Өлеңдер ✍️

  19.03.2022
  219


Автор: Тортай Сәдуақас

ҚОҢЫР СӨМКЕ

Алтыншы сыныпта ма, жоқ есімде,
Алқынбас албырт жасты бөгесін не?
Аман-сау ауылда онда абзал қарттар, –
Сейсекең, Сары, Қара, Көк – Есім де!
Бір мектеп ауылдағы құтты ордамыз,
Уайымды білмеуші едік тіпті онда біз.
Дүкенге түсе қалды қоңыр сөмке, –
Иықтан түсер бәлкім шыт дорбамыз?
Ертөстік, Әдөй, Сәбет, Серіктермен,
Баламыз ойынға ылғи ерік берген.
Көзді арбап алды әлгі қоңыр сөмке,–
Көтеріп жел көңілді желікке ерген.
Сөмкені алғым келіп қалайдағы,
Қыңқылдап келдім үйге, алайдағы
Сол үш сом біздің үйде болмай шықты,
Деді анам: сұрашы елден маңайдағы.
Дүкенші – Қазез, Уағез, Жарылғас па?
Дүние жетерлік ед қарындасқа.
Бұл күнде сөмке десе балам құмар, –
Бола ма сол күндерді сағынбасқа?
Бар-жоқты балаша ойлап, балаша ұғып,
Әркімге зыр жүгірдім аласұрып.
Сол үш сом табылмады кешке шейін,
Жоғымды бермеді ешкім баласынып.
Алмаған ағайынның еншісі бар,
Демедім мұным, сірә ерсі шығар;
Жолықты бір аптайым дүкен жаппай,
Сол үйде Бекдан, Кабир – көршісі бар.
Талпынған берсін құдай ұлға сабыр,
Мұңымды шақтым тағы тыңдаса бұл:
Анасы Бопақ марқұм – Үміт апам, –
Үш сомын алып берді, мың жасағыр!
 Бала едім мен де сондай болбыраған,
Сенімге себеп болды сол бір адам.
Ақтабан, Қара бие, қоңыр сөмке, –
Айнымас енді серік болды маған.
Білдірмей жылжиды алға уақыт керуен,
Пысықпыз қайбір одан жақұт терген?
Сайлы орын болды ғой ол сақама да, –
Топ бала топай терсек Жақыпкөлден!
Сөмкеге сиып кетті қалағаным,
Мамаштың салдым тәтті таба нанын.
Әрнеге бір ұрыншақ болып алдым,
Ұмытып әкемнің де «сабағанын».
Айтылмай ел алдында сырым қалмас,
Атадан келе жатқан ырым жалғас:
Ұстазым Қалекеңе – Қалымтайға, –
Апардық сол сөмкемен жырымды алғаш.
Дегендей ұлы өмірдің аш парағын,
Тербелді сол сөмкеде жас қаламым.
Баллардың шек-сілесін қатырғалы, –
Кітабын Қожанасыр тастамадым...
Артыңда ол да жаман із қалмаған,
Ұстаздар үлгі шашты ізгі арнадан.
Сақталды сол сөмкеде балдыр-батпақ,
Балдырған өлеңдерім қызға арнаған.
Қателік қылсаң бетке ол да салық,
Жақсы екен жанашырлар қолдаса анық:
Апырай, аға-апалар қандай абзал,
Кешірген қатемізді, жолға салып.
Тозды ғой сөмке, не бар тозбай қалған,
Озды ғой уақыт шіркін, озбай ма арман?
Аттанып кеттім мен де бір қиырға,
Адамға арман қолын созбай ма алдан?
Намыс қой жігер берер жігітке ерен,
Құйғытып қырдан астым күлікпенен.
 Есіркеп қоятұғын елге барсам,
Есімде апаларым Үміт деген.
Бірі – апам, бірі – жеңгем, бірі – аптайым,
Жаныма жылу берген шуақтайын.
Тілектес болып жатса түлектерге,
Мен қалай қуаныштан бүр атпайын?
Бұл күнде мен де сирек елге барам,
Көз жұмған сол ақ сүтін берген анам.
Аналар ақ жаулықты аман болсын,
Әлдилеп ұрпақтарды келген әман.
Ел болдық, енді бекіп жатқан іргем,
Тілейміз ел ертеңін хақ, тәңірден:
Жоқ іздеп жүрмесін деп кейінгі ұрпақ,
Ойлай жүр, азаматтар атқа мінген!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу