Өлеңдер ✍️
АНА ПЕЙІЛІ
Аузына тосып елдің ақ дәміңді,
Пейілің ала бөтен ақтарылды;
Маған да ақ жол тілеп қалып едің,
Медеу ғып өрге қанат қаққанымды.
Жан едің дастарқаның жиылмаған,
Амал не, ұзақ ғұмыр бұйырмаған;
Немерең суретіңе телмірді енді, –
Не дейін, сәби түгіл, қиын маған?!
Ақ сүтті ақтай алмай бір-ақ түнгі,
Ажал сұм алды буып шуақ күнді?
Жас жуып ақ сақалын – «Жақсы ағаң» да, –
Еңкілдеп Ерағаң шал жылап тұрды.
Сұм тағдыр құлақ түрмес, сірә зарға,
Біз ара тұра алмадық сұм ажалға;
Өзіңді мәңгілікке жоғалтып ап,
Құйғытып шыға алмадым құба жонға.
Менің де мінетін бұл кезім атқа,
Жолымды жори көрші өзің аққа;
Маңыңа үйір еді үлкен-кіші, –
Маңырап соңыңа ерген қозы-лақ та!..
Қаншама сен өмірден бата алған іс?
Мейрім мен тұрды ойыңда қатар намыс;
Баладай Бейіс қартты бағып-қақтың,
Жарықтық аттанарда сапарға алыс…
Зіл көрмей әкемнің де зекігенін,
Есігін елдің төрі етіп едің;
Қадірің ағайынға артық еді,
Бақыттан басқа оларға не тіледің?!
Бұл әкем бие сатсын, түйе сатсын,
Мыңқ етпес үйдің құтты киесі-ақсың;
Керауыз кепиетсіз кердең қақса,
Ақ пейіл дәм-тұзыңның киесі атсын!
Ізгінің келем мен де ізін басып,
Жеткізбей жетелейді түзім қашық;
Бұл да, ана, ақ пейілің арқасында, –
Алдында ағайынның жүзім ашық!
Жоқ болса жолдан тайып жасымаған,
Тоқ болса топтан озып тасымаған,
Өтермін ақ сүтіңді ақтай алмай, –
Ардағым, абыройым, асыл анам!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter