Өлеңдер ✍️
«АТАМЕКЕН» – ҚАЗАҚСТАН КАРТАСЫ
Ү. Дәуренбекқызына
«Атамекен» – Қазақстан картасы, –
Бедерленген елдің тауы, жартасы;
Әр өңірдің тұнып тұрған сыры бар, –
Мұның бәрі азаттықтың арқасы!
«Атамекен» – туған елдің бейнесі,
Кең даланың кемел пішкен көрмесі:
Абай, Ақан, Құрманғазы, Сүйінбай, –
Шерткен сырлы домбыраның пернесі.
«Атамекен» – жақсы үйлесім, жарасым,
Сомдап салған елдің әрбір қаласын;
Сергітеді суреттері сезімді,
Серпілтеді жас ұрпақтың санасын!
«Атамекен» – елдің кейпін сомдаған,
Сол арқылы тарих сырын толғаған;
Оны шолып, қанаттанар жас талап,
Қыран сынды көкке қанат қомдаған.
«Атамекен» – бабалардың арманы,
«Атамекен» – балалардың талғамы;
Танытып ол тәуелсіздік тұғырын,
Болшаққа ел мұратын жалғады.
«Атамекен» – адамдардың аңсары,
Өрнегімен ынтықтырған барашаны.
Қазақстан – алып құрылыс алаңы,
Салынады мектеп пен үй қанша әлі!..
«Атамекен» – жасампаз ел тұлғасы,
«Атамекен» – жас ұрпақтың сырласы.
Замананың қолтаңбасы ол бүгін,
Білгірлікпен сомдап берген Елбасы!
«Атамекен» – Астананың ажары,
Жаңа өмірдің шаттық толы базары.
Мақтанышпен масаттана қарайды,
Адамдардың ауғанда оған назары!
«Атамекен» – ажарлы бақ, гүлстан,
Ел жауһары жиналған әр ұлыстан;
Бақ тілеуі, ақ тілегі бұл елдің,
Арман қуған, тілек қосқан, ұғысқан.
«Атамекен» – қасиеті оның көп тегі,
Астананың сырға толы ол бөктері;
Жаңа ғасыр бақшасында жайнаған,
«Атамекен» – Қазақстан көктемі!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter