыссыздық, құлықсыздық басталды,
Бойкүездік билеп алып жастарды.
Елдің ішін ашкөздік бір жайлап ап,
Шетелге асып кетті сәби тастанды?!.
Жұбатамын қалай елді жылаған,
Кейуаналар неге қайыр сұраған?
Қарттар үйі толып кетті неліктен,
Ұл-қыздары тұрған кезде дін аман?
Халық па екен, құлдырауға шақ тұрған,
Нарық па екен қолын байлап, қатты ұрған:
 Ел күйзеліп, қауым азып, кей ана, –
Шарасыз боп шаранасын лақтырған?!.
Тәуелсіздік болған кезде сонша арман,
Не сұмдық бұл, өзіне-өзі қол салған?!.
Ауылдарды нетсем екен күйреген,
Қарттарымды қайтсем екен томсарған?!.
Қарақшының қолынды жүр қарулар,
Азып дәстүр, арын сатты арулар:
Түзетуге бұл заманның кеселін,
Айтыңдаршы, енді қандай дәру бар?!.
Ел байлығы игілігі баршаның,
Еңбек еткен соған халық қанша мың.
Біреулердің бақытына балау боп,
Салтың азып, сатыла ма мансабың?!.
Шетелге асып темір, уран, мұнайың,
Кембағалдың келтіре ме шырайын?
Қойны-қоншын толтырса егер пұлменен,
Ұры-қары, ұмытқандар құдайын.
Жалған айтып, өсек-жала боратқан,
Бауыр жандар бір-біріне оқ атқан...
Жұмбақ өлім, етек жайып жемқорлық,
Қайран елім, қасиетін тонатқан.
Қамқор болмай қамын ойлап ұлтының,
Ойнаған кім, ойлаған құр құлқынын.
Болмай ма екен «Мың асқанға – бір тосқан»,
Шындық пірі, естімей ме жұрт үнін?
Бұл дүниеге кетпесе егер тас қаптап,
Қасиеттім, болашаққа бастап бақ!
Тәуелсіздік туы жайнап, Оқжетпес,
Ақордаң да тұрар мәңгі асқақтап!..
56. Сәкен сері:
Көкшетау бар қазаққа таныс алап,
Абылай – ежелгі салт, кәрі санат;
 Істері ол бастаған батырлардың, –
Болады ұрпақтарға әлі сабақ!
Көкшетау – сырлы қоныс, нұрлы мекен,
Ел қамын ойлап ерлер тұрды ма екен?!.
Алашқа айбын болған арыстарды, –
Мендағы Мағжанға ұқсап жыр ғып өтем!..
Ұлылар өтті-ау көріп қатал сынды,
(Айта алмай кетті-ау талай Мақаң сырды).
Айрылған Құлагерден қапияда, –
Мені де шер буады Ақан сынды!?.
Кербестім бірде шауып, бірде желіп,
Қабағы ашылмайды күн безеріп;
Тағдыры Құлагердің қиын екен, –
Кім тағы айбалтасын тұр кезеніп?..
57. Кәкімбек Салықов:
Қара кеңгір, «Қызыл зеңгір», Көк сеңгір, –
Сан асудан асып келдім көшпен бір;
Қанат қағып қай қиырда жүрсем де,
Сағындырып, аңсатады Көкшем бұл!
Ақ жүрегі жаралаған ар-намыстан,
Құт белінде туған небір арыстан;
Құлагерлер шыққан құтты мекен бұл, –
Көшқұлы мен Андағұлдан, Бағыстан!..
Сол санатта самғағанның бірі – мен,
Иықтасып жүрдім талай ірімен;
Мәскеуде де маң-маң бастым, туған ел,
Нүкісте де нар тұлғалы ұлың ем!..
Оқжетпесім, сөз жетпейтін биігім,
Сексен көлім – шаттығым мен күйігім;
Саркеңгірде жезкиігім салса ойнақ,
Көлбеңдейді Көкшеде ерке киігім!
Сазы қандай самғаған сал-серінің,
Назы қандай ескен самал желінің;
 Құлагерлер келеді озып бәйгеден, –
Жығылмайды, жырлайды әнін елінің!..
58. Сартай Қожахметов:
Топты жарып ауылдағы жастардан,
Жолым менің Жамантұздан басталған.
Мәскеуде оқып, Қарағанды шәрінде,
Жеткіншектер тобын алғаш басқарғам.
Жамантұзым – Қылшақты мен Бүркітті,
Талай ұлы ел намысын жыртыпты;
Ата мекен Ақсораң мен Балықты, –
Абылайдың ордасы ғой бұл тіпті!
Жамантұзым – заманының сауыры,
Елге мәлім Әйтімбет би ауылы:
Абылайдың төбе биі олдағы,
Ел сұраған Даңқойменен, бауыры.
Ел басқарып жүрдім неше өңірде,
Соғыс кезі, сұрғылт еді өмір де;
Майдан үшін еңбек етіп тынымсыз,
Үміт жібі үзілмеген көңілде.
Жеңіс келді жамап бәрін жыртықтың,
Ел серпіліп, мен де ертеңге ынтықтым;
Қанат қомдап, жол көрсеттім жастарға,
Қайта түлеп Қарағандым, Бүркіттім.
Қарқын алды Қарағанды домнасы,
Жайнап өсті Абылайдың ордасы;
Келді еліме Тәуелсіздік аңсатқан,
Құтты болсын, жаңа буын, жол басы!..
59. Төлеген Қажыбай:
Іздегем жоқ орталықтың мансабын,
Алыс кетсем Көкшемді мен аңсадым.
Жұмбағы жоқ менің барлық ғұмырым,
Көз алдында келеді өтіп баршаның.
Біздің әулет, бұлдағы бір өнерлі ел,
Өткен талай көшелі би, көне ерлер;
 Бабаназар, Нұрқан, Тұрпан, Тәшен мен,
Елжас, Жақан, Хажымұрат – кемелдер!..
Таныс маған әрбір аймақ, әр ауыл,
Ағалықтың кезегі ме жаңа бұл?
Төлеген деп, сұрайтындай төрелік,
Сөз бастаса Атығай мен Қарауыл.
Ел деп өтті Сәкен, Хамза ағайлар,
Сарбас, Баян, Сүлеймен, Әуез, Жанайдар;
Естай, Мәтен, Нұрқан, Сайлау, Мағира, –
Жабал, Байқал, Қайырбай – жас, жаңа ойлар!..
Сырлап келем солармен сөз сарасын,
Жырлап келем елдің небір данасын;
Туралықты ту ғып жүрген жұрт едік,
Әркімнің ел берер әділ бағасын!..
60. Автор («Бүркітті», екінші нұсқа):
Бүркiттi, қымбат маған бiр түп гүлiң,
Басылмас саған деген ынтықтығым:
Абылай атқа мiнген алтын ордам, –
Бүркiтiн Бүркiттiнiң үркiттi кiм?!
Ту тiккен туған ел деп ұландарың,
Көп едi ақын, батыр – қырандарың;
Ашылмай жатқан әлi қазынаң мол,
Заманның ашсақ та көп тұмандарын.
Бүркiттi, сұңқар ұшып, қыран қонған,
Елiңе Әйтiмбет би ұран болған;
Мерт болып қия-шыңда сол сұңқарлар, –
Айығып, айың ендi туар ма оңнан?!.
Жоқ Сәттар, Еркеш, Сәкен, Нұрағаммен,
Алладан амандығын сұрағам мен:
Елтұтқа Еркеңдей ерлер қайда, –
Бүркiттi, төскейiңе құлағанмен?!
Құрметпен мен оларға қарағанмын,
Бәрiн де ай мен күнге балағанмын;
 Қараумен қабағына әр ағамның,
Өзiмше әжетiне жарағанмын.
Олар да менi өзiнше еркелеттi,
Жан нұрын жыр – теңiзде желкен еттi;
Ерғали, Есләм, Жомарт, Табылды, Ерік,
Таланттар – неге өмiрден ерте кеттi?!.
Бүркiттi, көрген түстей өзiңе аян,
Олар да болмап па едi Қозы-Баян?
Жалмаған жақсыларды нысана ғып,
Мен қалай сұм ажалдың көзiн оям?!
Таланттар – тұғыры елдің, талмас арман:
Өмірзақ, Мұхамедия, Алмас, Арман;
Қорғанбек, Баянғали, Құдайберлі, –
Орынбай, Марфуға – елге олжа салған!..
Бүркiттi, тұлпарың көп тұмарлаған,
Қылшақтым, бастау алған ұлы арнадан;
Қалымтай, Мәули, Тоқан, Орынтай мен,
Жағыпар, Бабыр, Қуат – жыр арнаған...
Ұрпақты алға сүйреп шуақты арман,
Толысар тың толқынмен қуатты арнаң:
Қалымбек, Жалмұрат пен Ойрат, Тоқтар,
Оңалбек, Жәмеш, Кенже – сыр ақтарған...
Қызырлы Қызылағаш қойнауыңда,
Қызықпен келейiншi тойлы ауылға!
Оқжетпес, асқақтаған асыл тұлға, –
Салмақтап сала берсін ой қауымға!..
Түйін
Осынау құтты жерімнің, Ерлік пен өрлік өлшемі;
Бұл менің байтақ елімнің, Бір ғана шағын бөлшегі.
Күйлерін шертіп көңілдің, Жақсыны өрге асырып;
Келеді көші өмірдің, Алдағы күнге асығып.
Кернеген жігер кеудені, Арманмен өмір сүргенде;
Көш тартқан ұлы керуенім – Болашақ жарқын күндерге!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу