Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  385


Автор: Тортай Сәдуақас

АҚСАҚ ТЕМІРДІҢ ҮШ ҚАТЕЛІГІ

Болмаса ұлы мұрат, мақсат небір,
Адамға бере ме оңай жақсатты өмір?!
Әйгілеп Әмір-Темір десе Шығыс, –
Алты алаш деп атапты – Ақсақ Темір!
Хан әділ болса, халық жайланады,
Хан залым болса – бағы байланады:
Ханның бір қателігі бір-ақ күнде, –
Халықтың қасіретіне айналады!
Халықтың құрметі зор мәрт, асылға,
Тарихтың сыры тұнған әр тасында:
Салынған Әзірет Сұлтан сағанасы, –
Дәл осы Ақсақ Темір арқасында!..
Тарихта Ақсақ Темір – алып шынар,
Езгіге бірақ қайтіп халық шыдар?
Үш үлкен қателігі бар еді деп,
Мен емес, айтқан оны тарихшылар?!
Бірінші – тұрса да әлем нарқы қолда,
Ұшпаққа жеткізбепті халқын ол да:
Темірдің тегеуріні тиіп қатты, –
Тоз-тоз боп құлап тынды Алтынорда!..
 Шауып ол, даңқ асырды Тоқтамыстан,
Тоқтамыс ол да жаумен жоқ па алысқан?!.
Батыстан жауға жолды ашып беріп, –
Отанды орады ғой отқа дұшпан?!.
Екінші – озбырлығы тағы мәлім,
Жайратты Баязиттің сан ұланын:
Жол ашып кресшілер жорығына, –
Шайқалтты шығыстың зор шаңырағын!?.
Үшінші – бастай алмай бұл шапқынды,
Зұлымдық ізгілікті құрсап тұрды;
Жеңе алмай жеті басты айдаһарды, –
Бар күшін ағайынға жұмсап тынды!..
Осындай үш қателік даңққұмар,
Қамығып, қапаланып халық тынар;
Қамымен қара бастың қылған тірлік, –
Ұрпақты неше буын зарықтырар!?.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу