Өлеңдер ✍️

Барады сұлу....
Барады сұлу сылаңдап, Бұраңдап ойнап бұрымы.
Көзімнің алды тұмандап, Шайқалды көңіл тұнығы.
Сейілге шыққан сыңайлы, Сұлуым жазды қарсы алып:
Сүйгені ерген шырайлы, Сызылта мәз ол ән салып.
Қуланып қыздың жеңгесі, Деді ме, бойың жазып кел;
Құйқылжып көңіл пернесі, Наздана басқан нәзік бел.
Көк орман көздің ұшында, Қос ғашық кезген сайрандап.
Үріккен үміт құсым да, Бағымды кетті ойрандап.
Бір ысып денем, бір суып, Жүгірмек болдым соңынан.
Күйіктен ауыр күрсініп, Өзімнің көрдім сорымнан.
Сыңарын жүрек таңдай ма, Сала ма өмір өрнегін?
Сыймай-ақ кеткен маңдайға, Сүйгенім еді ол менің?!
Қызғаныш буса ішімді, Емес пе бұл бір асылық?
Пердесін тоғай ысырды, Жастарды көзден жасырып...
Үріккен құстың ұясы, – Бола ма құтты сол орман?
Лайланбай мөлдір тұмасы, Самғасын түлеп сан арман!..
Кетті әттең мұңды мол артып, Қапалы болды жүрегім.
Мәңгілік оны жоғалтып, Мен қайтіп өмір сүремін?!
Жолымды кесті-ау жол деген, Жыландай жатқан иреңдеп.
Үрікті құсым ол неден? Кімге айтам оны сүйгем деп.
Болды ғой бәрі бекерге, Күпті боп іңкәр көңілім.
Қор болып текке өтер ме, Қорғаштап келген өмірім?
Ардақтап оны сүйіп ем, Аялап едім қолыммен;
Жолына тіккен дүнием, – Жоғалттым бәрін соның мен?!
Уайымды уақыт тарқатар, Жыртықты жамап-жасқармын.
Тек әттең ғашық жүректі, Қор етіп қайда тастармын?!.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter