Өлеңдер ✍️

  19.03.2022
  151


Автор: Тортай Сәдуақас

Көз жұмып екі...

Көз жұмып екі алпауыт, енді ғана
Теперіш көрген жандар теңдік ала, –
Қиылды қиянаттың қыл шылбыры,
Ес жиды, еңсе тіктеп ел қуана.
Жиналып ақсақал, би кеңес құрды,
Алалар пиғылы жоқ тегі ешкімді:
«Көмусіз қалар көпсіз, – десіп жатыр, –
Ежелгі ел дәстүрі неге ескірді?»
Кеңестің кесіп айтқан сонда ақылы,
Ұшырмақ дәулетқұсын болды ақыры:
Қонатын таңдап жүріп бір жайсаңға,
Халықтың киелі құс – ол да пірі!
...Баяғы би байғұс та жаны жасып,
Жетуге туған елге әлі де асық;
Көрсем деп тұлпарымды, туған жұртты,–
Жүр еді жапан түзде арып-ашып.
Киімі үстіндегі өрім-өрім,
Білмейді жұртқа қайтіп көрінерін;
Байғұстың орнатқандай көгіне күн,
Шырақ, деп шығарады төріне кім?..
Осы би жол қажытқан, жоқ пырағы,
Үстінен шықты жиын, топтың әлгі.
Патшаның сайлауына тура келіп,
Сағатын сәтіменен соқтырады.
 «Қайран би, сын сағатқа тағы келдің»,
Әрине, дәмелі ғой бәрі де елдің:
Халықты үш айналып, Дәулетқұсы, –
Басына қоныпты әлгі бағына ердің!
Ақырын тағдыр шіркін аққа бұрып,
Армандай мерт те болса ат табылып;
Баяғы биін жақын, жат та біліп,
Жарықтық дәуірлепті таққа мініп.
Мейірім, шапағатын ел көріпті,
Қара мен ханды бірдей теңгеріпті;
Мұратқа жетіп, өзі өлгенінше, –
Ел-жұртын әділдікпен меңгеріпті!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу