Өлеңдер ✍️

  18.03.2022
  369


Автор: Тортай Сәдуақас

ЕЛДІҢ ҚҰТЫ

Ежелден ел ішінде көп данышпан:
Ел құты –
Жылғара мен Тоқтамыс «хан».
Қарадан шыққан аға сұлтан болып, –
Еңіреп ел деп екі өтті арыстан!
Жолымен Абылай, Серкеш, Құлсарының,
Көненің көпке жайған үн-сарынын;
Патшаның боданында бордай тозған, –
Жарыққа тартқан қырдың мың сан ұлын.
Жылғара – жақсылықтың нысаны боп,
Пайдасы тиген елге мысалы көп:
Жұртына шапағатын көп тигізген, –
Ер Шопан, Қосшығұл мен Мұса, Әлібек!
Тоқтамыс өзі қандай, ұлы қандай:
Топ жарған бірі – Жандай, бірі – Маңдай!
Мұстафа, Сухан, Ғафар, Қасен,.. Мұқан...
Халқының қамын жеген ұлылардай.
 Жақсының жарқын ісін мен жыр етем,
Ерді айтып, ел жүрегін елжіретем:
Ақ жолын аталардың жалғастырып,
Еңіреп ел деп өткен ер Жұмекең!..
Халқының талпынысын қолдаған әр,
Бақытсыз болды-ау, әттең сол бабалар.
Қорлығын көрсетіп сан сұм замана,
Қол ұшын бермеді ғой қол балалар?..
Заң қандай болып еді,
заман қандай,
Өткен күн өкініш пен бәрі армандай;
Текті ұрпақ жетсін ұлы мұратына, –
Торына сұм заманның тағы алданбай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу