Өлеңдер ✍️
ЖЕР ЖАРАСЫ ЖАЗЫЛАР
Әмен Әзиевке
Түспеген ел болсақ та өмірі аттан,
Жез таулар көтерілді Қоңыраттан.
Құрдымға кетіп жатты бірақ әттең,
Арнасы жез дария толып аққан.
Ежелден жер жәннаты Берікқара,
Төскейде еркін өрген елік қана!
Туған жер түрін бүгін келіп қара:
Жатқандай солып арна, семіп дала...
Кім оны айналдырған тұл өмірге,
Тілеуін ұрпақтардың тіле бірге.
Халқының болашағын, бағын ойлап,
Не дана өтпеп пе еді бұл өңірде!
Қазақтың Қаз дауысты Қазыбегі,
Қазы еді, қазық еді, қазына еді.
Қалдырған ұрпағына жері де бай, –
Алтын, жез алып жатыр қазып елі.
Намысты ер Нарманбеттей нар тұлғалы,
Елім деп шартарапқа шарқ ұрғаны.
Азаттық жолын ерлер айтып кеткен,
Ұрпаққа аманат қып артындағы!
Ер қанша алаш жұрты ардақтаған,
Шашасын Шашубайлар шаң қаппаған:
Қаныштар туған елдің ертеңі деп,
Санасын сары алтындай салмақтаған.
Қазақтың қасиеттеп кең даласын,
Аялап жер жарасын, ел наласын;
Ғұмырын ұлылардың жалғап берген, –
Елі де ардақтайды ер данасын!
Жазылар жер жарасы, ол бірақта
Сын болар әр бұтаға, әр бұлаққа;
Білмеймін жан жарасы жазылар ма,
Мерт болса, мінген ерлер арғымаққа?!
Жазылар жер жарасы меңдеп келген,
Өткеріп ерлер жүр ғой елді өткелден:
Жомарт жер жарылқасын туған жұртын,
Қазына қайнап шығып кең бөктерден.
Азаттық алдық, жиды жемісті елім,
Шалынсын құлағына періштенің.
Жасампаз ұрпақ көрсін игілігін, –
Ақтарып туған жердің кеніштерін!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter