Өлеңдер ✍️
ҚҰЛСАРЫ БАТЫР
Құлсары батыр қазақ тарихындағы даңқты тұлғаның бірі. Абылайханның серігі. Ол өзінің бір сөзінде: Ресей иелігіне иек артуда Әбілқайыр ханмен екеуміз алғашқылардың біріміз дейді.
Құлсары – елдің биі жол бастаған,
Құлсары – ердің ері қол бастаған!
Ақтабан-Шұбырынды заманында,
Қазақтың жері бар ма ол баспаған!
Құлсары жау тезіне жан ба көнген,
Құтқарған ел тағдырын жарға төнген:
Төрінен Түркістанның түлеп ұшып,
Би болған Абылайды хан көтерген!
Байжігіт, ер Құлеке, Жәпекпенен,
Тынбастан халқын өрге жетектеген,
Көтеріп абыройын, айып қылмай,
Айтқанын Абылай да екі етпеген!
Қолынан келмеген тек ұрыс қана,
Болған ол елге басшы, ұлысқа аға.
Кезінде Қабанбайға серік болып,
Дұшпанға соққы берген Шығыста да!
Келсе де малға талау, жанға зәбір,
Бұл жолдың терістігі бар ма қазір?
Ресей мен Қазақстан шекарасын, –
Бекітіп берген ердің маңғазы бұл!..
Төнгенде елге – қатер, талайға сын,
Қандай жан алды-артына қарайласын:
Бекітіп шекараны, шегінбеске
Жасапты бар амалын, бар айласын!..
Тынбастан алға сүйреп өмір көшін,
Халқының сезген неден жеңілмесін:
Ресеймен достық желі орнасын деп,
Бекіткен ол бір дана ел іргесін!
Қамы үшін болашақтың бастап қадам,
Күзетіп елдің шебін қас қақпаған:
Көшінен дәуірлердің көрінеді, –
Тұлғасы ер бабаның асқақтаған!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter